Тікелей эфир

"Нұрлы жермен" үй алудың шарттары жеңілдеді. Жаңалықтарға шолу

"ҚМГ өнімдері" бұрынғы басшысына 129 млн теңге айыппұл салынды. Елімізде жоғары білімді азаматтар саны екі есеге артты.

"Болашақ" бағдарламасына құжат қабылдау 25 ақпанда басталады

Стипендия магистратура, докторантура, резидентура және тағылымдама бағдарламалары бойынша тағайындалады. Құжаттарды еліміздің кез-келген аймағындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары және egov.kz сайты арқылы онлайн тапсыруға болады. Байқау 6 наурыздан 29 қарашаға дейін өткізіледі. Биыл стипендия 69 мамандық бойынша беріледі.

"Нұрлы жермен" үй алудың шарттары жеңілдеді

"7-20-25" бағдарламасына қатысушыларға биылдан бастап "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған үйлерді сатып алуға мүмкіндік бар. Бұрынғыдай әкімдікке тұрғын үй кезегіне тұрып, ай сайын "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің" депозитіне ақша салудың қажеті жоқ. Бұдан былай баспананы таңдап, 20% көлемінде бастапқы жарнаны төлеу жеткілікті.

"ҚазМұнайГаз Өнімдері" бұрынғы басшысына 129 млн теңге айыппұл салынды

Астананың Есіл аудандық №2 cоты Қуандық Құлмырзинді ҚР ҚК 366 бабының 2 бөлімі бойынша қомақты көлемде пара алғаны үшін кінәлі деп таныды. Оған сондай-ақ мемлекеттік қызметтерде басшылық лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы кесілді. Сотталушы айыппұлды үкім заңды күшіне енген уақыттан бастап бір ай ішінде төлеуге міндетті.

Астық өндірушілер одағы мемлекеттен сауда саясатын күшейтуді сұрады

Одақ басшысы Евгений Ган елде нақты сыртқы сауда саясаты жоқ екенін айтып дабыл қақты. Осының кесірінен біздегі өндірушілер дайын өнімдерін сыртқа шығара алмай, шығынға белшесінен батып отыр дейді ол. Бұл ретте Одақ басшысы бірыңғай сыртқы сауда саясатын жасақтаудың маңыздылығын алға тартып отыр. Диқандар мемлекет бұл мәселеге тиісті шара қолданбаса өндіріс орындары тоқырап қалады деп ескертеді.

Алматыда адвокат 315 мың доллар парамен ұсталды

16 ақпанда 315 мың АҚШ долларын алып жатқан жерінен Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Әлімбетов пен азамат Аманғалиева ұсталды. ҚР Бас прокуратурасы таратқан мәліметке сәйкес, олар қаңтарда ұсталған Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері Ысқақовпен бірге "Bank RBK" АҚ мен "Қазкоммерцбанк" АҚ қаражатын ұрлауға қатысты қылмыстық іс бойынша Бас прокуратураның арнаулы прокурорлар қызметі жауапқа тартқан куәгерлер мен күдіктілерден қылмыстық жауапкершіліктен босатамыз деген желеумен ақша бопсалаған. Ұсталғандардың бәрі де кінәсін мойындап, мұндай әрекетке тез баю үшін барғандықтарын жайып салған.

Министр Қазақстаннан кетіп жатқандардың 70%-ы өзге ұлт өкілдері деп мәлімдеді

ҚР Қоғамдық даму министрі Д.Қалетаев: "Мұны қайғылы жағдай деп қабылдаудың қажеті жоқ. Олар өзінің ортасын, түп-тамырын іздеп кетіп жатыр. Бұл табиғи құбылыс", – деді.

Депутаттар Д.Қалетаевтың сөзіне қарсы пікір білдірді. Мәжілістің вице-спикері Г.Исимбаева: "Қандай ұлт өкілі болмасын біз халықтың бәріне бірдей жағдай жасаймыз. Сондықтан азаматтар шетелде оқыса да, елге қайтып оралуына мүдделі болуымыз керек", – дейді.

Онкологтар: қант қатерлі ісікпен ауыру қаупін күшейтеді

Америкалық онкологиялық орталықтың ғалымдары осылай мәлімдеді. Құрамында қанты көп өнімдерді шектен тыс қолданудың қатеріне тышқандарға жүргізілген зерттеу нәтижесінде көз жеткізді.

Базада нөлдік IMEI-коды бар 5 мың құрылғы анықталды

Елімізде тіркелмеген байланыс құрылғылары, телефондары автоматты түрде тіркеуден өткен. Алайда, олардың 20%-на қатысты деректер нақты еместігін көрсеткен. Яғни 5 мыңға жуық құрылғының IMEI-коды бірдей боп шыққан.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мұндай құрылғылардың абонеттеріне болашақта проблема туындауы мүмкіндігін ескертеді. Өйткені құрылғы иесі телефонын жоғалтып, оны бұғаттауды өтінсе, IMEI-коды сәйкес басқа біреудің құрылғысы бұғатталып қалады.

Энергетика министрлігі ескі көліктерді қабылдауға арналған квотаны бекітті

20 ақпаннан бастап пайдаланудан шыққан көлік құралдарын тапсыру кезінде көлік иесі 550 мың және 750 мың теңге көлемінде сертификат алады. Бұған дейін мұндай сертификаттар көлемі 450 мың және 650 мың теңгені құраған болатын. Ескі жеңіл көлікті утилизацияға тапсырғаны үшін жеңілдік сертификатының көлемі бұрынғысынша 315 мың теңге көлемінде қалады.

Биыл 25 мың жеңіл және коммерциялық көлік, сондай-ақ ескі автокөліктерді сатып алу бағдарламасы аясында тағы 25 мың жеңіл автокөлік жеңілдік сертификаттарымен қабылданады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда жоғары білімді адамдар саны 2 есеге артты. Қоғамдық даму министрі Д.Қалетаевтың айтуынша, елімізде 15 жылда жоғары білімді 2 миллионнан астам кадр дайындалды. Жоғары білімді мамандарды шығару 2,2 есеге артып, техникалық және кәсіптік білім ұйымдары 18 пайызға өсті.

Baq.kz: Коммуналдық төлемдер автоматтандырылып жатыр. Алматы су мекемесі тұтынушыларға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында есептеуіш құралдарының көрсеткіштерін қабылдауды автоматты жүйеге ауыстырды. Сапарда жүретін, уақытын үнемдегісі келетін тұрғындар үшін кәсіпорын ұялы телефон арқылы төлем жасайтын жүйені де енгізіпті.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары