Тікелей эфир

Тоқаев Ресейдің Қазақстанмен шекаралас қалаларында қазақ мектептерінің ашылуына мүдделі

Ресейдің оқу орындарында Қазақстаннан барған 60 мыңға жуық студент білім алып жүр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Қазақстанмен іргелес қалаларында Қазақстан мектептері ашылатынына сенім білдірді. Бұл туралы ол Ресейдің "Известия" газетінде жарық көрген "Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі" атты мақаласында айтты. 

"Білім саласындағы ынтымақтастықтың да мазмұны толыға түсті. Біз еліміздің оңтүстік аймақтарында Ресей мектептерін ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты бізбен іргелес жатқан Ресей қалаларында Қазақстан мектептері ашылады деп сенеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, қазір Ресейдің оқу орындарында Қазақстаннан барған 60 мыңға жуық студент білім алып жүр. Сондай-ақ, президент Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын, ал Омбыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігін ашу жоспары бар екенін сүйіншіледі. 

"Елімізде 3500-ден астам мектеп Пушкин тілінде білім береді, телеарналар мен радиостанциялар хабар таратады, газеттер мен журналдар шығады. Барлық дерлік өңірде көрерменнің көзайымы болып жүрген орыс драма театрлары бар. Біздің ел Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясында Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы бастама көтерді. Ұйым орыс тілін қолдау және оны насихаттау үшін  ТМД елдері арасындағы байланысты дамыту мәселесімен айналысатын болады. Бұл қадам халықтарымыздың арасындағы достықты, тату көршілікті, этносаралық келісімді, өзара түсіністік пен сенімді нығайта түседі деп сенемін", – деді Қазақстан президенті. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Еуразиялық экономикалық одақ – Еуразия кеңістігіндегі интеграцияның маңызды механизмі


 

Серіктестер жаңалықтары