Тікелей эфир

Төбеттің бес ерекшелігі қандай және оларды неге ит төбелесіне қатыстырмайды? Сұхбат

Фото: Сұлтан Ибрагимов Көксерек пен Балу төбеттерінің ортасында / Informburo / Тимур Батыршин
Фото: Сұлтан Ибрагимов Көксерек пен Балу төбеттерінің ортасында / Informburo / Тимур Батыршин
13 мамыр күні Алматы облысының Шамалған ауылында төбеттер көрмесі өтеді.

Шамалған ауылының тұрғыны Сұлтан Ибрагимов соңғы 17 жылдан бері төбет асырап келеді. Бүгінде 80 итінің жиырмасын өзінде қалдырып, қалғанын ит асырауды ниет еткен "Жеті қазына" қауымдастығының мүшелеріне берген. Ит жанашыры жуырда ғана стандарты бекітілген қазақы тұқымды сақтап қалу үшін Қазақстанның барлық өңіріне экспедиция ұйымдастыру қажеттігін айтады. Мұнымен қатар, ол Informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында ерекше тұқымға деген шетелдіктердің сұранысы, төбеттің өзіне ғана тән қасиеті, шығу тегі және сәнге айналған ит жарыстар туралы әңгімеледі. 

– Төбет асырауды қолға алуыңызға не себеп болды? 

– Әкем марқұм да, ол кісінің апасы да төбетті ерекше жақсы көріп асыраған. Бала кезімізден төбет туралы түрлі аңыз-әңгіме, ертегіні құлағымызға құйып өстік. Ал өзімнің төбет асырап келе жатқаныма 17 жылдан асты. Нақты өзімде 20 шақты ит бар, қалған 50-60 төбет "Жеті қазына" қауымдастығының мүшелерінде. Дәл қазір елдегі төбеттердің нақты санын білмегендіктен, Қазақстан бойынша шежіресін жасап жатырмыз. Бұл іспен 80-жылдардан бері Әділ Қожахметов, Гайдар Нұртасов айналысып келді.

Ит асыраушылар арасында қолдау таппаған соң, жұмыстың бәрі тоқтады. Бір шетінен бұған 90-жылдары қазақтардың алабайға қызығып, оны Түркіменстан мен Тәжікстаннан әкеле бастағаны себеп болса керек.

Негізінен төбеттерді мал ұстайтын жерлерден табуға болады. 

Фото: Балу мен иесі / Informburo / Тимур Батыршин

– Жуырда қазақы төбет пен тазының стандарты бекітілді. Бұл иттердің шығу тегі қандай?

– Тарихқа сүйенетін болсақ, төбет тектес иттер түркі тілдес халықтардың территориясында осыдан 4 мың жыл бұрын өмір сүрген. Кейін мемлекеттер бөліне бастағанда аумақтағы басқа иттермен будандасып, қазіргі түрлері шыққан. Археологиялық қазбалар кезінде сүйектері табылып, Марко Поло секілді саяхатшылар сырт келбеті мен мінезін сипаттаған. Бір тарихи деректерде Құбылай ханның әскерінде 10 мыңнан астам төбет болғаны туралы жазылған. Стандарттарға сәйкес шаруаларды жалғастырып, будандастыру жұмыстарын үздіксіз жүргізетін боламыз. 

– Қазір Қазақстанның қай өңірінде төбеттер көп? Әлемде бар ма?

– Украинада Дмитрий есімді азамат төбет асырап отыр. Ол кісі бізге осыдан 10 жыл бұрын хабарласты. 80-жылдары қазақ ауылынан төбетті көріп, оны кавказ бен алабайдың бідандасы деп шатастырған екен. Қазір еліндегі қиын жағдайға қарамастан, селекция жұмыстарын қолға алып отыр. Ал өзімізге келетін болсақ, өңірлер бойынша нақты санын дөп басып айту қиын.

Шалғай жерлердегі ауылдардан әлі күнге дейін абориген иттерді тауып жатырмыз. Осы иттердің тұқымын алып қалу үшін экспедиция ұйымдастыру қажет. Арасында кәрі, ауру иттер де болғандықтан, олардың ұрығынан бөлек, зерттеулерге қанын да алып қоюымыз қажет. 

Фото: Нұрқас Балапанов пен Колобок / Informburo / Тимур Батыршин

– Қаржы мәселесін бір шетке қойғанда, Қазақстанның барлық өңіріне экспедиция ұйымдастыру үшін маман жеткілікті ме?

– Иә, маман жеткіліксіз екені рас. Бірақ, бұл экспедицияның адамдары ит иесіне зерттеу жұмысының маңыздылығын түсіндіріп, "бөлінетін" қаражатты табыстап, төбетке ұқсайтын итті жақсылап суретке түсіріп, өлшем жасауы үшін қажет. Кейін сурет пен өлшемді алған мамандар шалғайда отырып-ақ оның төбетке ұқсайтын-ұқсамайтынын болжайды. Егер сырт белгілері төбетке келіп тұрса, пикап секілді көлікпен алдырып, ұрығы мен қанын арнайы мамандар тексереді. 

Фото: Тоғыз айлық Қарауыз / Informburo / Тимур Батыршин

– Қазақы төбеттердің өзіне ғана тән басты ерекшелігі қандай?

– Иттің барлық түрінің өзіне ғана тән жақсы қасиеті болады. Осы орайда, төбеттің төрт ерекше қасиетін атап өтетін едім.

Біріншіден, төбеттер жуас болып келеді. Өйткені, бұрын қазақтар киіз үйде тұрған кезде ит көршісін талайтын болса, оны будандастырмайтын болған.

Екінші қасиеті – малды аң-құстан көзінің қарашығындай қорғайтыны. Қасқыр шауып, құс шоқып жатса, ұрысқа түсіп, өлімге дейін барады.

Үшінші ерекшелігі – Қазақстанның алуан түрлі климатына бейімделе алатындығы. Мысалы, күннің ыстығында 200-500 км жердегі жайлауға баруға төзімді келеді. Керісінше күн қатты аязда жүндері қалың болып шыға келеді. Күндіз ұйықтап, түнде 10-20 км жерге дейін өз территориясын күзетеді.

Төртіншісі – өте жуан, жүндес болып келеді. Ұрыста да, басқасында да бірінші қадам жасайды. 

Фото: Төрт жарым жастағы Дауыл / Informburo / Тимур Батыршин

– Қалалық жерде азық табу қиын емес пе?

– Бұрын малшылар төбеттерге арнайы тамақ бермеген. Нан мен жуынды жеп, қасқыр секілді қоян, суырларды аулап жеген. Көктемде мал төлдегенде бір семіріп алып, күзге дейін емін-еркін шыдап жүретін болған. Ал қалалық жерлерде торға қамап ұстайтындықтан, үш мезгіл уақытылы тамақтандыру қажет. Әсіресе, көп ит болғанда азық табу қиындай түседі. 

Фото: Алты жастағы Колобок / Informburo / Тимур Батыршин

– Төбеттерге команда үйрету оңай ма? 

– Неміс овчаркалары сияқты емес. Командаңызбен таяқтың соңынан бір рет, екі рет барады, үшіншісінде өзіңізді "жібереді". Өйткені, төбеттер өте ақылды, жаттанды әрекеттерді жасай бермейді. 

– Еркіндікті сүйетін болып тұр ғой... 

– Иә, өмірі қасқырдыкіне ұқсайды. Еркіндікті жан-тәнімен сүйеді. Тамақ бермесе де, қорегін өзі тауып алады. Бір басты айырмашылығы – бір адамға бауыр басып, иесін ерекше күзетеді

Фото: Нұрқас Балапанов пен Колобок / Informburo / Тимур Батыршин

– Төбеттерді неліктен ит жарыстарға қатыстырмайды?

– Қазір ит жарыстар өте жақсы дамып, шетелдерде әлем чемпионаты өтіп жатыр. Осы ит жарыстарда үлкен қаржы, көлік және үй тігіп, күн көріп, бизнес жасап отырған азаматтар бар. Чемпион болған иттердің күшігі қымбатқа өтеді. Бірақ, итті бұлай үш раундқа дейін төбелестірудің пайдалы тұстары аз. Өйткені, бастапқыда төбелес тек сынақ ретінде – иттің қаншалықты төзімді екенін, мықты екенін анықтау үшін ғана қажет болды.

Алайда, көптеген елде питбультерьер, булли кутта, бульмастиф секілді әртүрлі итті будандастырып, арнайы төбелеске қатысатын иттерді шығарып жатыр. Мұндай иттер жанындағы серігін де, жайылып жүрген малды да өлтіріп қоюы мүмкін. 

– Ит жарыстар тек төбелес түрінде өте ме?

– Қазір жайлауда аттың қасына қосып, жылдамдығы бойынша жарыстыруға болады. Төбеттерді неге төбелестірмейді деген сұраққа оралатын болсақ, олардың интеллекті өте жоғары. Рингке апарсаңыз, қарсыласымен не үшін төбелесетінін түсінбей тұрып қалады. Өзін тістеуге мүмкіндік бермейді, бірақ қарсыласы жығылған соң талап тастамайды. 

Фото: Төбет асыраушы Сұлтан Ибрагимов / Informburo / Тимур Батыршин

– Қасқырға төтеп бере ала ма? 

– Иә, қасқырлар көбіне мал мен адамға шабуылдайтындықтан, олармен өлгенше айқасуы мүмкін. Төбеттердің тағы бір бесінші ерекшелігі – неміс овчаркасын ұнатпайды. Өйткені, олар қаншама жылдан бері текетіресіп келе жатқан қасқырларға қатты ұқсайды. 

– Жарыста чемпион болған иттің құны өседі дедіңіз. Қазақстанда төбеттің күшігі қанша тұрады?

– Кез келген иттің бағасын иесі өзі белгілейді, белгілі бір нарықтағы баға жоқ. Мысалы, біреу 100 мың теңгеге, екіншісі 10 мың долларға сатуы мүмкін. Сатып алатын кезде әрдайым сапасына қарау керек. Мұнымен қатар, төбеттер адамға ерекше бауыр басатындықтан, оларды ерте жаста асырап алған жақсы. Егер қайта-қайта иесін ауыстыра беретін болсақ, иттің де психикасы бұзылады. 

Фото: Балу / Informburo / Тимур Батыршин

– Қазір төбет сатып алуға қызығушылық танытып отырған шетелдіктер бар ма?

– Төбет сұрап хабарласатын шетелдіктер өте көп. Менің өзіме facebook желісі арқылы Еуропа, Канада, Украинадан хабарласады. Біз "Алдымен санын көбейтіп алайық, кейін селекцияға береміз" деп жауап береміз. 

Фото: Көксерек пен Балу / Informburo / Тимур Батыршин

– Өзіңіз жетекшілік ететін "Жеті қазына" қауымдастығы немен айналысады?

– Өз төбетімізді дамытайық деген ниетпен 2022 жылы қауымдастықтың жұмысын қолға алдық. Былтыр қараша айында үлкен төбет иттер көрмесін ұйымдастырып, тұқым қарадық. Көрмеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген иттермен ары қарай жұмысты қалай жүргізетінімізді түртіп алдық. Барша төбет асырайтын азаматтарды 13 мамыр күні Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылы Nomad этно орталығында өтетін көрмеге шақырамын. 

Тақырыпқа орай оқи отырыңыз: 

Серіктестер жаңалықтары