Тікелей эфир

Жамбыл облысында 500 шағын кәсіпорын ашылады деп жоспарлануда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде ауыл азаматтарын нәтижелі жұмыспен қамту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мәселен, өткен жылы 51 ауылдық округ "Ауыл аманаты" жобасы аясында қамтылса, 4 076 жоба қаржыландырылған. Бұл жобалардың құны – 25,5 миллиард теңгені құрайды. Сондай-ақ, есепті кезеңде 152,2 мың бас мал мен 65 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Ал, осы жылдың мамыр айында жергілікті бюджеттен ауыл шаруашылығы жабдықтарын сатып алуға 600 миллион теңге бөлініп, 89 бірлік техника алынған.

Бұдан бөлек, биыл барлық саланың дамуына серпін беретін "Ауыл аманаты" жобасы шеңберінде 10,5 миллиард теңгеге 1200 жоба қаржыландырылмақ. Нәтижесінде келер жылы 10 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ауылдық елді мекендерде 500-ден астам шағын кәсіпорын ашылады деп болжануда.

Атап өтерлігі, өңірде осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4 пайызға ұлғайған. Облыста ірі қара мал санын 7,9, қой – 21,9, жылқы – 5,8, ет өнімдерін өндіру (тірі салмақта) – 2,2 және сүт – 1,1 пайызға өсуі қамтамасыз етілген. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 21,4 миллиард теңге субсидия бөлінген. Жыл басынан бері агроөнеркәсіптік кешен саласында жоспарланған 20 инвестициялық жобаның 9-ы іске қосылды. 

Бұдан бөлек, аймақта суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстарының жүйелі жүргізілуде. Бекітілген Жол картасы аясында 2028 жылға дейін 124 мың гектар егіс алқабын қалпына келтіру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 47,5 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. 87 каналды қайта жаңғырту және күрделі жөндеу, жергілікті бюджет есебінен 9, республикалық бюджеттен 3 су қоймасын салу қолға алынады. Осылайша, 2028 жылға қарай суармалы алқаптар толық сумен қамтамасыз етіліп, каналдарда тасымалдау кезінде су ысыраптарын азайту және ауыл шаруашылығы өнімінің 2 есеге артпақ.

Серіктестер жаңалықтары