Тікелей эфир

Ақтөбеде үйдің 80% ақшасын құйған 70-тен астам үлескер баспанасына кіре алмай жүр

Бірақ компания баспананың бірінші қабатын салғаннан кейін құрылыс тоқтап қалған. Сол уақыттан бері үш жыл өтіпті.

Ақтөбеде 70-тен астам үлескер баспаналарына қол жеткізе алмай жүр. Үйдің 80 пайыз ақшасын құйған жұрт үш жылдан бері құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүр. Халық қаражатын қайтарып беруді сұрайды, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Ал, көпқабатты үйдің құрылысын аяқсыз қалдырған компания басшылары қазір тергеліп жатыр. Ақтөбенің Батыс-2 аталып кеткен жаңа ауданынан үйлі боламыз деген 70-тен аса үлескер алдандық деп шу шығарды. Көбі пәтердің 80 пайыз ақшасын төлеп қойғанын айтады. Бірақ компания баспананың бірінші қабатын салғаннан кейін құрылыс тоқтап қалған. Сол уақыттан бері үш жыл өтіпті.

"Бұл екінші квартал 2022 жылы берілуі керек еді. Біздің жанайқаймыз. Шілде айынан бастап Ақтөбе облысы бойынша ішкі істер бөліміне арыз жаздық. Біздің сол арызымыз әлі жатыр. Біз үлескерлер Қазақстан Республикасының прокуратурасын, Ақтөбе облысы прокуратурасын, жергілікті орындаушы органдарды қылмыстық істі сотқа жеткізуді жеделдетуді сұраймын. Тездетіп үйлерімізді салып беруді сұраймын", – деді үлескер Алтын Досқалиева. 

Тағы бір үлескер 2021 жылы 9 миллион 300 мың теңге ақшасын салғанын айтады.

"Үйдің жағдайы көріп тұрғандарыңыздай ешқандай құрылыс болған жоқ. Үш жылдан бері үйсіз, күйсіз жүрміз. Екі балам бар. Жалдамалы пәтерде жүрміз. Былайша айтқанда үйдің ақшасын төлеу үшін кредит алғандарымыз бар. Бұл үйдің 80 пайызын толық төлеген, сатып алған адамдардың барлығы. "Баспаналы боламыз" деген тұрғындардың бірі несие алса, енді бірі жиған-терген ақшасының барлығын үлескер ретінде салған. Қазір халық құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүр. Ал, құрылысты бастап орта жолдан тастаған серіктестік басшылары қазір тергеуге алынған", – деді үлескер Батырхан Көпжасар. 


Оқи отырыңыз: Үлескерлік құрылыс арқылы үй алғанда нені ескеру керек? Алаяқтарға алданбау жолын түсіндіреміз


"Строй сервис регион" екінші корпус бойынша бүгінде қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жұмыстары аяқталды. Қазір таныстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Бұл арада уақытында қаржы жинаған Жарасқанов пен Кәрімов деген азаматтар бойынша қазір қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Соның аяқталуын күтеміз. Содан кейін бюджеттен қаржы бөлініп, сол бағытта компаниялар ашылып, әрмен қарай проект, техтексеру жасауымыз керек. Сосын әрмен қарай бюджеттен қаржы бөліп, жалғастырып аяқтап береміз деген жоспарымыз бар. Қазір қалада үлескерлердің мәселесі бойынша 11 жоба қолға алынған. Құрылысы аяқталмаған үйлер демеушілердің көмегімен салынып жатыр екен. Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс жақын уақытта сотқа жолданатынын жеткізді", – деді "Ақтөбе Құрылыс Компаниясы" ЖШС директоры Нағымжан Алдияров. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары