Тікелей эфир

Жазушы балалар әдебиетін дамыту туралы: Жас қаламгерлерге ізденіс жетпейді

Жаңа шығармаларда уақыт тынысын сездіре алатын бейнелі сөздер мен сөз тіркестерінің тапшылығы байқалады.

Қазақстан Жазушылар одағы балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы Нұрдәулет Ақыш "Жас Қазақ" басылымына берген сұхбатында балалар поэзиясына тән негізгі кемшіліктерді атады. Оның айтуынша, жас қаламгерлер жекелеген өлеңдердің асфальт төселмеген жолдай кедір-бұдыр болып келуі, ұйқас қуалаймын деп жүйесіз инверсияға бару немесе қисынсыз сөздерді тықпалау, бір-бірімен байланыспайтын тіркестерді "байлап-матап" орынсыз қиюластыру, қазақ лингвистикасының заңдылығын бұзу, уақыт тынысын сездіре алатын бейнелі сөздер мен сөз тіркестерінің тапшылығы белең алып келеді. 

"Осы соңғы жылдары әлі әңгіме деңгейіне көтерілмеген, эпизодтық, тіпті шығарма ішіндегі штрих, деталь деңгейінде қалып қойған жазбаларды да әңгіме деп ұсына салатын бір тенденция пайда болды. Тек балалар әдебиетінде ғана емес, салиқалы прозаға араласып жүрген авторларда да бұл "кеселдің ошағы" бел алып келеді. Бәлкім, эксперимент сипатындағы бұл құбылыс уақыт талабына орай жаңаша ізденістің нышандары болар дейміз. Жас буынның жазғандарының бәрі маңдайлары жарқыраған талантты туындылар десек, артық айтқандық болар еді", – деді қаламгер. 


Оқи отырыңыз: "Біртуар" мен "Құлыншақ". Қазақ балалар не оқып жүр?


Жазушы жастардың бұл жауапты салаға көптеп қалам тартқандарын құптайтынын, бірақ әдебиетке қойылатын бәріне ортақ зор талаптарды, сөз өнерінің заңдылықтарын үнемі қаперде ұстап жүрмесе, биік деңгейлі шығарма туғызу, өмірге кесек туынды әкелу өте қиын еске салды.

"Олардың қай-қайсысына да қуанатынымыз – жас буынның дұрыс тәрбиесіне сөз өнері арқылы тамшыдай болса да азды-көпті үлес қоса отырып, қазақ халқының ұлт ретіндегі игі қасиеттерін ұлықтап көрсетуге күш салып жүр. Мұның өзі қаламгердің жүрек түпкірінен табиғи шығып жатқан ізгі идея екендігі сөзсіз. Десе де, сөз басында айтқанымыздай, жас жазушылардың тіл байлығын еселеп, сөздік қорын молайту үшін ізденген үстіне іздене түскені абзал дер едім", – деді Нұрдәулет Ақыш.

 

Серіктестер жаңалықтары