USD: 471.9 / 474.7
  • EUR: 552.0 / 557.0
  • RUB: 6.21 / 6.33
Тікелей эфир
Алматы +13C
Все города

Жасанды интеллект және цифрлық даму: 15 мамырда Түркістанда Түркі әлемінің бейресми саммиті өтеді

ТМҰ ұйымына мүше елдердің тулары. Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
ТМҰ ұйымына мүше елдердің тулары. Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Бейресми саммит өткізу форматы Әзербайжанның бастамасымен енгізілген болатын.

15 мамырда Қазақстанның Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін өткізуге жан-жақты дайындық жүріп жатыр. Саммит "Жасанды интеллект және цифрлық даму" тақырыбының аясында өтеді. 

Түркі мемлекеттері ұйымының баспасөз қызметінің мәліметінше, жиынға ұйымға мүше және бақылаушы елдердің мемлекет және үкімет басшылары, оның ішінде Венгрия мен Түрікменстанның ресми өкілдері де қатысады. Мемлекет басшылары кеңесі отырысының алдында сыртқы істер министрлерінің басқосуы да жоспарланған.

Тарихқа шегініс жасасақ, 2024 жылғы бейресми саммит 6 шілдеде Әзербайжанның Шуша қаласында өткен болатын. Дәл осы Әзербайжан елі Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін өткізу форматын ұсынған болатын және Шуша қаласындағы бейресми саммит өте табысты өтті. Бұл жиында Қарабақ декларациясы қабылданып, Оңтүстік Кавказдағы қақтығыстардан кейінгі кезеңге қатысты ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің ортақ ұстанымы бекітілді. Сондай-ақ, Шуша саммиті бейресми саммитті тұрақты өткізуге негіз қалап, оны ресми хаттамадан тыс, жоғары деңгейдегі жедел үйлестіру құралына айналдырды. Сәйкесінше, 2025 жылғы бейресми саммит Венгрия астанасы – Будапешт қаласында өтсе, биылғы саммит қонақтарын қазақстандық киелі Түркістан қаласы қабылдайды.

 

Цифрлық дәуірдегі түркі әлемі

Түркі мемлекеттері ұйымының сарапшылары бұл таңдау кездейсоқ жасалмағанын алға тартып отыр. Түркістан – XII ғасырда өмір сүрген философ Қожа Ахмет Ясауимен тығыз байланысты қала. Оның кесенесі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Түркі әлемі үшін бұл – тарихи орынның ғана емес, ортақ өркениеттік бірегейліктің символы. 

Сондай-ақ, биылғы бейресми саммитке "Жасанды интеллект және цифрлық даму" тақырыбының таңдалуында да өзіндік мән жатыр. Бұл ТМҰ елдерінің стратегиялық басымдықтарындағы нақты өзгерістерден хабар береді. Ұйымға мүше елдер ұлттық цифрлық бағдарламаларын дамытып, оларды ТМҰ аясында бірлесіп үйлестіруге ұмтылып отыр.

ТМҰ сарапшыларының айтуынша, жасанды интеллектіні дамыту саласында ұйымға мүше елдердің бәрінің де өзіндік тәжірибесі бар және олар өте жоғары деңгейде. Мәселен, Әзербайжанда 2025-2028 жылдарға арналған жасанды интеллект стратегиясы жүзеге асырылып жатыр. Ол бес бағытты қамтиды: реттеуші орта, кадр даярлау, деректер инфрақұрылымы, ғылыми зерттеулер және халықаралық ынтымақтастық. 2025 жылғы қыркүйекте Бакуде Жасанды интеллект академиясы ашылып, мемлекеттік және жеке сектордағы цифрлық трансформацияны жеделдетуге бағытталды. 

Қазақстанда биылдан бастап жаңадан қабылданған "Жасанды интеллект туралы заң" күшіне енді. Елде Жасанды интеллект министрлігі құрылып, цифрлық технологиялар экономиканың мен қоғам өмірінің бүкіл салаларына дендеп енгізіліп жатыр. Ал күні кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы" жарлыққа қол қойды. Astana Hub технопаркі аймақтық стартаптар мен инновациялар орталығы ретінде дамуда. 

Өзбекстан мен Қырғызстан да цифрлық экономика саласындағы заңнамаларын жетілдіруде. Бұл бағыттағы келісімдер ТМҰ аясында қолдауға ие.

15 мамырда өтетін Түркістан саммитінің негізгі тақырыптарының бірі – ортақ түркілік жасанды интеллект институтын құру. Ол білім беру бағдарламаларын, технологиялық әзірлемелерді және цифрлық трансформацияны біріктіретін платформа болмақ. Яғни, түркі интеграциясын саяси деңгейден технологиялық деңгейге көтеру көзделіп отыр.

Орта дәліз: логистика – саясаттың құралы

Цифрлық бағытпен қатар, Түркі әлемінің кеңістігі логистика арқылы да қалыптасып жатыр. Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз – ред.) соңғы жылдары нақты жұмыс істейтін жүйеге айналды. Бұл жүйеде Әзербайжан орталық буын ретінде ерекше рөл атқарады.

2024 жылы бұл бағыттағы жүк тасымалы 62%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. 2025 жылы 5,2 млн тоннаға дейін өседі деген болжам жасалды. Контейнерлік тасымал 19%-ға артып, 135 мың TEU-ге жетті. Қытай – Еуропа бағыты бойынша 390-нан астам контейнерлік пойыз өтті. 2022-2025 жылдары тасымал көлемі бес еседен астам өсті.

Boston Consulting Group болжамынша, алдағы жылдары Орта дәліз арқылы транзит көлемі 3-4 есе артады. 2027 жылға қарай өткізу қабілеті жылына 10 млн тоннаға жетуі мүмкін. Ресей арқылы өтетін бағыттарға байланысты тәуекелдер мен Суэц каналындағы тұрақсыздық жағдайында бұл бағыт Қытай мен Еуропа арасындағы негізгі балама логистика жолына айналып отыр.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев 2026 жылғы наурызда өткен XIII Баку жаһандық форумында: "Әзербайжан арқылы тасымалданатын жүктерге сұраныс артып келеді, біз Батыс пен Шығыс елдері үшін маңызды транзиттік рөл атқарып отырмыз", – деп атап өткен болатын. 

Алят порты, еркін экономикалық аймақ, Баку – Тбилиси – Карс теміржолы және Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры Әзербайжанды Еуразияның басты логистикалық хабтарының біріне айналдырды. 2025 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузия теміржолдары жүк тасымалын цифрландыру туралы келісімге келіп, құжат рәсімдеу уақытын 8-9 сағаттан 40 минутқа дейін қысқартты.

Орта дәліз тек экономикалық емес, саяси жобаға да айналып отыр. 2025 жылы Әзербайжанның армян жүктеріне транзит ашуы және Ресейден отын мен тыңайтқыш жеткізілімдері логистиканың постқақтығыстық тұрақтандыру құралына айналғанын көрсетеді.

Түркі әлеміне ортақ әліпби

2026 жыл ТМҰ үшін символдық мәнге ие. Түркістандағы саммитпен қатар, ұйым 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші түркітану конгресінің 100 жылдығын атап өтеді. Бұл оқиға түркі әлемінің интеллектуалдық бірігуіндегі маңызды кезеңдердің бірі саналады.

Әзербайжанның бұл үдерістегі рөлі ерекше. Баку – түркі халықтарының ортақ тілдік және мәдени бірегейлігін алғаш рет жүйелі түрде талқылаған алаң. Сонымен қатар, Әзербайжан латын әліпбиін толық енгізген алғашқы посткеңестік түркі мемлекеті ретінде үлгі болып отыр.

2024 жылы Бакуде өткен Түркі әліпбиі жөніндегі комиссия отырысында 34 әріптен тұратын ортақ әліпби жобасы келісілді. Бұл ұзақ әрі күрделі процесс болғанымен, оның өзі ТМҰ аясындағы интеграцияның жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Түркістанда өтетін бейресми саммит ТМҰ – тек саяси одақ емес, ортақ болашақтың кеңістігіне айналғанын айқындайды. Өйткені, Әзербайжан бастамашы болған бұл формат бүгінде түркі интеграциясының маңызды элементіне айналды. ТМҰ-ның бейресми кездесулері сенім кеңістігін қалыптастырды. 


Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз