Тікелей эфир

Тұрғын үй құрылысы созылып кетсе, үлескерлер не істеу керек

Ақтөбеде "құрылыс компаниясы ақшамызды қайтарсын" деген бір топ үлескер наразылыққа шықты.

Олар екі жыл бұрын жарнамасы жер жарған компанияға сеніп, пәтер алу үшін миллиондаған ақша құйған. Алайда жаңа баспананың құрылысы қашан аяқталатыны белгісіз, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Уәде бойынша, бес қабатты үйдің құрылысы 2022 жылы аяқталуы тиіс болған, бірақ құрылыс әлі бітпеген. Осы сәттен бастап үлескерлердің жаңа пәтерге кіреміз деген үміттері де үзілген.

"5 миллион 500 мың теңге салдым. Жалғызбасты анамын. Екі баламмен пәтер жалдап келемін. Не ақшамыз жоқ, не үй жоқ. Ақшамызды қайтарсын деп өтінем. Өзіміз басқа үйден үй іздегіміз келеді", – деді үлескер Фарида Көрпебаева.

Құрылыс компаниясының басшысы екі үй бой көтеретінін айтты. Қазір біреуіне тек коммуникация желілерін тарту ғана қалыпты. Ал, екіншісінің құрылысы тоқтап тұрғанын жасырмады. Оған құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп екенін айтты.

"Қазір құрылыс тоқтап тұр, өйткені бізде қаражат бітіп қалды. Банктен несие сұрап жүрміз. 85 миллион теңге алғаннан кейін бір жарым, екі айдың ішінде құрылысты аяқтаймыз. Бірінші үйді тапсырамыз. Бірінші үйді салғаннан кейін маған халық 400 миллиондай ақша берешек. Соны алып, екінші үйді салуды жалғастырамыз", – деді серіктестік басшысы Асқар Қожантаев.

Серіктестік басшысы тұрғындардың талабын орындай алмайтынын ашық айтты, себебі қаражат жоқ. Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау инспекциясының мәліметінше, жеке кәсіпкерге былтыр халықтан заңсыз ақша алып, рұқсатсыз пәтерлерді сатқаны үшін айыппұл салынған. Мамандар тұрғындар ақшаны тек сот арқылы өндіре алатынын айтуда.


Оқи отырыңыз: Ақтөбеде үйдің 80% ақшасын құйған 70-тен астам үлескер баспанасына кіре алмай жүр


Үлескерлердің проблемасын шешу үшін өңірде "Ақтөбе құрылыс компаниясы" құрылған болатын. Олар баспанаға қаражат құймас бұрын қелісімшартқа назар аударуға кеңес береді.

"Салымшылардың қаржысын тарту бойынша рұқсатнама болады. Ол рұқсатнаманы Қазақстан құрылыс компаниясынан немесе жергілікті атқарушы органнан рұқсат алады. Ары қарай өзінің талаптары бар: біреуінде каркас болуы керек, екіншісінде кепілдікке қоятын қаражаттары болуы керек. Оны енді рұқсат алғанға дейін тиісті компания орындауы керек", – деді «АҚтөбе құрылыс компаниясы» ЖШС директоры Еағымжан Алдияров.

"Ақтөбе құрылыс компаниясында" қазір құрылысы уақытында аяқталмай, 4-5 жылға созылып кеткен 26 үй бар. Бүгінгі күні сот процестері басталған.

Серіктестер жаңалықтары