Тікелей эфир

Жетісуда 2 мың тонна жүгері шіріп кетуі мүмкін. Шаруалар өнімін неге сата алмай отыр?

Жергілікті билік кәсіпорындарды жүгеріні сатып алуға мәжбүрлей алмайтынын айтады.

Жетісу облысындағы шаруалар былтыр еккен екі мың тоннадан астам жүгеріні сата алмай жүр. Себебі, нарықта бұл өнім екі есе арзандап кеткен, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Шығынға баттық деген шаруалар қамбадағы екі мың тоннадан аса өнім бұзылып, шіріп кете ме деп қорқады. Ал Жетісу облысы әкімдігінің мамандары фермерлер мәселесін шешудің орнына, керісінше өзімізді кінәлайды деп отыр.

Арна тілшісі Самал Қабышеваның айтуынша, Алмалы ауылындағы шаруалардың былтыр жинаған жүгерісі қоймаға сыймай, далада шашылып жатыр. Өнімді сатайын десе, жүгері қабылдайтын орынның ұсынған бағасы шығынымызды ақтамайды дейді.

"Былтырғы өнімімізді әлі өткізе алмай қан қақсап отырмыз. Еш жер алмайды. Бағаның барлығын төмен түсіріп тастаған. Әрқайсымызда 4-5 гектар жеріміз бар. Басқа жүздеген гектар жеріміз жоқ", – дейді шаруа Қали Райымбеков.

Шаруалардың бірі Ерлік Мұзбаев жүгерінің келісін 80 теңгеден сатсақ шығынымызды ақтамайды дейді.


Оқи отырыңыз: Шымкентте субсидия алмаған шаруалар көкөніс бағасын 30% көтеруге мәжбүр


Ал Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы дер кезінде өнімдерін өткізбеген шаруалардың өзін кінәлап отыр. Себебі, күз науқанында жүгерінің келісі 120 теңгеден, одан бөлек тағы 6 теңге мемлекеттен субсидия беріліп қабылданғанын айтады. Яғни, шаруалар бір тонна жүгеріні 126 мың теңгеге сатқан. Бағаның түсіп кеткеніне біз кінәлі емеспіз дейді.

"Нарық заманы деп отырмай дер кезінде өткізуі керек еді. Жүгері қымбаттайды деген сондай бір ойменен қамбаларында осы күнге дейін ұстап отырған. Біз, әрине, бұл мәселені қарастырмыз. Бірақ бір де бір кәсіпорынға мына жүгеріні ал деп мәжбүрлей алмаймыз", – деді Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Ал шаруалар Алмалы ауылы таулы аймақта орналасқандықтан жүгері өзге ауылдарға қарағанда жай пісетінін, сол себепті дер кезінде өткізе алмадық дейді. Диқаншылар былтырғы өнімдерін өткізбесе, биылғы егінін себе алмайды. Көктем мен жаз бойы жинаған жүгеріні сата алмай, ақыры табысқа емес шығынға батуымыз мүмкін дейді. Сондықтан бұл іске ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері араласып, шешіп беруін сұрап отыр.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары