Тікелей эфир

Қоғалы ауылын халық топан судан қалай құтқарды? Ауызы берік еріктілер 100 мың қап тасып, бөгет тұрғызған

Фото ашық дереккөзден
Фото ашық дереккөзден
"Халық өз бетінше әрекеттенбегенде Қоғалыдан бөлек көрші ауылдарды да су алушы еді" дейді ауыл тұрғыны.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай хроникасын төмендегі сілтеме арқылы өтіп оқуға болады.

Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай: су астындағы ақ алтын алқабы. Оқиғаның толық хроникасыТопан су құтын қашырған ауыл тұрғындары жаңалықтар ағыны үш сағат сайын жаңаратын жұмыс штабының БАҚ арқылы "жалған ақпарат таратқанына" және ТЖК басшылығының ұлттық арнада "шындыққа жанаспайтын мәлімдеме" жасағанына шағымданды.

Түркістан облысында су басқан және басуға шақ қалған ауылдардың тұрғындары БАҚ беттерінде жарияланған жаңсақ ақпаратқа қатысты билікке екі бірдей мін тағып отыр.

Бірінші мін – Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан "Жетісай ауданының Қоғалы ауылы тұрғындары төтенше жағдай қызметкерлеріне көмектесуде" (3 мамыр, 21:00-де жарияланған – ред.) деген хабар. Мұнымен келіспейтін халық тақырыптың керісінше қойған дұрыс деп санайды. Елдің сөзінше, бірнеше сағат қана жүрген 20 шақты ТЖК қызметкеріне қарағанда ауыл-аймақтан келген ерікті жүздеген азаматтың еңбегі көбірек сіңген.

Түркістан облысы әкімдігінің сайтында жарияланған материал


Аталған әкімдіктің 4 мамыр түсте жарияланған "Мақтаарал ауданында су басу қаупі бар елді мекендер айналасына бөгеттер тұрғызылуда" тақырыбындағы мақаласына қатысты сыни пікірлер көптеп айтылды. Ашынған жұрт материалдағы "жергілікті әкімдіктен 13 техника, 15 адам, ТЖД 30 адам, полиция департаментінен 4 адам, 2 техника жұмылдырылды" дегенмен келіспейді.


Тұрғындар өңір әкімдігінің ресурсында жарияланған мәліметпен келіспейді


Екінші мін – 4 мамыр кешкісін Qazaqstan телеарнасындағы "Ашық алаң" ток-шоуының "Мақтаарал: төтенше жағдай" арнайы шығарылымында тікелей эфирде айтылған деректер.

ІІМ ТЖК төрағасының орынбасары Барат Дұзақбаев ведомство Сардоба су қоймасында болған апаттан кейін 12 сағаттан соң ғана хабардар болғанын айтады. Бағдарламадағы (14:20 мин – ред.) спикер-шенеуніктің сөзі – "Қазіргі таңда облыстың ТЖД мен жергілікті әкімшіліктен нақты 185 техника, мыңға жуық күштік құрылымдардың қызметкерлері жұмылдырылып, жұмыс істеп жатыр".

Бізге байланысқан Мақтаарал және Жетісай ауданының тұрғындары мұнымен келіспейді. 4 мамыр күні су астында қалған ауылдарда билік өкілі айтқандай "185 техника болмағанын" жеткізді.


Елді мекендегі ахуал


Төтенше жағдай бола қалған кезде ақпараттық саясатқа жауапты ведомстволардың бүркеп-жамау әрекеті көбіне орны толмас шығынға алып келетінін сарапшылар жиі айтып келеді. Алғашында "облыс деңгейіндегі ТЖ, оны қалпына келтіруге өңірдің әлеуеті жеткілікті" деген штаб әрі аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев шамасы келмесіне көзі жеткен соң, үкіметтен көмек сұрағаны белгілі. Дәл осылайша ат шаптырым жердегі іргелес Өзбекстанның Сардоба су қоймасы жарылып, он мыңдаған адам эвакуацияланып жатқан тұста облыс әкімдігі аудан әкімдерінің (Түлкібас, Ордабасы) лауазымына кадрлық тағайындау жүргізген.


4 мамыр күнгі түкпірдегі Қоғалы ауылының жағдайы көрсетілген карта

4 мамыр күнгі түкпірдегі Қоғалы ауылының жағдайы көрсетілген карта / Фото ашық дереккөзден алынды


Тұрғындар мен еріктілердің күшімен жалпы ұзындығы 1,5 шақырым болатын бөгет тұрғызылған Қоғалы ауылының азаматымен тілдесіп көрдік. Дегенмен кейіпкеріміздің өзінің аты-жөнін атамау өтініші бойынша "ауыл тұрғыны" ретінде баяндаймыз.

"Ел іші болған соң көрші ауылда жақын-жуық бар дегендей. Фердоуси ауылындағы құдаларымыз хабарласып, су алып жатқанын айтқан соң ел боп ұйымдастық. Халық күдерін үзіп, таңға дейін ауылдан көшіп кетті. Қолы қарулы, іске ынталы деген он шақты жігіт осында қалдық. Көрші ауылдардан жігіттер келіп болысты. 1 мамыр түнгі сағат 23:00-ден бастап 6-сы кешкі сағат 16:00-дерге дейін жігіттер жұмыла жүріп, күні-түні белі бүгілгенше қап тасып, бөгет тұрғызды.

Шымкенттен, Арыстан, Сарыағаштан қара халық келіп, жәрдем берді. Құр қол келген жоқ. Қолында қап-күрегін ала келді, көп көмек берді. Облыс тұрғындары әлеуметтік желіден естіп-біліп келген екен", – дейді ауыл тұрғыны.

Қоғалы ауылы – Өзбекстанның Жиззах облысына шекаралас орналасқан Жетісай ауданының Атамекен ауылдық оуругіне қарайды. Аумағы 2,4 мың гектар ауылда 200-ге тарта үйде 1 400-дей адам өмір сүреді.

Топан судан ең көп залал көрген Мақтаарал ауданына көрші жатқан Жетісай ауданының құрамына 111 ауыл және бір кент, орталық бір қала кіреді. Онда 173 мың тұрғын бар.


Қоғалы ауылына апарар негізгі күре жолдың су жақ бетіне ел бөгет салып жатқан сәті

Қоғалы ауылына апарар негізгі күре жолдың су жақ бетіне ел бөгет салып жатқан сәті / Сурет жергілікті Айғақ телеарнасынан алынды


Тұрғынның айтуынша, Қоғалы азаматтары мен облыс еріктілері бірігіп, өз бетінше қамданбағанда елді мекен әлдеқашан су түбіне кеткен болар еді.

Сондай-ақ ол: "МЧС-тің (ТЖК – ред.) жігіттері келді. Шыны керек, олардың жұмысқа жарайтыны көп дегенде шамамен үш-ақ пайыз. Жобамен 20 шақты маман келді. Көбі үлкен кісі. Мұнда халықтың күші көп болды.

Ауылдың сыртындағы алты жерді қаппен көтеріп, бөгет тұрғыздық. Халық бөгет көтеріп, арық арнасын жауып болғаннан кейін "биліктен техника келді деді". Сөйтсек олар еріктілер екен. КамАЗ, тракторымен келгендер көлігіне отын керек емес деп 5-6 сағат көмектесіп кетті. Басқа да облыстың әр жерінен келген ерікті жігіттер ораза ұстап жүріп атсалысқанына алғыстан басқа айтарымыз жоқ", – дейді.


Ауыл тұрғындары «ТЖК қызметкерлері біраз уақыттан соң кетіп қалды» дейді

Ауыл тұрғындары "ТЖК қызметкерлері біраз уақыттан соң кетіп қалды" дейді


Халық бөгеттерді 100 мыңнан артық құм толы қаптан қалап тұрғызған. Қол күшімен салынған биіктігі 1,5-2 м болатын бес тоғанның ұзындығы әртүрлі:

  • Бірінші бөгет – 700 м;
  • Екінші бөгет – 200 м;
  • Үшінші бөгет – 400-500 м;
  • Төртінші бөгет – 100 м;
  • Бесінші бөгет – 100 м.

5 мамыр күнгі көрніс. Қоғалы ауылына өз техникасымен келген еріктілер жер тартып, топырақ сүруге көмектескен


Көп жұмыс күшін қажет ететін 1,5 шақырымдық бөгет тұрғызуда атқарушы билік тарапынан көзге көрінетін көмек болмағанын айтады.

"Мемлекет тарапынан ешқандай көмек болған жоқ. Бірінші түні жауынның құйып тұрғанына қарамастан, ауыл тұрғындары түні бойы мүшекке топырақ толтырып, таңға дейін тасыды. Екінші күні 3-4 техника келгенімен, көп ұзамай қайтып кетті. МЧС-тің балалары да кетіп қалды.

...Қайсыбір күні Түркістан облысы әкімінің орынбасары келіп-кетті. Бірақ ел күткендей техника, арнайы күш жұмылдырылмады. Мұны ауыл халқы біледі. Әкімдіктен келді деген техникасын көрген жоқпын. Мұндай ауқымды апатта қолы қысқа ауыл әкімінен басқа күні бүгінге дейін үкіметтен "халқым" депкелген комиссия не шенеунікті көрген жоқпыз. Төпелеген нөсердің астында киімшең үздіксіз жұмыс істеді. Малмандай су болған киімін үйге от жағып, кептіріп киді", – дейді кейіпкеріміз.


Автожол бойындағы бөгет тоғандардың ең үлкені. Ұзындығы – 700 м

Автожол бойындағы бөгет тоғандардың ең үлкені. Ұзындығы – 700 м / Сурет ауыл тұрғынынан


Ауыл тұрғынының сөзіне қарағанда, қауіп әлі сейілмеген. Осы уақытқа дейін ауыл маңындағы топан судың беті қайтпаған, бар-жоғы 8 сантиметрге ғана төмендеген. "Бөгеттерде жігіттер үнемі суды өлшеп отыр".


Ауыл тұрғындары кезектесіп су деңгейін бақылап отырады. Қоғалы маңындағы су

Ауыл тұрғындары кезектесіп су деңгейін бақылап отырады. Қоғалы маңындағы су / Куәгер картинасы. 4 мамыр


Сондай-ақ індетпен қатар келген су тасқынының салдарынан үсті-үстіне ТЖ режимін енгізуге тура келді. Ауызы берік боп жүріп бөгет көтеруге тырысқан еріктілердің ешбірінде карантиндік қорғаныс құралдары болмаған. Ауыл тұрғыны медициналық бетперде тағу туралы "ойлау түгілі қиялымызға кіріп-шықпады да" дейді.

"Халық өз бетінше әрекеттенбегенде Қоғалыдан бөлек көрші ауылдарды да су алушы еді" дейді ол.

Реплика: Мамыр айының алғашқы күні Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, салдарынан көрші орналасқан Қазақстанның Мақтаарал ауданындағы (Түркістан облысы) бірнеше ауылды су алды. Су астында қалған ақалтын алқабы мен онда мекендейтін 31 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланған.

Су түбінде қалған Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердоуси, Өргебас және Достық ауылдарында мыңнан астам тұрғын үй, 3 мектеп, 5 балабақша, медицина және мәдениет нысандары және 10 дүкен әбден бүлінген. 8 мыңға тарта гектар егіндік аумағын, 55 шақырым автожолды топан су шайып кеткен еді. Өлексе-қоқысқа айналған мал-мүлік көп. Бағалау жұмысы аяқталмағанын ескерсек, бұл есеп алдағы уақытта әлі өсуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары