Жетісу облысындағы Тасқұдық ауылының оқушылары едені шіріп, қабырғалары сөгіліп, әбден тозығы жеткен, сыз тартқан ескі мектепте білім алып жатыр. Баласының денсаулығына алаңдаған халық өз күшімен жаңа мектеп салуға кіріскен. Бірақ, қаражаты таусылып, ғимарат жұмыстары аяқсыз қалғандықтан, ауыл тұрғындары биліктен құрылысты аяқтап беруді сұрап отыр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Тасқұдық ауылындағы мектеп 100 шаршы метрлік қарапайым үй ғимаратында орналасқан. 24 оқушы үш сынып кабинетінде екі ауысыммен оқиды. Оларға 7 мұғалім сабақ береді. 6 қызметкер бар. 6 бейнебақылау камерасы орнатылған. Дегенмен, ғимараттың әбден тозығы жеткен, қабырғасы сыз тартып тұр. Кәріз жүйесі де дұрыс жұмыс істемейді.
Оқи отырыңыз: 650 мың жалақы төлеп, балаларды шетелде тегін оқытады. Бірнеше ауылдың өмірін жақсартқан кәсіпкер кім?
Машақаты көп мектептен шаршаған ауыл халқы екі жыл бұрын өз күшімен білім ордасын салуға кіріскен. Бұл игі бастаманы сол кездегі Сарқан ауданының әкімі болған Талғат Қайнарбеков те қолдаған. Қыркүйек айында әкім көз жұмып, содан бері білім ошағының құрылысы да тоқтап қалған. Десе де, іргесі толықтай қаланып, шатыры жабылып, жұмыстың басым бөлігі аяқталып үлгеріпті.
"1972 жылы каркастан салынған мектеп. Асты шіріп жатыр. "Ескіні жамасаң, есің кетеді" дейді, қашанғы жамаймыз? Мына бастаған мектепті аудан немесе облыс бюджетінен аяқтап беруін сұраймыз", – деді Тасқұдық ауылының тұрғыны Қуатбек Елубаев.
Бірақ, аудан әкімдігі тұрғындар тұрғызған ғимаратта бала оқыту мүмкін емес екенін айтып отыр.
"2020 жылдың 1 шілдесінде жалпы ауданы 10 сотық жер телімі Ұлан Ерланұлы деген азаматқа тұрғын үй құрылысын салуға берілген болатын. Қазіргі таңда ол тұрғын үй құрылысы ретінде жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамасыз балалар отыратын мектеп салуға қатаң тыйым салынған", – деді Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Жомарт Мыңбаев.
Оқи отырыңыз: Биыл жемқорлардан жиналған қаражатқа 70-тен астам мектеп салынады
Жетісу облыстық білім басқармасы балалардың ескі мектепте білім алып жатқанынан хабардар екенін жеткізді. Олардың жоспары бойынша, 204 жылы жаңа оқу жылынан бастап оқушыларды көрші ауылдың мектебіне тасымалдап оқытпақ. Дегенмен, ауыл халқы күнде шығын шығарып балаларды тасымалдамай-ақ, жаңа ғимараттың құжатын реттеп, оқушыларды сол жерге ауыстыруды сұрап отыр. Себебі, жаңа мектепті балалардың игілігі үшін салып бастағанын айтады.