Олардың арасында ТЖМ өкілдері, медицина мамандары, полицейлер, әуежайы қызметкерлері және басқалар бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның Azal компаниясына тиесілі ұшақтың апатқа ұшырауынан зардап шеккен адамдарды құтқару кезінде ерлік, кәсібилік және азаматтық жауапкершілік танытқаны үшін бір топ қазақстандықты мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлады Ақорда ресми сайты.
Олардың арасында ТЖМ өкілдері, медицина мамандары, полицейлер, "Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы" акционерлік қоғамының жұмысшылары және Ақтау әуежайының қызметкерлері бар.
- Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен – Маңғыстау облысы полиция департаментінің криминалисі Айбек Әлібаев;
- Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен – Маңғыстау облысы ТЖД Басқұдық ауылы №12 өрт сөндіру бөлімінің командирі Серікболат Оңғар;
- "Құрмет" орденімен – Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының орталық меңгерушісі Бақытжан Қойбеков пен Ақтау халықаралық әуежайы медициналық бекетінің меңгерушісі Ирина Кочергина;
- "Ерлігі үшін" медалімен – Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының фельдшері Тимур Қисаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығының Маңғыстау облысы бойынша филиалының дәрігері Оспан Оразбеков, "Қазаэронавигация" РМК Ақтау филиалындағы "Вышка" диспетчерлік бекетінің диспетчері Ярослав Толстиков, "Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы" акционерлік қоғамы Ақтау электр желілер ауданының шебері Нұралы Шопанов;
- "Ерен еңбегі үшін" медалімен – Ақтау халықаралық әуежайының қызмет бастығының орынбасары Бекболат Жұмағұлов, ҚР Әділет министрлігі "Сот сараптамалары орталығы" Маңғыстау облысы бойынша филиалының маманы Эльдар Оразалиев марапатталды.
Сонымен қатар 51 адамға Президенттің Алғысы жарияланды.