Атырау қаласының тумасы, талапкер Жазира Кеңесова Ұлттық бірыңғай тестілеуден максималды 140 балл жинап, абсолют нәтиже көрсетті. Оны тестілеуге дайындаған JUZ40 EdTech білім беру орталығы Жазира мен оның ата-анасына жалпы көлемі 5 миллион теңге сыйақы беруді жоспарлап отыр.
"Жазира қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерін таңдады, ол тестілеудегі барлық сұраққа дұрыс жауап беріп, өз білімін дәлелдеді. Талапкер қазіргі таңда ҰБТ-ға дайындайтын JUZ40 білім беру орталығында білім алып жатыр. Айта кетейік, орталықтың тәрбиеленушілері арасынан осыған дейін 3 оқушы ҰБТ-дан абсолют 140 балл жинаған болатын. Бұл орталықтың дайындық сапасының жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Уәде еткендей, JUZ40 Жазираға 3 млн теңге, ата-анасына 2 млн теңге сыйға бермекші", – делінген орталықтың хабарламасында.
Жазира болашақта филолог болуды армандайды. Ары қарай осы бағытта білім алып, өз саласында нағыз білікті маман атануды мақсат етеді.
"Нәтижені көргенде өз көзіме өзім сенбедім. Әр сұраққа мұқият жауап беруге тырыстым. Бұл – жылдар бойғы еңбектің, отбасымның қолдауы мен ұстаздарымның сенімінің нәтижесі", – деді Жазира Кеңесова.
"Нәтижені көргенде өз көзіме өзім сенбедім. Әр сұраққа мұқият жауап беруге тырыстым. Бұл – жылдар бойғы еңбектің, отбасымның қолдауы мен ұстаздарымның сенімінің нәтижесі", – деді Жазира Кеңесова. 