Биылғы жыл басынан бері Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы кәсіпкерлердің 19 бизнес-жоспарын жүзеге асыруға және жаңғыртуға 16,1 млрд теңге бөлінген.
Инвестициялардың негізгі бөлігін кәсіпкерлердің өзі салса, қалған бөлігі – шағын орта кәсіпкерлікке бөлінген субсидия және шетелдік инвестиция. Мәселен, ауданда қазірдің өзінде бетон бұйымдарын шығаратын екі шағын зауыт жұмыс істеп тұр, бір зауыт кірпіш шығарса, екіншісі профнастил өндіреді.
Құлан қаласындағы "Пенгар-1" ЖШС бетон бұйымдарын шығаруға маманданған. Зауыт кәсіп иесінің өз инвестициясына салынып, жұмыс істеп жатқанына биыл үш жылдан асты. Осы уақыт ішінде кәсіпорын тек құм бкесектерін шығарып келсе, бірнеше ай бұрын зауыт өнімдер қатарына қырлы кеспектастарды қосты.
"Қазір зауытта үш адам жұмыс істейді. Негізгі өндіріс автоматтандырылғанына қарамастан, шикізатты жеткізу және дайын өнімді түсіру ішінара қол еңбегін қажет етеді. Өндіріс көп еңбекті қажет ететіндіктен, жұмысшылар көп тұрақтамайды. Жұмысшыларды оқыту және өндірісті дамыту арқылы бұл мәселені шешеміз деп отырмыз. Өнімдерімізді мұқият тексереміз, осы аумақтағы қоршауларды салуда өзіміз пайдаланамыз, сондықтан сапасына күмәніміз жоқ. Зауыттың алғашқы сатып алушылары – өзіміз болдық. Тәулігіне кеспектастарды есептемегенде, 3 мыңға жуық құм кесегін шығарамыз. Егер уақыт тығыз болса, онда максималды қуаттылықта, тәулігіне 5 мың құм кесегін шығара аламыз. Әрине, бұл көп жұмыс күшін қажет етеді. Біз өз өнімдерімізді Қазақстанның барлық аймақтарына жеткіземіз. Бірақ, негізгі сатып алушыларымыз – біздің ауданның тұрғындары", – деді зауыт басшысы Қанат Жұманов.
Құрылыс материалдарын өндірумен қатар, облыстағы үш шаруа қожалығы мал бордақылаумен айналысады. Екі сүт-тауар фермасы халықтан сүт қабылдап, сүт өнімдерін өңдеумен айналысады.