Бақилық болған туысын несие алып жерлейтіндер көбейген. Жаназасына тойдыкіндей дастархан жаймаса, "ел күліп кетеді" деген жұрттың әңгімесінен қашады. AstanaTV арнасы мұның қаншалықты дұрыс екенін сараптады.
Арнаның хабарлауынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құран бағыштау дастарханына қойылатын тағам түрлерін бекіткен. Олар:
- бауырсақ;
- шелпек нан;
- сары май;
- шекер;
- құрт;
- қоспа;
- ірімшік;
- кіш-міш;
- өрік;
- құрма;
- күріш;
- жайма;
- ет.
Діни басқарма өкілдері соңғы сапар рәсімі байлық бәсекесіне айналмауы керектігін айтады.
Оқи отырыңыз:
- "Құдайы ас өткізу уақытша тоқтатылсын". Жаназа мен жерлеу рәсімін өткізудің жаңа тәртібі қандай?
- Жаназа және құдайы ас. Індет кезінде бұл рәсімдерді өткізуде қандай талаптар сақталуы тиіс?
"Қырқын, жетісін беріп жатқандар шектен шықпауы керек. Ысырапкершілікке жол бермеген жөн. Шариғаттың шеңберінен шықпай, адал дастархан басында құран оқып, адамдарға насихат айтып, соның сауабын Алла үшін деп істеуге болады. Риягершілікпен істейтіндер бар. Олай болмайды. Әкесі қайтыс болса, "әкесі қайтыс болғанда баласы түк істемеді" деген сөзден қашып, ақшасы жоқ болса да, несие алып дастархан жаю дұрыс емес", – дейді имам.
Арна тілшісі жүргізген блиц-сауалнама қатысушылары ас та төк дастархан жаю дұрыс емес екенін мойындап, даңғазалық пен дарақылықты доғару керек екенін айтып отыр.
"Біздің заманымызда дастарханға екі жерден қант пен кәмпит, жұқа нан мен бауырсақ қоятын. Қазір мынау баршылықта бей-берекет шығындалуды имамдар тоқтату керек деп жатыр. Мен де тоқтатқан дұрыс деп ойлаймын", – деді Астана тұрғыны.
Оқи отырыңыз: Қазақша оқылған жаназа. Діни рәсімдерді бірыңғайландыру бастамасы неге аяқсыз қалды?
Тұрғындардың бірі ысырапшылықтың керегі жоқ екенін айтып, Құран оқытылса жетеді дейді. Ең бастысы – нан ауыз тиіп, қайғыға ортақтасу.
Арна тілшісінің сөзінше, қазір қайтқан адамның қырқында, жүзінде, жыл садақасында сөз сөйлеу үрдіске айналған. Тіпті, мейрамханаға жиналған жұрт марқұм туралы еске алу бейнеролигін тамашалайды. Имамдар мен қоғам белсенділері мұның да дұрыс емес екенін айтады.
"Қарызға батып, өлген адамды ас та төк тойдың дастарханын жасап шығарып салады. Бір ғана жаназа болса мейлі ғой, жетісі, қырқы деп тағы шақырады. Халық ас та төк дастарханды, пәленше үйтті-бүйтті деген бәсекелестікті қоюы керек. Жыртыс та артық нәрсе", – дейді қоғам белсендісі Қарлығаш Бекпатшақызы.