Вегетация және су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында Қазсушар РМК-ның "Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы" филиалы өз қарауындағы су шаруашылығы нысандарында жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
"2025 жылы Бартоғай су қоймасында конустық ысырмалар жөнделіп, резеңке тығыздағыштар ауыстырылды. Үлкен Алматы каналының бас торабында және Шелек су торабында бұрандалы көтергіштер мен болат арқандар жаңартылды. Ал Күрті су қоймасында бөгеттің жоғарғы еңісі бетонмен қапталды. Тасқұтан су көтеру бөгеті аумағында каналдар арасындағы жерлерге топырақ төселді. Сондай-ақ Бартоғай су қоймасы, Үлкен Алматы каналының бас торабы және Шелек су торабы маңындағы Шелек өзенінің арнасы тазартылды", – делінген хабарламада.
Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында биыл Күрті өзенінің жағалау бөлігі бекітілді. Қазіргі уақытта Қорам магистральдық каналында механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жыл соңына дейін Бартоғай су қоймасында конустық ысырмаларды жөндеу және резеңке тығыздағыштарды ауыстыру, Шелек су торабында бұрандалы көтергішті жаңарту, сондай-ақ аталған нысандар маңындағы Шелек өзенінің арнасын тазалау жұмыстары жалғасады.
"Қазіргі уақытта филиал қарауындағы барлық нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Су шаруашылығы жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Су тасқынына қарсы іс-шараларға қажетті жанар-жағармай және инертті материалдар қоры дайындалды. Сонымен қатар экскаваторлар, тиегіштер және жүк самосвалдарын қоса алғанда 18 техника әзірленді", – деді филиал директоры Қайрат Бисембаев.
USD:
483.7 / 486.7
EUR:
554.5 / 559.5
RUB:
5.95 / 6.09
Пікірлер
Әзірге пікірлер жоқ…