Тікелей эфир

Омбы форумы: Ресей кәсіпкерлері Қазақстаннан көмек сұрады

Сурет akorda.kz сайтынан алынды
Сурет akorda.kz сайтынан алынды
Омбы форумында Қазақстан мен Ресейдің сауда саласындағы мәселелері сөз болды. Қос елдің басшылары әріптестік тетіктерін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге сапары барысында Омбы қаласында "Шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелері" тақырыбындағы Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты.

Ресейлік бизнес өкілдері: "Мәскеуден жауап жоқ"

Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің хабарламасында: "Қазақстан мен Ресейдің шекараға жақын облыстарында өзара сауда жасанды шектеулердің әсерінен төмендеген. Ресейлік бизнес өкілі Мәскеуден жауап жоқ екендігін айтты және Қазақстаннан мемлекет басшыларының назарына біздің кедергілерді жоюға деген ниетімізді жеткізу үшін көмек сұрады, – деп жазылған.

Форум аясында ұйымдастырылған "Экономикалық шоғырландырудың заманауи аспектілері" іскерлік кеңесінің отырысында сауда саласындағы кедергілер тақырып өзегіне айналды.

"Кедергілердің болу себебі – жекелеген мемлекеттердің интеграциялық процестерден өз пайдасын көру мен өз нарығын ашуға ниет білдірмеуі болып отыр.

Бұл жағдай өңірлік деңгейде сауда айналымын дамытуды қиындатты" – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Экономикалық интеграция департаменті басшысы Темірлан Жантасов.

Жантасов ЕАЭО ішкі нарығында кедергілердің болуы – экономикалық белсенділіктің төмендеу факторларының бірі екенін атап өтті.

Оқи отырыңыз: "Шетелдің сапасыз тауарын кіргізбейміз". Еуразиялық экономика одағындағы 27 кедергі

Ресейдің түрлі шектеулері түсініксіздік тудырып отыр

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сыртқы сауда қызметі департаментінің директоры Уасиля Байқадамованың айтуынша, Ресей өндірушілерінің тамақ өнімдері қазақстандық дүкендердің сөрелерінде өз орнын тапқанына көп болған.

Ал қазақстандық сүт, ет өнімдері, өсімдік майлары, сондай-ақ, қазақстандық көлік өнеркәсібі де Ресей нарығына шықты. Десе де, біздің өндірушілеріміз ресейлік тұтынушыларға қолжетімділікті шектейтін бірқатар бөгеттерге жиі тап болады.

Еуразия экономикалық одағында протекционистік көңіл-күйдің әлі де күшті екенін мәлімдеген Уасилия ханым:

"Одаққа мүше елдер бір-бірінен оқшауланып, өз өндірушілері үшін барынша қолайлы жағдай жасағысы келеді. Бірақ қазақстандық, ресейлік өндірушілер мен тұтынушылар бәсекелес емес, әріптес екенін естерінде сақтауы тиіс.

Өндірушілерді қорғауға жұмсайтын қуатымыз үшінші елдердің импорттаушыларына қарсы бағытталауы тиіс. Ішкі нарықты қорғау тетіктерін тиімді және бірлесіп қолдану өте маңызды" – деп атап өтті.

Екі ел арасындағы сауда айналымы неге төмендеді?

Мәселен, Қазақстан мен Ресейдің шекара жанындағы өңірлерінің тауар айналымы соңғы жылы төмендеп кетті.

Егер 2018 жылғы қаңтар-тамыз айларында екі елдің шекаралас өңірлерінің өзара сауда айналымы 1,3 млрд доллар болса, биыл алғашқы 8 айда бар болғаны 1,2 млрд долларды құраған.

"Сауда айналымы көлемінің төмендеуі Ресейдің шекара маңындағы облыстарында қазақстандық өнімдерге қатысты қолданылатын сауда кеңістіктерін шектеу түріндегі жасырын шараларға да байланысты" – дейді Темірлан Жантасов.

Ресей Сауда палатасы "заңсыз тексерулер" жүргізілетінін айтты

Қазақстан тарапынан да, Ресей тарапынан да сөз сөйлеген өкілдер екі ел арасындағы мемлекеттік шекараның бойында орналасқан, қазақстандық өнімге қатысты ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау жүзеге асыратын алдын ала хабарлау пункттерінің қызмет етуі заңсыз екенін жеткізді.

Трансшекаралық саудадағы мәселелерді айта келіп, Ресей Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Владимир Падалко: "Біз өзгеден бұрын өзіміз зардап шегетін осы шараларды неге жасаймыз?" – деп Ресей билігінің өкілдеріне сұрақ қойды. Сондай-ақ, ол қазақстандық Сауда және интеграция министрлігінің өкілдеріне де өтініш жасады:

"Ресей мен Қазақстан президенттеріне ресейлік бизнестің өтінішін, яғни кедергілерді жою ниетімізді жеткізуді сұраймыз."

"Тауарлар ортақ нарыққа тосқауылсыз шығуы керек"

Бұл мәлімдемені ҚР Сауда және интеграция министрлігінің өкілі Темірлан Жантасов жасады.

"Ресейлік бизнес тарапынан кедергілерді жою туралы өтініш ортақ нарық мәселесіндегі біздің ұстанымымызға қолдау көрсету бойынша маңызды фактор" – деп түйіндеді Темірлан Жантасов.

Министрлік өкілдері мен ресейлік әріптестер бұл мәселені екі ел басшыларына жеткізбек ниетті. Осы арқылы олар барлық кедергілерді жоюды көздеп отыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Ресеймен қарым-қатынасы үзе ала ма?

Тоқаев пен Путин жиырмаға жуық келісімшартқа қол қойды

Форум аясында 8 екіжақты құжатқа, сондай-ақ, 12 коммерциялық келісімге қол қойылды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: "Нарықты зерттеу мен өзара зат жеткізу мәселесін шешу үшін бірлескен бағдарлама жасау керек," – деп ұсыныс жасады.

Сонымен бірге, ол шекаралық өңірлердің инфрақұрылымын дамыту мен ауыл шаруашылығы саласындағы сауда айналымын бірлесе отырып шешудің маңызын атап өтті.


Екі ел Президенттері өңір басшылармен бірге әріптестікті дамыту мәселесін талқылып, жоспарларымен бөлісті

Екі ел президенттері өңір басшыларымен бірге әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады / Сурет regnum.ru сайтынан алынды


Ресей президенті болса, дәстүрлі форумның жемісті нәтижелерін сөз етті. Ол, сондай-ақ, өңір басшыларынан туризм мен білім салаларын бірлесе отырып дамыту қажеттігін ескертті.

"Кәсіпкерлер Ресей мен Қазақстанның мемлекеттік органдарының тұрақты көмегіне ие болады", – деді Владимир Путин.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары