Қазақстанның сауда министрі Арман Шаққалиевтің ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы парткомының хатшысы Ма Синжуймен және ШҰАА басшысы Эркин Туниязбен кездесуінде Қазақстан-Қытай сауда ынтымақтастығын нығайту және сауда өкілдігін ашу мәселелері талқыланды, деп хабарлады ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Арман Шаққалиев Қазақстанның Үрімжідегі сауда өкілдігінің ашылу рәсімін Астанада өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шілде айындағы отырысы аясында өткізуді ұсынды.
Еске салайық, мұндай сауда өкілдігін ашуды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын.
Кездесуде Арман Шаққалиев экспортты ілгерілетудегі жаңа тәсілдер туралы айтты. Бүгінде Қытаймен сыртқы саудада аймақтандыру қағидаты ерекше маңызға ие.
"Әр провинциядан жеке жұмыс жүргізілуде, сауданы ұлғайту және басым бағыттар бойынша жобаларға инвестициялар тарту бойынша бірлескен іс-қимыл жоспары әзірленуде. Қазақстандық бизнес Қытай нарығына өнім жеткізуге қызығушылық танытуда. Біз отандық тауарлардың ҚХР-ға кіру мәселелерін шешуде ШҰАА басшылығының қолдауын жоғары бағалаймыз", – деп атап өтті Қазақстанның сауда және интеграция министрі.
Арман Шаққалиевтің айтуынша, отандық өндірушілер алдағы екі жылда 250 мың тоннадан астам өсімдік майы мен басқа да өнімдерді экспортқа жіберуге дайын.
Оқи отырыңыз: Көкөніс экспорты, жаңа зауыт пен қойма құрылысы. Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлері Қорғаста не туралы келісті?