Тікелей эфир

Тоқаев Түркістан туралы: Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған

Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайдың арқаны кеңге салып отыратын жиын емес екенін айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың "Әділетті Қазақстан – Адал азамат" атты екінші отырысындағы сөзі басталды. Мемлекет басшысы өз сөзінде қазақ халқы үшін Түркістан өңірінің тарихи маңыздылығын атап өтті. 

"Сөз басында бірден атап өтейін, меніңше, Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған. Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен, біздің береке-бірлігімізді сынға салады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы – шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсетеді. Мұны өздеріңіз өте жақсы түсініп отырсыздар", – деді мемлекет басшысы. 

Мұнымен қатар, президент бұл қадамның қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, мұнда ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланады.


Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Біздің әлемдегі орнымыз ұлтымыздың сапасына байланысты


"Біз құрылтайдың алғашқы отырысын осыдан дәл бір жыл бұрын Ұлт ұясы – Ұлытауда өткіздік. Көптеген маңызды істер мемлекеттігіміздің негізі қаланған қастерлі өлкеден бастау алды. Осы игі үрдіс биыл да жалғасын табуда. Бүгінгі басқосу бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһарда өтіп жатыр. Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді. Дегенмен, қаланың мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары. Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сондай-ақ, қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан. Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған деуге болады. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы", – деді президент. 

Жиынға Құрылтай мүшелерімен қатар сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, президент әкімшілігінің басшылық құрамы, президенттің кеңесшісі және басқа да лауазымды тұлғалар қатысып отыр. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары