"Тектоникалық жарық жоқ". Академқалашыққа қатысты дауға нүкте қойылды

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Жоспарлы ғимараттар мен тектоникалық жарық арасын 160 метр мен әл-Фараби даңғылы бөліп тұр.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бүгін Алматыдағы Академқалашық тұрғындарының тұрғын үйлерге жақын аумақта салынуы жоспарланған қонақүй мен бизнес орталығына қарсы шағымына байланысты кездесу өткізді. Оған тұрғындар мен құрылыс компаниясының өкілдерінен бөлек, мемлекеттік орган өкілдері – Алматы қалалық және Бостандық ауданының құзырлы басқармаларының өкілдері де қатысты. 

Оның аясында тұрғындар өздерінің бірқатар сауалына нақты жауап алса, кей сауалдардың жауабы әлі белгісіз күйінде қалды. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек кездесу бастамашысы ретінде сұрақтарға нақты жауап берілуін және тараптар арасында конструктивті диалог болуын қадағалады. Еске салайық, бұл – депутаттың аталған мәселе бойынша тұрғындармен екінші мәрте кездесуі. Бір апта бұрын болған алғашқы басқосуға тұрғындар мен құрылыс компаниясының өкілдері ғана қатысқан болатын. 

Фото: Informburo.kz

Жиында тұрғындардың шағымдарының негізгі бөлігін қалашық тұрғыны Санора Абидходжаева тізіп берсе, тағы бірқатар тұрғын оны толықтырды. Ең бірінші кезекте оларды жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік мәселесі алаңдатады. Табиғи апат бола қалған жағдайда тұрғындардың қашар жері жоқ және жаңа ғимараттардың тектоникалық жарық бойында салынуы бұл қауіпті күшейте түспек. 

Дегенмен, оларға жауап берген Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Айгүл Данабаева тектоникалық жарықтың бұл жер учаскесінен 160 метр қашықтықта екенін айтты. 

"Бұл жер уаскесінде тектоникалық жарық жоқ. Ол 160 метр қашықтықта, жолдың (әл-Фараби даңғылының – автор) арғы жағында бар. Бұл жер учаскесі жер сілкінісінің 9 балдық аймағына кіреді. Сондықтан жер сілкінісі кезінде тұрғындар қашып баратын жер болуы керек. Онымен келісемін, бірақ "жер учаскесі тектоникалық жарықтың бойында" деген сөз шындыққа жанаспайды", – деп жауап берді Айгүл Данабаева. 

Бұл мәліметті қалалық төтенше жағдайлар департаменті директорының бірінші орынбасары Бағдат Шайзада да растады. Ол жер учаскесінің тектоникалық жарық бойында орналаспағанын айта келе, жер сілкінісі бола қалған жағдайда тұрғындардың барып паналауына қажетті ашық кеңістік болуы қажеттігіне тоқталды. 


Оқи отырыңыз: Алматыда Академқалашық жанында бой көтеретін ғимаратқа тұрғындар қарсы. Құрылыс компаниясының жауабы қандай


4500 адам тұратын Академқалашық тұрғындарын алаңдатқан мәселенің тағы бірі – ғимараттар салына қалған жағдайда мұнда адамдар мен көліктің ағылуы болатын. Бұл кептелісті күшейтіп қана қоймай, тұрақ пен тазалық мәселесін қиындатпақ. Алғашқыда, тіпті, мұнда тұрғын үйлер салынады деген де қауесет тараған. 

Фото: Informburo.kz

Бұл ретте Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының Бостандық ауданы бойынша бөлім басшысы Бекнар Берікұлы Алматы қаласының Бас жоспары бойынша бұл жерде тек коммерциялық нысандар, яғни бизнес орталық пен қонақ үй салуға рұқсат етілетінін және тұрғын үй салуға рұқсат жоқ екенін түсіндірді. 

"Жер учаскесінің иесі қазір – "Saba Group" компаниясы. Заң бойынша, бас жоспардың негізінде егжей-тегжейлі жоспар жасалады. Сәйкесінше, меншік иесінің бизнес орталық пен қонақ үй салу туралы бастамасында заңға ешқандай қайшылық жоқ. Оған рұқсат. Жер учаскесінің бұрынғы иесіне сәулет жоспарлау тапсырмасы берілген. Ал "Saba Group" компаниясында жобаның алдын ала құжаттары әзірге жоқ", – деп түсініктеме берді ол. 

Басқарма өкілдері кезінде бұл жерде жанармай құю станциясын салу туралы жоспар болғанын да еске салды. Алайда, тұрғында қалашық тұрғындары қарсы болғаннан кейін ол құжаттан мүлде алынып тасталып тек коммерциялық ғимараттар салу шарттары қалдырылған. 

Тұрғындардың көптеген шағымдары бойынша "Saba Group" компаниясының президенті Ілияс Карбозов та түсіндірме берді. Оның айтуынша, жер учаскесінде құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Әзірге жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. 

"Біз ашық әрі әлеуметтік жауапкершілікті компаниямыз. Сондықтан біз үшін ғимараттарды тұрғызумен қатар оның жанындағы үйлердің тұрғындарына жайлы жағдай жасау да маңызды. Расы керек, бұл жер учаскесі көп уақыттан бері бос тұр. Оны ешкім пайдаланбай келді, ол арқылы тұрғындар мен жақын маңдағы жоғары оқу орындарының студенттері аялдамаға қарай өтетін. Қараусыз болғандықтан, мұнда қоқыс жиналады, ал адамдар бұл жерді стихиялық тұрақ алаңына айналдырып алған", – деді ол. 

Құрылыс жоспары

Оның сөзінше, жобалау кезінде тұрғындардың біраз тілегі мен аэрациялық, сейсмикалық жағдайларға байланысты эскиздерге бірқатар түзетулер енгізілген. Мәселен, салынуы тиіс 9 қабатты ғимарат тұрғын үйлерден 50 метр қашықтықта болады. Ал үйлерге жақын жерде бой түзейтін ғимарат үйлерге күн сәулесін көлегейлемеуі үшін қабат саны 3-5-ке дейін төмендетілген. 

"Бұған қоса, біз тұрғындарға инженерлік желіні жаңарту, үйлердің кіреберісі мен қасбетіне жөндеу жұмыстарын жүргізу секілді өз көмегімізді ұсынып отырмыз. Бұл маңда студенттер көп болғандықтан, оларға арналған демалыс не тамақтану орнын да ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Орындықтары, жарығы бар бульвар түріндегі жаяу жүргінші жаяу жүргінші жолын да қарастырдық", – деді құрылыс компаниясының басшысы. 

Кездесуде бұл жер учаскесінде мектеп салу секілді ұсыныстар да айтылды. Жердің рұқсат қағаздары секілді нақтылауды қажет ететін сұрақтар да қойылды. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің ұсынысы бойынша, мұндай сұрақтар мен мәселелер мемлекеттік орган өкілдерінің ұйымдастыруымен өз алдына жеке-дара қаралатын болды. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары