Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы Алматы облысының табиғаты көркем, асқар таулы, тарихы терең өңірлерінің бірі – Кеген ауданында да өте жүйелі түрде жүзеге асырылып, өз жемісін беріп жатыр. Өңір халқы атқарылып жатқан жұмыстардың мемлекеттік және әлеуметтік маңызын терең түсініп, қоршаған ортаны жақсартуға, экологиялық ахуалды оңтайландыруға бір кісідей атсалысып жатыр.
Ауқымды жұмыстың нақты көрсеткіштері мен статистикасы
"Кеген ауданында атқарылып жатқан экологиялық реформалардың нәтижесін құрғақ сөзбен емес, нақты сандармен және ресми статистикалық мәліметтермен өте айқын дәлелдеуге болады. Бұл көрсеткіштер әрбір ауыл тұрғынының, әрбір мекеме қызметкерінің төккен тері мен адал еңбегінің айғағы", – дейді Кеген ауданы "Ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бас маманы Ринат Құрман.
Бүгінгі күнге дейін "Таза Қазақстан" акциясы аясында Кеген ауданында жалпы саны 162 іс-шара ұйымдастырылды. Осынау жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 151 көше мен 2943 аумақта ауқымды санитарлық тазалық жұмыстары атқарылып, қоршаған ортаға зиянын тигізіп жатқан 112 тонна қоқыс арнайы белгіленген орындарға полигондарға шығарылды.
Атқарылған бұл үлкен іске 12 мыңнан астам аудан тұрғыны мен 59 арнайы техника жұмылдырылды. Мұнымен қоса, халық арасында экологиялық насихатты күшейту, тазалыққа үндеу мақсатында аудан аумағында, адам көп жиналатын орталықтар мен күре жолдардың бойында 12 билборд пен 1 үлкен заманауи LED экран орнатылып, ақпараттық-насихат жұмыстары жандана түсті.
Оқи отырыңыз: Көлсай, Қайыңды, Мұзтау және Хан Тәңірі. Кеген ауданы туризмді қалай дамытып отыр?
2026 жылдың басынан бері аудан көлемінде санитарлық тазалықты сақтау, өңірді жасыл желекке бөлеу және елді мекендерді заманауи үлгіде абаттандыру бағытында кешенді жұмыстар тоқтаусыз, жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Бұл іске аудан әкімдігі мен ауылдық округ әкімдіктері ғана емес, бүкіл қоғам өкілдері, түрлі сала мамандары жұмылды. Мемлекеттік мекемелер, білім беру ұйымдары, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, жалынды жастар, еріктілер мен белсенді тұрғындар бір мақсатқа бірігіп, елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда.
"Көктем туысымен барлық ауылдық округтерде кең көлемді сенбіліктер тізбегі ұйымдастырылды. Көпшіліктің күшімен көшелер мен саябақтар, қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандардың айналасы ретке келтірілді. Су жүретін арық жүйелері күл-қоқыстан арылып, судың еркін ағуына жағдай жасалды, сондай-ақ автожол жиектері толықтай тазартылды. Сонымен қатар, экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында өңірдегі өзен-көл жағалаулары қоқыстан аршылып, қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіріп, эстетикалық түрді бұзып тұрған заңсыз пайда болған қоқыс орындарының көзі біржолата жойылды. Көше сәнін келтіретін ағаштарды әктеу, балалардың ойын алаңдарын, спорттық зоналарды қалпына келтіру және айналаны көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде, тоқтаусыз атқарылып келеді", – деді басқарма өкілі.
"Парктер шеруі" және "Киелі мекен": Тарих пен табиғатқа құрмет
"Таза Қазақстан" республикалық акциясы мен "Парктер шеруі – 2026" табиғатты қорғау науқаны аясында Кеген ауданында өте ауқымды экологиялық іс-шара өтті. Мыңға жуық адам қатысқан бұл басқосуда аудан аумағында бір күннің ішінде 5100 түп ағаш көшеті отырғызылып, табиғатты қорғауға бағытталған маңызды қадамдар жасалды. Егілген әрбір тал – болашақ ұрпақтың таза ауасы мен өңірдің жасыл қалқаны болмақ.
Аудан жұртшылығы қоршаған ортамен қатар, бабалар ізі қалған тарихи-мәдени мұраларды сақтауды да басты назарда ұстап отыр. "Киелі мекен" апталығы шеңберінде ерекше тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл күні тарихи маңызы зор, елдік пен ерліктің символы саналатын Ереуіл төбе ескерткіші, көне дәуірден сыр шертетін Балбал тас кешені мен мал кіндігі, қазақтың құтты мекені – Мыңжылқы жайлауы қоқыстан толықтай тазартылып, қасиетті орындардың айналасы ерекше реттілді. Бұл іс-шара тұрғындардың, әсіресе жастардың өз тарихына, мәдени құндылықтарына деген құрметін көрсетті.
Оқи отырыңыз: "Ауылда да Астанадағыдай тұрғымыз келеді". Экс-спортшы Нұрбақыт Теңізбаев қалай "Хит әкім" атанды?
"Тазалықты сақтау – тек сыртқы ортаны механикалық түрде тазалаумен шектелмейді, ол ең алдымен адамның санасында, ішкі мәдениетінде сақталуы тиіс. Осы мақсатта аудандағы білім ошақтарында жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін арттыруға, табиғатты аялау сезімін оятуға бағытталған іс-шаралар қарқын алды. Аудан мектептерінде арнайы ашық сабақтар, экологтармен және өлкетанушылармен танымдық кездесулер мен түрлі деңгейдегі акциялар өткізіліп жатса, жастар арасында еріктілік жобалары мен тұрғындарға арналған түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Мұндай қадамдар жас буынның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға зор септігін тигізіп отыр. Өңірлік даму жоспарына сәйкес, биыл Кеген ауданы бойынша жалпы саны 11 250 түп ағаш отырғызу межеленген. Бүгінгі таңда бұл жоспардың 8565 көшеті жерге егіліп, жасыл аймақтардың аумағын кеңейту жұмыстары өз жалғасын табуда. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін жоспардың толық әрі сапалы орындалатынына кепілдік береді.
"Таза Қазақстан" акциясы ауданымызда туған жерге деген шынайы сүйіспеншілікті оятып, азаматтық жауапкершілік пен жұртшылықтың береке-бірлігін нығайтуға баға жетпес үлес қосып отыр. Нақты сандарға тоқталатын болсақ, биыл біз аудан бойынша 11250 түп ағаш отырғызуды жоспарлаған едік. Қазіргі таңда оның 8 565-ін топыраққа егіп, баптап жатырмыз. Бұл – жылдық жоспардың шамамен 76 пайызы орындалып үлгерді деген сөз. Қалған бөлігі міндетті түрде жыл соңына дейін отырғызылады. Осы уақытқа дейін атқарылған 162 іс-шараға 12 мыңнан астам адам өз еркімен, жүрек қалауымен қатысты. Бұл – халықтың экологиялық санасының өскенін көрсетеді. Сондай-ақ, 59 арнайы техниканың көмегімен 112 тонна қоқыстың шығарылуы – қажырлы еңбекті талап етті. 151 көше мен 2 943 аумақтың тазаруы ауданымызға жаңа дем бергендей болды. Біз ақпараттық жұмыстарға да ерекше мән беріп, 12 билборд пен 1 LED экран арқылы тұрғындарға үндеу жолдап отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да еш бәсеңдемейді, қарқынды түрде жалғаса береді. Аудан тұрғындары табиғатты қорғау мен туған өлкенің көркеюіне бұдан былай да бір кісідей атсалысады деп нық сеніммен айта аламын", – деп мәлімдеді Кеген ауданының "Ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бас маманы Құрман Ринат Керімбайұлы.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл жобаның стратегиялық маңызы өте зор. Ол тек бүгінгі күннің экологиялық мәселелерін шешіп қана қоймайды, болашақ салауатты ұрпақтың қалыптасуына негіз қалайды. Жасыл желекке бөленген, ауасы таза, суы мөлдір өлкеде өскен баланың денсаулығы да мықты, отаншылдық рухы да биік болары сөзсіз.
Оқи отырыңыз: Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіші Кегеннің қай тұсына қойылады? Ауыл тұрғындарымен әңгіме
Кеген ауданында басталған бұл жасампаз істер алдағы уақытта да өз бағытынан таймай, өңірдің экологиялық ахуалын жүйелі түрде жақсартуға және тұрғындардың береке-бірлігін арттыруға қызмет ете бермек. Табиғатты қорғау – баршамызға ортақ іс, ал оған үлес қосу – әрбір саналы жанның перзенттік парызы болып қала береді.