Қазір өңірдегі қыс айлары ерте түсетін тау бөктеріндегі бірқатар аудандарда жиын-терін жұмыстары мықтап қолға алынған. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Тынысбекұлының айтуынша, жамбылдық диқандар қолайлы ауа райын пайдалан отырып, еккен өнімдерін жинап алу үшін бар күші мен техникасын жұмылдыруда.
– Биыл аймақта 4,5 мың гектарға картоп дақылы егілді. Осылайша, егістік көлемі 1,6 мың гектарға артты. Мәселен, картоп алқабы Байзақ ауданында 73,5, Жамбылда 181, Жуалыда 1585,5 гектарға жетсе, Қордай ауданында 2280,5 гектарға ұлғайған. Ал, Меркіде 42,7, Мойынқұмда 4, Т.Рысқұловта 366, Сарысуда 10, Таласта 25,5 және Шу ауданында 8 гектарды құрап отыр. Бүгінгі күні 2,8 мың гектардан 60,4 мың тонна картоп жиналса, оның орташа өнімділігі 212,1 центнерге тең, – дейді Тұңғыш Тынысбекұлы.
"Анар" шаруа қожалығының жетекшісі Жарасбек Молдақұлов өз сөзінде бұл дақылды 25 жылдан бері өсіріп келе жатқанын жеткізді. Жуалылық шаруа жалпы алаңы төрт жарым гектарға жуықтайтын алқапқа картоптың "Кроне" және "Бермина" тұқымдарын отырғызғанын айтады. Павлодар облысынан жеткізіліп, жерсіндірілген асханалық картоп тұқымының ерекшелігі – дәмінде екен. Ал, бұған дейінгі картоптардан өзгешелігі – сақталуы мен түсінің тауарлы болуында болса керек.
– Елді мекеннің бірнеше жерінде картоп алқабы орналасқан. Оған арнайы сулы әрі құнарлы жерлер таңдап алынды. Жиын-терін науқанын енді ғана бастадық. Өнімділік жылдағыдан төмен болмайды деп үміттенеміз. Биыл картоп алқабының күтіп, бапталуы да ойдағыдай болды. Тұқымды орналастырғаннан бастап тиісті күтім жасау жұмыстары тұрақты жүргізілді. Алқапты уақтылы ылғалдандырылуы мен минералды тыңайтқыштың дер кезінде себілуіне тиісті деңгейде көңіл бөлдік. Картоп қазу жұмыстары барысында өнімнің өзіміз ойлағандай жақсы болғанына көзіміз жетті. Мұндағы әрбір гектарға орта есеппен екі жүз центнердің үстінде өнім аламыз деген болжам бар. Ала жаз бойы алқап басында бала-шағаммен бірге тер төктік. Енді міне, бұйырған өнімді шашпай-төкпей жинап алуға күш салып жатырмыз. Мұндағы терімші әйелдердің басым бөлігі көрші ауылдың тұрғындары. Олардың еңбекақысы күн сайын беріледі, – дейді Жарасбек Ысқақұлы.
Айта кетейік, құрылғанына отыз жылға жуықтаған қожалық жетекшісі картоп баптаудан бөлек, егін және мал шаруашылығымен де айналысады. Ол мүйізді ірі қара мен жылқы бордақылаудан бөлек, бие байлап, қымыз өндірісін дамытуға ден қойған.