Қазақстандықтар реконструктивті және қалпына келтіру мақсатындағы пластикалық оталарға БЖЗҚ қаражатын пайдалану үшін жаппай өтінім бере бастаған. Соның салдарынан enpf-otbasy.kz платформасында бұл бағыт бойынша өтінім қабылдау 2025 жылдың 12 желтоқсанынан бастап тоқтатылады. Бұл туралы "Отбасы банк" баспасөз қызметі хабарлады.
Стоматология мен офтальмологияға БЖЗҚ қаражатын пайдалану мүмкіндігі шектелгеннен кейін, азаматтар жаңа мақсат ретінде пластикалық операцияларды таңдай бастаған. Әсіресе операциядан кейінгі тыртықтарды түзету және туа біткен ақауларды коррекциялау бойынша сұраныс күрт көбейген.
Банк дерегінше, бұрын пластикалық операцияларға айына орта есеппен 16 өтінім түссе, қыркүйекте олардың саны 123-ке жеткен. Қазанда бұл көрсеткіш 1844 өтінімге дейін көбейсе, қарашада 3878 өтінімге дейін өскен. Ал офтальмологияға өтінім қабылдау тоқтаған желтоқсанның алғашқы сегіз күнінде пластикалық операцияға арналған 2093 өтінім тіркелген. Бұл – бұрынғы айлық орташа көрсеткіштен 130 есе көп.
Желтоқсан айындағы өтінімдердің жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрады.
"Азаматтардың зейнетақы қаражатының мақсатты әрі заңды пайдаланылуы – Отбасы банкінің негізгі міндеті. Пластикалық оталарға қызығушылықтың күрт өсуінен кейін, БЖЗҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану қаупін байқадық. Сондықтан өтінім қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық. Бұл – біздің ашықтыққа, клиенттердің мүддесін қорғауға негізделген қағидамыз. БЖЗҚ қаржысы – азаматтардың болашақ зейнетақысы. Өкінішке қарай, қазір кейбір азаматтар осы мүмкіндікті делдалдар арқылы заңсыз ақша шешуге пайдаланып отыр. Шын пайда көріп отырған – делдалдар. Біздің міндет – қаражаттың нақты мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз ету", – деді Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Пластикалық операцияларға арналған барлық мақұлданбаған өтінім қабылдау 2025 жылдың 12 желтоқсанынан бастап толық тоқтайды. Қазіргі таңда 6294 өтінім қаралу үстінде. Банк олардың барлығын қолданыстағы тәртіпке сай өңдейді.
Оқи отырыңыз: Өздігінен жүре алмайтын 95 жастағы тыл ардагері мүгедектік рәсімдей алмай жүр
Сонымен қатар азаматтарда БЖЗҚ қаражатының бір бөлігін өмірлік маңызы жоғары әрі қымбат медициналық қызметтерге пайдалану мүмкіндігі сақталады. Бұл қызметтерге мыналар кіреді:
• сирек (орфандық) ауруларды емдеу;
• радионуклидтік және радиойод терапиясы;
• радиохирургиялық емдеу;
• протондық терапия.
Бұдан бөлек, азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға да бағыттай алады: баспана сатып алу, ипотеканы өтеу немесе Отбасы банктегі депозитті толықтыру мүмкіндігі бар.
USD:
523.1 / 525.7
EUR:
613.0 / 618.0
RUB:
6.51 / 6.63