Тікелей эфир

Зорлық-зомбылық жасағандар енді Қылмыстық кодекс аясында жазаланады

Адамға жұдырық жұмсап, ұрып-соққан адам қылмыстық жауапқа тартылады.

Енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру дерегі әкімшілік кодекске емес, қылмыстық жауапкершілікке жатқызылады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жаза туыстық қатынастағы не отбасы мүшелері арасында болса, тіпті қатаңдай түспек. Бұдан былай зорлық-зомбылық жасаған адам айыппұл төлеп, құтылып кете алмайды. Қазір депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы Мәжілістің қарауына ұсынылды.

Мәжіліс депутаттары бастама көтеріп, отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған заң әзірледі. Соған сәйкес, енді ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактілері әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық кодекске ауыстырылмақ. Бұл тек отбасылық жанжалдарға қатысты емес.


Оқи отырыңыз: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түбінде қандай мәселелер жатыр? Сарапшылар пікірі


Мәселен, көшеде бір адам екінші адамды ұруы мүмкін немесе балаға көрсетілген әлімжеттік болуы ықтимал. Туыстарын таяқ астына алғандар үшін жаза әлдеқайда қатаң болмақ.

"Егер сіз отбасылық қарым-қатынаста болсаңыз – ескеру жасап жібере беру масқара ғой! Біреудің жағын сындырып қойса – оған қалай айыппұл салып, жәй ғана ескертпе жасап, қоя беруге болады? Бұған мемлекет мүлдем төзбеушілік көрсетуі керек. Бұл санкция өте қатал болуы керек", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, жоба аясында жәбірленушінің өтінішін күтпей-ақ, зорлық-зомбылық туралы ақпараттар негізінде қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік берілгелі отыр. Сот агресорды психологиялық көмек алуға міндеттеуге құқылы болмақ.

Серіктестер жаңалықтары