
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сенат депутаты Бибігүл Жексенбайдың қазақы ит тұқымдарын экспорттауға тыйым салу туралы ұсынысына жауап берді.
Бектеновтің сөзінше, тазы мен төбеттің стандарттары қабылданған. Қазіргі таңда олардың гендік қорын зерттеу және әлемге танымал ету бағытындағы жұмыстар жүріп жатыр.
Сәйкесінше, ит тұқымдарын экспорттауға тыйым салудың келесі салдарлары болуы мүмкін:
- халықаралық қоғамдастық тарапынан қызығушылықтың жоғалуы;
- күшіктерді шетелге сату мүмкіндігінен селекционерлер қызығушылығының төмендеуі;
- айырылған отандық сұраныстың болмауы нәтижесінде асыл тұқымды ит санының азаюы.
"2024 жылғы 3 қыркүйекте FCI Бас комитеті тазы тұқымын алдын ала халықаралық тану туралы шешім қабылдады. Сол күннен бастап Қазақстан Республикасы "Қазақ тазысының" шыққан елі және оның стандартын ұстаушы ретінде ресми түрде бекітілді. Енді Қазақстанда және FCI Еуропалық секциясының (53 ел) елдерінде тазылардың күшіктеуі туралы жыл сайын статистика жүргізу, сондай ақ ұлттық, әлемдік және секциялық көрмелерде тазы санын көбейту, әлемдік кинологиялық қоғамдастық тарапынан қызығушылықты нығайту қажет", – деп жауап берді Олжас Бектенов.
Премьер-министр, сондай-ақ, Жапонияда немесе Түркияда Кангал, Акита, Шиба ит тұқымдарын экспорттауға ресми тыйым салынғаны туралы сенімді ақпарат жоқ екенін алға тартты. Сонымен қатар ҚКО мәліметтері бойынша, барлық үш тұқым FCI де сәтті тіркелген және танылған.
Оқи отырыңыз:
- Төбеттің бес ерекшелігі қандай және оларды неге ит төбелесіне қатыстырмайды? Сұхбат
- "Таза қандылары қалмады". Сұлтан Ибрагимов төбетті көбейту жұмыстарының қалай жүріп жатқанын айтты