ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті бүгін, 2024 жылғы 7 қарашада Алматы облысында анықталған тағы бір есірткі зертханасының жойылғанын мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың қазан айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті прокуратураның келісуімен синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхананың жолын кескен.
"Есірткі затын дайындау кезінде Қазақстан азаматы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. 5 кг жуық дайын және 350 литр "а-PVP" сұйық психотроптық заты, сондай-ақ 800 литр прекурсорлар мен есірткі дайындауға арналған зертханалық жабдық тәркіленді. Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген хабарламада.
2024 жылғы 6 қарашада Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитеті және прокуратурамен бірлесіп, аса ірі көлемде каннабис өсіретін жасырын есірткі зертханасын жойғаны белгілі болды. Алматы облысы Іле ауданы Байкен ауылында балық өсіру деген желеумен іс-шаралар қолға алынды.