Тікелей эфир

Нумизматтар тиынның қандай түрін жинайды және оны қалай сатады?

Фото автордікі
Фото автордікі
Елімізде осы күнге дейін никельден жасалған 138 коллекциялық теңге шықты. Оның ішінде қайсысы бағалы? Жалпы осындай коллекциялық тиындарды жинап баюға бола ма?

– Үйде КСРО кезіндегі тиындардың бір дорбасы бар. Соны сатуға болады дейді ғой.

– Соны мен де естідім. Бірақ, ондай тиындарды қабылдайтындар барлығын бірдей ала бермейді. Оларға бағалысы керек. Оны біз қайдан білеміз?

Сіз де осы тектес әңгімені естіген шығарсыз. Бәлкім, сізді де осындай сауалдар мазалаған болар. Informburo.kz тілшісі арнайы зерттеу жүргізіп, коллекциялық тиындардың сырын ашуға тырысты. Сонымен қатар нумизмат Арыстанбек Аяғановпен тілдесіп қайтты.

Сөйтсек, таралымы аз тиындарға сұраныс артқан кезде нумизматтар дереу бағаны көтеріп жібереді екен. Шекті бағасы нарықта белгіленеді. Оның бәрін жіліктеп түсіндіріп беретін боламыз. Бастысы тиын туралы анық-қанығын білмей, сатып пайда табамын деу – барып тұрған ақымақтық екенін түсіну керек.

Топтама жинауды енді бастағандардың жіберетін қателігі – асығу

Көпшілігі топтаманы бірден жинап алуға талпынып, тиынның арзанын сатып алуға тырысады. Кейде нарықтағы бағадан арзан сататындар да кездеседі. Бірақ, сіздің нумизматикамен айналысып жатқаныңызға небәрі бірер-ақ ай болса, алыпсатарлар сан соқтырып кетуі мүмкін. Қалай дейсіз бе?

Таралымы аз, сирек кездесетін тиынды жеңілдікпен беретінін, тіпті жарты бағасына бере алатынын айтып сеніміңізге кіруі ықтимал. Ойланып қараңызшы! Нарықтағы бағадан екі есе төмендетіп кім сізге тиынын сатады? Сонда өзі пайда таппай ма? "Атамнан қалған көз еді. Қайдан алғанын білмеймін. Түпнұсқа екеніне толық көзім жетеді" деп жаттап алған сөзін айтатыны анық. Шын мәнінде қолындағы тиын сирек кездесетін болса, оны аукционда сатуына болатын еді ғой. Сондықтан, ісіне адал, білікті нумизматты таппайынша, білек сыбана кіріспеген дұрыс. Кеңестік коллекционер Давид Мошнягин былай деп еді: "Тиындарды кездейсоқ адамнан сатып алатындай, олардың қыр-сырын толыққанды меңгермегенмін".


Осы тектес алаяқтарға алданып қалмаңыз!

Осы тектес алаяқтарға алданып қалмаңыз! / Proof.kz сайтынан алынды


Тиындарды бөлім бойынша жинаңыз

Іске кіріссеңіз, Қазақстанның тиындарын оп-оңай жинап алуға болады. Әуелі бірінші бөлімді, одан кейін екіншісін, сосын үшіншісін жинасаңыз, тиындардың қалай басы құралып қалғанын өзіңіз де білмей қаласыз. 138 коллекциялық тиынның бәрін сатып алғыңыз келсе, 195-200 мың теңгенің аралығында ақшаңызды сайлаңыз. Әрбір данасын асықпай, байыппен жинасаңыз, әр тиынның топтамаңызға келу тарихы болады. Дегенмен, қымбатқа түсесіз.


Арыстанбек Аяғновтың топтамасындағы салт-дәстүрлерге арналған тиындар

Арыстанбек Аяғановтың топтамасындағы Қазақстанның әдет-ғұрыптары мен ұлттық ойындарына арналған тиындар / Фото автордікі


  1. Қазақстанның қалалары бойынша 16 тиынның барлығын 6 мың мен 10 мың теңгенің аралығында қолға түсіре аласыз. Әрбір данасын 500-1000 теңге аралығында сатып алуыңызға болады.
  2. Қазақстанның Мемлекеттік Наградаларына 8 тиын жатады. Олардың бағасы – 1000 теңгеден басталып, 3000 теңгеге дейін.
  3. Ғарыш бөліміндегі 10 тиынның әрқайсысы 600 теңгеден 5500 теңгенің аралығында. Ең қымбаты – 2006 жылы шыққан нейзильбер металымен жасалған"Ғарыш" тиыны 5500 теңге тұрады.
  4. Қазақстанның қызыл кітабы бойынша 10 тиын бар. Алтай ұлары мен Тянь-шань қоңыр аюы 5000 теңге тұрады.
  5. Тұлғалар бойынша 23 тиын шыққан. "Сәбит Мұқанов 100 жыл"– 6500 теңге тұрады. "Әбілхан Қастеев 100 жыл", "М.Әуезов 100 жыл" –3500 теңгеден.
  6. Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындарына 13 тиын кіреді. Ең қымбаты – бесікке салу тиыны. Бағасы – 12 000 теңге. Одан кейінгі орында 10 мың теңгеге тұсау кесу тұр.
  7. Банкноттардағы портреттер төртеу ғана – "Абылай хан", "Әбілқайыр хан", "Абай" мен "Шоқан". Соның ішінде "Абылай хан" тиынын 5500-9500 теңгеге сатып аласыз.
  8. Қазақстан халқы ертегілеріне арналған жеті тиын шыққан. Ең бағалысы – "Бремен музыканттары". Бағасы – 5500-6500 теңге.
  9. Оқиғалар бойынша 23 тиын шығарылған. Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған тиын – 5 мың теңге.
  10. Дала қазынасы бөліміне әзірге "Тайқазан" тиыны ғана шығарылған.
  11. Қазақстанның флора мен фаунасына бұлғынның екі түрі еніп тұр. Бірі proof-like сапасында болса, енді бірі – мельхиор.
  12. Көшпенділердің ғибадат жануарлары-тотемдеріне "Көк бөрі" тиынының 200 теңгесі мен 100 теңгесі жатады.
  13. Теңгенің 25 жылдығына арналған тиын сериясыз шығарылған.
  14. 100 теңге бөліміне "Ұлттық валютаның 10 жылдығына" байланысты 5 дана 100 теңге, "БҰҰ 60 жылдығына" 100 теңге жарыққа шыққан.

Қазір бұл тиындардың қайсысы сатылып жатқанын мақала соңында жариялаймыз.

Оқи отырыңыз: Қазақ коллекционерлері не жинайды? Нумизмат болғыңыз келсе...

Арыстанбек Аяғановтың топтамасында 205 мемлекеттің тиындары бар

– Тиындарды жинап жүргеніме бақандай 40 жыл болды. 1977 жылы туристік жолдамамен Венгрияға барған едім. Сол кезде 4-5 тиын алып келгенім бар. Моңғолиядан келген студенттерден біршама тиын алғанмын. Осылайша тиындардың басы құрала бастады.

Жасым – жетпіс екіде. Зейнетке шыққаныма он жыл. Содан бері топтама жинап келемін. Алтын мен күмістен жасалған тиындарды жинамаймын. Қолыңда қомақты қаражатың болмаса, онымен айналысудың қажеті жоқ деп санаймын. Өйткені, құны қымбат, біршама инвестиция құю керек. Көбінесе аукционға қатысатындар алып жатады. Одан да 205 мемлекеттің күмістен жасалған тиынын жинадым.


Арыстанбек аға

Арыстанбек аға өзінің жинаған топтамасын көп деп санамайды / Фото автордікі


100-ден аса нумизматтар аптасына бір рет жиналамыз. Сонымен қатар, ұялы телефонда ақылдасатын арнайы топтар бар. Сол жерде өзіне керек емес тиындарды сататындардан бағасына келісеміз. Арнайы сайттарды бақылап отырамыз. Арзан бағаға ұсынып қалған адамды байқап қалсақ, дереу хабарласамыз, – дейді Арыстанбек Аяғанов.

"Шыңғысхан дәуірінен сыр шертетін тиынды сақтап жүрмін"

– Менің құдам – геолог. Сарайшық қалашығын археологтар зерттеу барысында осы тиынды тапқан. Мұны олар құдама сыйлаған. Ал, құдам маған.

Тарихшылар Сарайшық қалашығын XIII ғасырда Шыңғыс хан мен Батудың шапқыншылығынан кейін пайда болғанын айтады. Кезінде Әлкей Марғұлан да Сарайшық қаласының ХІІ ғасырда өмірге келгендігін нақтылап тұрып айтып кеткен. Жазба мәліметтер XIV ғасырдың алғашқы жартысынан басталады. Демек, осы кезеңнен сыр шертетін тиынның менің қолымда болғанын мақтанышпен айта аламын. Ұрпағыма аманат ретінде сыйлайтын ең құнды сыйым – осы тиын, – дейді нумизмат.


алл

Сарайшықта / Фото автордікі


Ары қарай тарихты ақтарар болсақ, Сарайшықты XIV ғасырдың соңында Ақсақ Темір қиратты. Кейін қайта түлеп, XV ғасырдың ортасынан бастап Ноғай ордасының, кейіннен Қазақ хандығының астанасы болды. XVІ ғасырдың соңында қаланы орыстар жермен-жексен етті. Қазіргі орны Атыраудан солтүстікке қарай 50 шақырымдай жерде. Бүгінде Атырау облысының Махамбет ауданына қарайды.

Айта кетейік, Арыстанбек Аяғановтың топтамасында патшалық Ресейдің 1758 жылы Елизавета Петрқызы, 1780 жылы Екатерина II, 1834 жылдардағы Николай I кезіндегі үш тиын бар.

"Немерелеріме алты топтамамды сыйға тарттым"

– Олар: Ресейдің көне қалалары, облыстары, аудандары (120 тиын), Сочи Олимпиадасы (80 тиын), Ресейдің әскери атағы бар қалалары (57 тиын), Ресейдің "1812 жылы Бородино шайқасындағы жеңісіне 200 жыл" (28 тиын), 14 мемлекеттің астанасын Кеңес үкіметі босатқандарға арналған тиын топтамасы.

Жаңа жыл қарсаңында 12 зодиак белгісі бейнеленген күміс тиынды 11 мың теңгеден, 132 мың теңгеге сатып алдым. Енді соларды немерелеріме таратып беріп жатырмын. Енді немерелерімнің нумизматикаға деген құлшынысы артып келеді. Олар мектеп қабырғасында оқып жүрсе де, коллекциялық тиындардың қыр-сырын үйретіп жүрмін. Жиған-тергенімнің барлығын өзіммен арқалап кетпеймін ғой, – дейді ол.


Арыстанбек Аяғановтың Кеңес одағы кезіндегі мерейтойлық тиындардан басқа топтамасы

Бұл – Арыстанбек Аяғановтың Кеңес одағы кезіндегі мерейтойлық тиындардан басқа топтамалары / Фото автордікі


2019 жылы мельхиор қоспасынан қандай монеталар шығады?

"Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар" бөлімінде төрт тиын шыққалы тұр. Олар: "Ілияс Жансүгіров 125 жыл", "Сәкен Сейфуллин 125 жыл", "Бейімбет Майлин 125 жыл", "Тұрар Рысқұлов 125 жыл". Әрқайсысының таралымы – 5 000 дана.

"Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары" бөлімінде "Қыз ұзату" тиыны шығады. Таралымы – 10 мың.

"Қазақстанның флорасы мен фаунасы" бөлімінде "Қарамойнақ шағаланың" "рrооf-like" сапасында 2000, мельхиор сапасымен 10 000 таралыммен нумизматтарды қуантқалы тұр.

Бұл тұстағы "рrооf-like" мельхиормен салыстырғанда жоғары сапада жасалған дегенді білдіреді. Ұлттық банктегі бағасы – 3500-4000 теңге. Дәл осылай "көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері" бөлімінде "Үкі" тиыны екі сапамен шығады.

Нумизматтар сапалы тиындарды Ұлттық банктен үш күн ішінде сатып алып қояды

Ұлттық банкте "Көк бөрі" тиыны сатылғанда нумизматтардың таласын informburo.kz тілшісі көріп қайтқан еді. Үш күн бойы банкті торуылдап, ала алмай қалғандарының күйзелісін көрдік. Осындай айғай-шудан кейін Ұлттық банк терминалдан талон алу арқылы тиынның сатылатынын мәлімдеді. Бірақ, коллекционерлердің көңілі күпті.


Қазір "көк бөрінің" "proof-like" сапасындағы тиын - 10-12 мың теңгеден

Қазір "Көк бөрінің" "proof-like" сапасындағы тиын – 10-12 мың теңгеден / Фото саясаттанушы Айдос Сарымның парақшасынан алынды


Бұрын бір күнде Ұлттық банк 60-70 адамды қабылдайтын. Жаңа жүйе енгелі бері адам саны екі есеге азайды. Есесіне алыпсатарлардың қитұрқы әрекеттеріне тосқауыл болды. Олар тиын сатылымға шығатын күннің алдында тізім жасап алатын. Өзге адамдар тиын сатылып жатқан күні таңертең келгенде, екінші күннің тізіміне әрең ілігетін еді. Кезегің өтіп кетсе, тиынды ала алмайсың. Сонда екі күн қатарынан жұмысты жиыстырып қойып, кезекті торуылдап отыру керек. Бір-бірімен байланысы барлар қандай кезектің өтіп жатқанын, қоңырау шалу арқылы біліп отырады. Бір күнде бір адамға бір рет қана тиын беріледі. Сондықтан, көбісі туған-туысын, танысын шақырып, тиынды алып отырады.

Мельхиор сапасындағы тиындарды қаншасын алсаңыз да өз еркіңіз. Ал, proof-like сапасындағы тиындар бір адамға бір-екі данадан беріледі. Содан кейін сатылып жатқан уақытта алып үлгермегендерге алыпсатарлар екі-үш есе бағамен ұсынады. Коллекционерлер тиын сатылымға шыққан кезде онлайн тапсырыс берейін десе, сайт үш-төрт минут қана жұмыс істейді екен. Яғни, сайт арқылы сатылатын тиынның мөлшері тез арада таусылып кетеді. Сол себепті оларға банкке барып алу тиімді.

Сонымен тиындардың бағалы болуы неге байланысты?

  • Таралымы;
  • Жылы;
  • Металы;
  • Дизайны;
  • Сапасы;
  • Шыққан елі;
  • Шығарылған монета сарайы;
  • Тиынның тарихы ескеріліп, нарықта бағасы қалыптасады.

Тиынға қолдың ізі түспеу үшін арнайы қолғапты пайдаланады

Коллекциялық тиынның жағдайына бей-жай қарап, кез келген жерге тастай салуға болмайды. Блистер деп аталатын тиынның айналасындағы қағаздың бір шеті мыжылмау керек. Ет жегеннен кейін қолды жумай, май күйінде тиынды ұстасаңыз, ізі қалады. Одан кейін оны кетіріп көр. Күтілмеген тиындарды көрсе, нумизматтардың жүрегі ауырады. Қолыңызға қолғап киіп, арнайы альбом, құтыларға тиындарды сақтауға кеңес береміз. Оларды арнайы антиквариант дүкендерінен табуға болады. Ондай Астана қаласында екі дүкен бар. Мекен-жайы: Ілияс Есенберлин көшесі, 21 үй мен Сәкен Сейфуллин көшесі, 33 үй.


Мұқият болмаса, уақыт өте келе тиындар тотығып, қарайып кетуі мүмкін. / Proof.kz сайтынан алынды


Әрбір жексенбі күні "Астана" концерт залының алдында нумизматтар, алыпсатарлар жиналып, бір-бірімен тиындармен алмасады, сатады. Сағат 11:00-12:00 арасында барсаңыз, өзге ортаға тап болғандай сезімге бөленесіз. Тиындардың нақты бағасын agora.kz немесе olx.kz сайтынан салыстыру арқылы біле аласыз.

Қазір Ұлттық банкте қандай тиындар сатылып жатыр?

Ұлттық банкте 9:00-13:00 аралығында коллекциялық тиындар сатылады. Түскі астан кейін 14:30-15:00 аралығында, яғни жарты сағат жұмыс істейді.

Қазір Астана қаласында 2018 жылдың 12 қарашада, 30 мың таралыммен шыққан 100 теңге номиналындағы "бұлғын" ғана сатылымда бар. Біз мельхиор сапасындағы тиындар туралы айтып жатырмыз. Nationalbank.kz-ке кіріп, қылқан жапырақты ағаштың бұтағында отырған бұлғынға онлайн тапсырыс беруіңізге болады.

"Астанаға 20 жыл" тиыны Көкшетау, Атырау, Қызылорда қаласында сатылып жатыр. 100 теңгелік "Көкбөрі" тек Алматы мен Өскемен қаласында ғана бар.

Осы сайт арқылы бағалы, бағалы емес металдардан жасалған тиындардың қашан шыққаны, қандай екені жөнінде білуіңізге болады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары