Жамбыл облысында экспорт 29,4 пайызға өссе, импорт 15,8 пайызға төмендеді. Облыстағы жалпы инфляция жыл басынан бері 4,5 пайызды құрады.
Азық-түлік тауарларының бағасы 2,3 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар төрт пайызға, ақылы қызметтер 11,2 пайызға өскен. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 3,1 пайызды құрады. Азық-түлік бағасын тұрақтандырудың негізгі тетігі аймақтық тұрақтандыру қорынан интервенцияларды жүзеге асыру болып табылады.
Бүгінгі таңда жеті тауар түріне 135,7 тонна көлемінде интервенция жүргізілді. Форвардтық келісімшарттар аясында көкөніс өнімдерінің қажетті көлемі қалыптастырылды.
Атап айтқанда, пияз – 1050 тонна, картоп – 4050 тонна, сәбіз – 840 тонна, орамжапырақ – 860 тонна көлемінде сақталған. Сонымен қатар, форвардтық және тұрақтандыру қорлары бойынша сатып алу-сату шарты негізінде ірі тауарлар бойынша азық-түлік қоры қалыптастырылды.
Маусымаралық кезеңде көкөністерге бағаның айтарлықтай ауытқуына жол бермеу үшін жеткізушілермен тікелей келісім-шарт жасау мүмкіндіктері алдын ала пысықталды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу кезінде талаптарды сақтау бойынша комиссияның 77 отырысы өткізілді. Мүдделі органдармен бірлесе отырып, тауарлық бағаны асырып жіберуге байланысты 98 құқық бұзушылық фактісі анықталды.
Өнімсіз делдалдар мен сатушылар жойылды. Барлық анықталған фактілер бойынша ақпарат жедел шара қолдану үшін уәкілетті органдарға жолданды.
Бағаның өзгеруіне талдау күн сайын жүргізіледі.
Облыста жыл басынан бері ішкі сауда көлемі 416,4 млрд теңгені құрады. Бөлшек сауда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,6 пайызға өсіп, 236,4 миллиард теңгені құраса, көтерме сауда 97,2 пайызға азайып, 179 миллиард теңгені құраған. Ал көтерме сауда көлемі 3,8 млрд теңгеге қысқарды.
Ал жыл басынан бері облыстың сыртқы сауда айналымы 461,3 млн АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 пайызға, оның ішінде экспорт – 158,7 миллион АҚШ долларына, импорт – 302,6 миллион АҚШ долларына азайған. Экспорттың ұлғаюы біздің аймақ пен көршілес елдер арасындағы экономикалық байланыстың нығая түскенін көрсетсе, импорттың азаюы сауда ағынының қайта бөлінуін және нарық қажеттіліктерінің өзгеруін көрсетуі мүмкін.
Айта кету керек, облыстан негізінен минералды тыңайтқыштар, ферроқорытпалар, цианидтер, ет, пияз, мазут, мақсары майы, мұнай өнімдері, фосфонаттар экспортталады. Облыс басқа елдерден электр генераторларын (жел энергиясы), агрегаттар (зертхана, рентген), ауыл шаруашылығы жабдықтарын импорттайды.