Тікелей эфир

Жалақы аз, қарыз көп. Қазақстанға кезекті несие рақымшылығы керек пе?

Іnformburo.kz суреті
Іnformburo.kz суреті
Ұлттық банк дерегінше, биыл 1 қыркүйекте несие қарызының төлеу мерзімін өткізіп алу көрсеткіші жалпы нарық бойынша – 1,03 триллион теңгені құрады.

Коронавирус пандемиясы салдарынан туындаған экономикалық дағдарыс пен Қазақстандағы тұтынушылық кредиттеу көлемінің артуы кезекті несиелік рақымшылық жүргізу мәселесін туғызды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биылғы жылғы үшінші тоқсанның соңында нақты жалақы индексі 95,5 пайызды құрады. Бұл 2019 жылғы осы кезең қорытындысымен салыстырғанда 6,3 пайызға төмен. Есесіне, берілген тұтынушылық кредиттердің көлемі 7,8 пайызға, яғни 4,2 трлн теңгеге дейін өсіп, экономикаға берілген барлық кредиттердің 30 пайызын құрады. Осылайша, коронавирустық дағдарыс жағдайында несиелендірудің өсуі мен нақты жалақының төмендеуі қазақстандықтардың несие төлеуді жалғастыру қабілетіне күмән келтіреді.

Дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде биыл маусым, шілде, тамыз айларында жеке тұлғалар үшін несиелердің барлық түрі бойынша төлемдер тоқтатылды. Ұлттық банк дерегіне сәйкес, 2020 жылғы 1 қыркүйектегі несие қарызының төлеу мерзімін өткізіп алу көрсеткіші жалпы нарық бойынша – 1,03 трлн теңгені құрады. Ал былтырғы жылдың дәл осы күнінде бұл сома – 942,7 млрд теңгеге жетті. Осылайша, бір жыл ішінде заңды және жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегі 9,3 пайызға немесе 86 млрд теңгеге өсті.

Тұтынушылық несиелер бойынша төлемдердің өсуі кезекті несиелік рақымшылық жасау мүмкіндігі туралы мәселені күн тәртібіне шығарып отыр. Бұл ретте "Кезекті кредиттік рақымшылық жасалса, ол кімге және қандай көлемде жүргізілуі тиіс? Несиелік рақымшылық бір реттік әрекет пе, әлде әлеуметтік қолдау құралы ма?" деген сұрақтар туындайды. Іnformburo.kz осы сауалдар төңірегінде сарапшылардың пікірін ұсынады.

Оқи отырыңыз: Алматыда несие амнистиясын талап еткен рұқсат етілген митинг өтті. Фоторепортаж

Халықтың несиесін кешіргеннен гөрі олардың қарыздан құтылуына жеткілікті табыс табуына жағдай жасау қажет



Қасымхан Қаппаров, экономист:

– Алғашқы несиелік рақымшылық саяси сәтке байланысты болды және Президент сайлауы қарсаңында жарияланды. Бұл оның дұрыс ойластырылмағандын және ол бойынша еш қоғамдық талқылаудың жоқтығын көрсетеді. Енді Үкімет бұл шараны "шұғыл" қолдану туралы тағы бір шешім қабылдаған жағдайда, несиелік амнистияның параметрлері мен шарттарын алдын-ала талқылау өте маңызды. Бұл тақырып 2021 жылдың қаңтарына белгіленген Мәжіліс сайлауы қарсаңында тіпті өзекті бола түседі.

Бізде 2015 жылдан бері жалақы мөлшері түсіп келеді. Халықтың тапқан табысының жартысы азық-түлікке кетеді. Мұндай жағдай бізде тоқсаныншы жылдары болған еді. 2000 жылдардан бастап халықтың жағдайы түзелген болатын. Қазір сол тоқсаныншы жылдардағы тоқырауға келе жатырмыз десек артық айтпаймыз. Отандастарымыздың тапқан табысының жартысы азық-түлікке кеткендіктен, өзге тауарларды несиеге алуға мәжбүр.

Біздегі банктер көбінесе тұтынушылық кредит беру арқылы күн көріп жатыр. Тұтынушылық несие нарықтық экономиканың бір бөлшегі және ол болуы керек. Бірақ, бір жағынан халықтың ойланбастан, шамасына қарамай қарыз алғаны құптарлық іс емес. Жаңа технологияларға байланысты бізде несие алу жолдары жеңілдей түсті. Алайда, халықтың қаржылық сауатының деңгейі төмен. Сондықтан, ертеңгі күнді ойламай, қатты қажеттелік туғызбаған заттар үшін, бір шаралар үшін несие ала салуға асығады.

Несиесі кешірілген адам жауапкершілікті сезінсе жақсы. Бірақ, қарыздан құтылғасын, қайтадан кредит алып, жауапкершілікті басқа салық төлеушілерге аударғысы келіп тұратындар бар. Бұл ретте несие рақымшылығын мемелекет емес, салық төлеушілер жасап жатқанын ескерген жөн. Жауапкершілігі бар адам өзінің де несиесін төлеп қоймай, басқа адамның да кредитін төлейді. Осы тұрғыда әлеуметтік әділетсіздік бар. Сондықтан, несиелік рақымшылық жасамас бұрын дұрыстап ойланып, қаржыны тиімді тетіктерге жұмсаған жөн. Біздің бюджеттің жалпы қаражатын осындай бір реттік шараға жұмсаған қаншалықты тиімді? Бұл сауал төңірегінде әрқайсымыз ойлануымыз керек. Халықтың осал топтарын мұндай рақымшылыққа үйретіп, әрдайым көмектесе бермей, керісінше олардың өз несиелерін өздері өтеуге шамасы жететіндей етіп, табысын арттыруға күш салу қажетпіз.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 55 млн несие шарты жасалған. Қарыз иелерінің жауапкершілігін арттыру ұсынылды

Жауапкершілігі бар қарыз алушылардың кредитін кешіру қажет



Ерлан Смайлов, "Кипр" сараптамалық тобының жетекшісі:

– Егер рақымшылық жасау туралы айтатын болсақ, онда бұл бір реттік шара. Бұл бұрын банк алдында өз міндеттемелерін сапалы және жауапкершілікпен орындаған қарыз алушылар, үй шаруашылықтары мен кәсіпкерлер үшін жүзеге асырылуы тиіс. Алайда, қазір дағдарыс жағдайына байланысты қарыз алушылар қиын жағдайға тап болды. Сондықтан, халықтың осал топтарына көмектесуді де ұмытпағанымыз жөн. Жалпы рақымшылық несиесін мерзімінен кешіктірмей төлеп келе жатқан жауапты үй шаруашылықтары мен кәсіпкерлерді сауықтыру бойынша жүйелі түрде, кешенді тәсілде жүргізілуі тиіс.

Несие рақымшылығын жасап қана қоймай, мәселеге егжей-тегжейлі қарау үшін әртүрлі қолдау шараларын әзірлеу қажет. Болашақта бізге жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қажет. Өйткені халық, әсіресе тұтынушылар сегментінде, ақшаның жетіспеушілігінен ғана қарыз алады. Негізгі шаралар қызметтердің базалық бөлігінің құнын төмендету үшін халықтың жұмыспен қамтылуын, халықтың табысын арттыруды, әлеуметтік саладағы қызметтердің сапасы мен санын жақсартуды қамтамасыз етуі тиіс.

Оқи отырыңыз: Мүгедектер неге несие ала алмайды? Қазақстанда қаржылық инклюзияның дамуы кенжелеп тұр

Несие амнистиясы бізге керек емес



Айдархан Құсайынов, экономист, аналитик:

– Менің ойымша, несиелік рақымшылық бізге керек емес. 2019 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарының кредитін кешірген кезде, бұл бастаманы қолдадым. Себебі, сол арқылы несие тарихы тазаланып, табысы аз халыққа несие беруге тыйым салынды десек болады. Рақымшылық жасалғаннан кейін, бірден әлеуметтік жәрдемақы, зейнетақы мөлшері көбейтілді. Осылайша, халықтың ең кедей топтарын қарыз қамытынан құтқарып, әрмен қарай қалыпты өмір сүру үшін ақша бердік. Үкімет несиесін кешіріп, қаржыландыру көзін берді. Бұл жүйелі тәсіл болды.

Енді қазір кез-келген рақымшылық түрін жасаудың қажеті жоқ. Бұл шын мәнінде мағынасы жоқ сыйлық болып шығады. Халықтың осал тобы жауапкершілікпен, қиналса да соңғы ақшаларын жиып несиесін өтеуі мүмкін. Ал, есесіне жағдайы жақсы, қолында ақшасы барлар қарызды төлемеуі мүмкін. Бізге қазір кредиттік амнистия керек деген ой билік тарапынан қолдау табатын болса менің көңіліме тиері сөзсіз. Өйткені, мен қазынаның қаржысын оңды-солды шашқанға қарсымын. Бұл инфляция бойынша қандай да бір макроэкономикалық елеулі ықпалға алып келеді деп ойламаймын.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың 48 пайызы банк есігін ашып көрмеген екен. Ел экономикасының дамуы үшін жаппай қаржылық сауат керек

Несие рақымшылығы жасалса, оған қанша қаржы жұмсалатынын алдын ала дұрыстап есептеу қажет



Данияр Молдоқанов, тәуелсіз экономист:

– Қазақстандықтардың нақты табысы төмендеп, экономикалық жағдай нашарлауда. Бірақ сол уақытта несиелер өсуде. Қазақстандықтардың нақты табысы бір жылда 5,5 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, 2019 жылдың екінші тоқсанында рақымшылық жасалғаннан кейін халыққа таратылған несиелер бойынша төлемдер мерзімі келеді. Экономикалық құлдыраудың жалпы фонында несиелердің көбею ықтималдығы жоғары, бұл екінші рақымшылық жасау мәселесін әрине өзекті етеді. Егер кезекті кредиттік амнистия болатын болса, кімдердің берешегі кешіріледі, оған бюджеттен қанша теңге жұмсалады? Осыны айқындап алған жөн.

2015 жылғы жағдайға қарағанда қазір қазақстандықтар өз табыстарына аз азық-түлік немесе тауар сатып ала алады. Сондықтан, халық жетіспеушіліктің орнын несие алу арқылы толтырады. Былтырғы рақымшылықтан кейін таратылған кредиттердің жалпы саны өсті. Екінші жағынан, қазақстандықтардың табысы пандемияға байланысты ғана емес, ел экономикасына тікелей қатысы бар барлық халықаралық тұрақсыз катаклизмдерді ескере отырып құлдырауда. Шынында экономика құлдырап, күнкөріс тіпті төмендеп кететін жағдайға дайын болу үшін, кредиттік амнистияға қанша қаражат дайындау қажеттігін алдын ала есептеуіміз керек.

Айта кетсек, 2019 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел тарихында алғашқы кредиттік рақымшылық жүргізілді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған қарыз алушыларға 300 мың теңгеге дейінгі кепілдендірілмеген тұтынушылық несиелер бойынша қарызды өтеу түрінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Бір реттік акция аясында 578 мың азаматтың жалпы сомасы 120 миллиард теңгені құрайтын несиелері бойынша берешегі есептен шығарылды. Азаматтардың 52 пайызының берешегі толығымен өтелді. Сонымен қатар, 1,2 миллион азаматтың барлық кепілсіз тұтынушылық несиелері бойынша 33,6 миллиард теңгеге айыппұлдары есептен шығарылды. Дегенмен, "бұл кредиттік рақымшылық халықтың әлеуметтік осал топтарына жоғары кредиттік жүктеме мәселесін толық шешкен жоқ" дейді сарапшылар.

Серіктестер жаңалықтары