Бүгінде қожалықтың тәлімбақтарында 5 миллионға дейін шабақ өсіріледі. Ал, шаруашылық тоғандарында күтімге алынған балықтардан 60 миллион уылдырық жиналған. Қожалық шабақты 10 миллионға дейін жеткізу мүмкіндігіне ие. Ол үшін тоған салатын тағы да 30-40 гектар жер телімі қажет.
Қожалықтың бас ихтиологы Нұрлан Молдабековтің бұл кәсіппен айналысып келе жатқанына 40 жылға жуықтаған. 2008 жылға дейін Қарақалпақстан елінде шабақ өсірумен айналысқан кәсіпкер соңғы 14 жылдан бері аталған қожалықта еңбек етуде. Ол өз сөзінде бұл күнде еліміздегі барлық су айдындарында балықтандыру жұмыстары басталғанын жеткізді.
"Бұл қожалық үшін маңызды кезең. Уылдырықтан өсірген шабақты республика бойынша таратамыз. Қазіргі таңда сұраныс Ақмола мен Қарағанды облысының өзен-көлдеріне жауапты мамандардан түсуде. Қожалықтың пайдалануындағы 71 гектар жер телімінде ірілі-ұсақты 18 тоған орналасқан. Біз өңірімізге тез жерсінетін балықтың бес түрін өсірімез. 2021 жылдан бері ақ амур, карп пен ақ толстолоб, фарель балықтарын уылдырықтан өсіруді қолға алдық. Жуырда ғана Есіл өзенін балықтандыру мақсатында Есіл облысаралық бассейндік инспекциясының өкілдері 533 мың тұқы шабағын алып кетті. Есілдіктермен бизнес байланыс орнағалы 9-10 жылдың көлемі болды. Біздің қазіргі бағытымыз – шабақ өсіру. Өзімізде біраз балық түрін өсіріп, уылдырығынан көбейтудеміз", – дейді Н. Молдабеков.
Шаруашылықта 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Балық өсіруші Расул Бекташоглы он бір жылдан бері осында еңбек етеді.
"Жұмысым өзіме ұнайды. Шабақтарды өсірудің өзіндік қызығы бар. Уылдырықтан бастап бір жыл толғанша қарап, жемдеп, судың тазалығын бақылап отырамыз. Жалақымызды уақтылы аламыз. Қазір 12 грамнан асқан бір жылдық шабақтарды балық тасымалдайтын арнайы цистерналарға салып, еліміздің су қоймаларына жөнелтудеміз", – дейді ол.
Есіл облысаралық бассейіндік инспекциясы бастығының орынбасары Есім Сейітовтің айтуынша, Ақмола облысының Есіл өзенін балықтандыру үшін аталған шаруашылықтың тұқы мен сазан шабақтары қажет.
"Алдыңғы жылы бір миллион шабақ алсақ, былтыр 1 миллион 14 мың шабақты өзенге жіберген едік. Жолдың алыстығына қарамастан өткен жылдары шабақтар арнайы цистернада шығынсыз жеткізілді. Өзенге жіберілген шабақтардың 70-80 пайызы жерсініп кетті. Жалпы, мұндағы тәлімбақтарда өсіріп жатқан шабақтың сапасы өте жоғары", – деді ол.
Ал Шу – Талас облыс аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Қанатбек Зауырбеков облыс аумағында 142 жергілікті маңызы бар су айдындарының 90-ға жуығында балық шаруашылығы жұмыс істейтінін жеткізді.
"Бүгінгі таңда тәлімбақтар мен арнайы су тоғандарында тауарлы балық өсіруге ниет білдіргендерге мемлекет тарапынан қолдау бар. Бұл балық шаруашылығын дамыту мақсатында республикада 2021- 2030 жылдарға арналған бағдарлама аясында мүмкін болып отыр. Оның игілігін "Алтын бұлақ", "Арнұр" тағы басқа ұсақ шаруашылықтар көруде. Олардан биыл жүздеген тонна балық ауланып, сауда орындарына шығарылды", – дейді Қ. Зауырбеков.