Тікелей эфир

Жамбыл облысының экономикалық өсімі 7 айда 100 пайыздан асты

Ауыл шаруашылығы, негізгі капиталға тартылған инвестиция, құрылыс, тұрғын үй, сауда, көлік, байланыс салаларында біршама өсім бар.

Қазақстан бойынша жүзеге асырылып жатқан индустриалды-инновациялық жобалар Жамбыл облысында да жүйелі түрде қолға алынған. Бұл тұрғыда облыс 2025 жылға дейінгі даму жоспарының жаңа сипаттағы жобасын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік игілігі де басты назарда. Жобада жалпы, жергілікті тұрғындардың салауатты өмір сүру ортасын қалыптастыра отырып, жүктелген міндеттерді шешу көзделген.

Үш негізгі бөлімнен тұратын даму жоспары инвестициялық жобаларды, бюджеттік инвестициялық жобаларды және жұмыспен қамту шараларын қарастырады. Әлеуметтік-экономикалық даму, инвестициялық жобалар, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өнеркәсібі, металлургия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу, бағаны тұрақтандыру шаралары, әлеуметтік осал топтарды қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, өңірдегі жолдардың жай-күйі, туризмді дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту сынды барлық салада қазіргі таңда облыстағы әлеуметтік-экономикалық бағыт оң динамиканы байқатып отыр.

Өңір экономикасы едәуір артқан. Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің атқарылуы жайындағы мәліметке сәйкес, облыстың 7 айдағы экономикалық өсімі 103,3 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы, негізгі капиталға тартылған инвестиция, құрылыс, тұрғын үй, сауда, көлік, байланыс салаларында біршама өсім бар. Өңдеу өнеркәсібінде 319,8 миллиард теңгенің, ауыл шаруашылығы саласында 142,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, бөлшек және көтерме сауда, құрылыс жұмыстарының көлемі – облыс экономикасының өзекті негізі. Осы жөнінде облыс әкімі сала басқармаларындағы жауаптыларға үнемі даму көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жұмысты жандандыруды тапсырады. Сондай-ақ, халықтың табысын арттыру, жұмыссыздыққа жол бермеу бағытындағы мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалануды, бюджет қаражатын жоспарлы игеруді міндеттейді. Соның нәтижесінде облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындар мен заңды тұлғалар саны 12 226 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,3 пайызға артқан.

Қазір шаруалар тарапынан егін жинау науқаны жүргізілуде. Аталған жұмыстарға 10 мың техника тартылған. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 526,3 мың тонна дәнді дақылдар, 18,5 мың тонна картоп, 93,6 мың тонна көкөніс, 57,6 мың тонна бақша дақылдары жиналған. Өсімдік шаруашылығының өсімі 42,9 миллиард теңгені құраған, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,8 пайызға артық.

Негізгі капиталға 247,3 миллиард теңге инвестиция тартылған. 140,4 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген. 355,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сауда айналымы 502,9 миллиард теңгені, көлік қызметтері 331,2 миллиард теңгені құраған. Жүк тасымалдау 7,9 пайызға, жүк айналымы 3,7 пайызға, жолаушыларды тасымалдау 13,8 пайызға, жолаушы айналымы 18,2 пайызға артқан.

Серіктестер жаңалықтары