Тікелей эфир

"Жобамды әкімдік қабылдамады". Атырауда грант алмағандар шу шығарды

Атырау облысы әкімдігінің мәліметінше, биыл жобаға өтінім жібергендер саны 2 есе көп.

Атырау облысында мемлекеттен қайтарымсыз грант ала алмаған кәсіпкерлер шу шығарды. Айтуларынша, конкурс ашық өткізілмеген және порталда шикілік көп. Наразы топ биліктен мәселені шешіп беруді сұрап отыр. Ал әкімдіктегілер грант алғысы келген кәсіпкерлердің "талапқа сай" жоба ұсынбағанын айтады, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

"Біздің бизнес жобамыз әкімдіктің барлық талабына сай келеді. Өзім екінші топтағы мүгедекпін. Әлеуметтік жоба ұсынып отырмын, тәжірибем бар. Еш себепсіз бас тартып отыр. Мемлекеттен келген ақша бізге жетпейді. Ешқандай ашықтық жоқ", – деді кәсіпкер Мейрамбек Бауыржанұлы. 

Тағы бір кәсіпкер ақпараттың дұрыс түсіндірілмегеніне шағымданды. 


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты ауыл балаларына мемлекеттік грант санын арттыруды ұсынды


"Жыл бойы қатысып жатырмын. Жобамды не үшін қабылдамай отырғанын білмеймін. Біріншіден, ақпарат сайтта орысша жазылған, екіншіден, ешкім ешнәрсе түсіндірмеді. Үшіншіден, бізге жоба бойынша сайтқа тіркелгенсіңдер деп айтты", – деді кәсіпкер Ернар Ғалымжанов. 

Арнайы комиссия мүшелері өткен жылмен салыстырғанда өтінім білдіргендердің саны екі есе көп екенін айтады. Сондай-ақ, жоба қатысушылары порталда көрсетілген талаптарды орындамаған. 

"Бірінші талап жоба инновациялық болуы тиіс. Кәсіпкерлердің жобасы неге өткені немесе өтпегені өздеріне түсіндіріледі. Осы жылы бюджеттен 106 млн теңге қаражат бөлінген. Қазақстан бойынша Атырау облысында өтінім бергендер көп", – деді Атырау облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жанабеков. 


Оқи отырыңыз: Әлихан Смайылов: Жас кәсіпкерлерге әрқайсысы 1,2 млн теңге болатын 10 мың грант бөлінеді


Десе де, грант алып, кәсіппен айналысқысы келгендер биліктен мәселені шешіп беруді сұрап отыр. 

Серіктестер жаңалықтары