"Кәріс сериалының қыздарындай". Әжім кетіретін ботокс процедурасы туралы не білеміз?

Ботокс косметологияда әжімдерді тегістеу үшін қолданылады.

Ботокс немесе ботулотоксин – бүгінде косметологияда сұранысқа ие процедуралардың бірі. Ол көбінесе әжімді тегістеу үшін қолданылады. Десе де, ел арасында осы "сұлулық инесі" туралы алып-қашпа әңгіме көп. "Адамның қасы төмен түсіп кетеді", "Бетің тырысып, жансызданып қалады", "Емдік қасиеті жоқ" деген тектес уәждер жиі айтылады.

Осы ретте Информбюро тілшісі елордалық косметолог-дәрігер Жібек Тұңғышбаевамен әңгімелесіп, ботокс процедурасы туралы сұрады. 

– Ботокс деген не? Ол тек маңдай мен көз айналасына ғана жасала ма?

– Ғылыми тілмен айтқанда, А типті ботулотоксин – бұлшықеттің жиырылуына жауапты жүйке-бұлшықет сигналын бұғаттап, бұлшықеттерді босаңсытатын нейропротеин. Оны маңдай, қас пен көз айналасына ғана емес, бетке де қолдануға болады. Сондай-ақ, гипергидрозды, яғни қатты тершеңдікті емдеу кезінде мойын мен денеге де қолданылады.

– "Ботокстан кейін қас төмен түсіп кетеді" деген пікір көп таралған. Бұл қаншалықты рас?

 Иә, кейде мұндай жағдай болады. Оған үш себеп болуы мүмкін:

  • ботокстың дозасын мөлшертен тыс қолдану;
  • инъекцияны өте төменгі нүктелерге енгізу;
  • маңдай бұлшықетінің тым әлсіз және созылмалы болуы.

– Кімдерге ботокс жасатуға болмайды? Аллергия болуы мүмкін бе? Қандай қарсы көрсеткіштері бар?

– Антибиотикалық терапиядан өтіп жүрген, өте көп мөлшерде В тобы дәрумендерін, кураре тәрізді дәрілерді қабылдайтын адамдарға ботокс процедурасын жасауға болмайды. Ал аллергияға келсек, сүзгіден өткен судан басқасының бәрінен аллергия болуы мүмкін. Оның ішінде ботокс та бар. Дегенмен, ботокстың аллергия беруі өте аз кездеседі.


Оқи отырыңыз: Төрегелді Шарманов: Ең сұлу адам – денсаулығы жақсы адам


– Ботокстың әсері кейде жарнамада жазылғандай 6 ай емес, біршама аз уақытта тарап кететініне де шағым көп. Бұл рас па?

– Иә, рас. Барлық өндіруші ботулотоксин әсері 6 ай емес, 100 күнге дейін жететініне кепілдік береді. Осы уақыт ішінде бұлшықеттер қайтадан қалпына келеді. Сонымен қатар, қазір адамдардың көбі түрлі биологиялық белсенді қоспа қабылдайды. Бұл да ағзаның қалпына келу қабілетін жеделдетеді. 

– Кей адамдарға ол мүлде әсер етпейді екен. Оның себебі неде?

– Жалпы, ботокс әсер етпейтін пациенттердің үлесі өте аз. Шамамен 1-2 пайызды ғана құрайды. Бұл сіреспеге қарсы сарысу қолданған жағдайда немесе ағзаның табиғи төзімділігіне де байланысты болуы мүмкін.


Оқи отырыңыз: Үшкір кроссовка, биялай және жүн етік. 2022 жылы қандай киімдер сәнде болады?


– Ботокс жасатқан соң нәтижесі ұнамай қалса, әсерін жойып, қалпына келтіруге бола ма?

– Иә, әрине. Прозерин, В дәрумендері, лимфомиозит инъекциялары, сондай-ақ, миостимуляторлық құрылғыларды қолдану арқылы мүмкіндігінше қысқа мерзімде ботокс әсерін әлсіретуге болады.

– Бұл процедураны қай жастан бастап жасатуға рұқсат етіледі? Ал қай жаста тым кеш?

– Жас шектеулері жоқ. Жүйке жүйесі аурулары кезінде оны 2 жастан бастап, косметологияда – алғашқы әжімдер пайда бола бастаған жағдайда 18 жастан бастап қолдануға болады. Ал жасы үлкен адамдар үшін бұлшықет жағдайына қарау керек. Егер бұлшықет тым созылмалы, бос болса, ботокстан басқа әдістерді таңдаған дұрыс.


Оқи отырыңыз: Сәнге айналған садху терапиясы. Шеге йогасы депрессиядан құтқара ма?


– Адам ағзасы ботоксқа бейімделе ала ма? Себебі, "ботоксқа үйренген адам оны әр жасатқан сайын көбірек дозасын алғысы келіп тұрады" деген сөз бар.

– Егер бетке, мойынға, денеге ай сайын ботокс жасатып отырса, адам соған әдбен үйреніп кетуі мүмкін. Яғни, қайта-қайта жасата берсе, ботокстың әсерін сезбей қалу ықтималы өседі. Сондықтан, мысалы, маңдайға және көз айналасына ботокс жасатқыңыз келсе, бәріне бір уақытта жасатқан дұрыс. Ал екінші рет бұл жерлерге ботокс жасату үшін алдыңғы процедураның әсері кеткенін күту керек. 

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары