Таяуда Алматыда саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай ас беріліп, онда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы көңіл хаты оқылды. Президент хатында елі үшін аянбай еңбек еткен азаматқа туған жері – Алматы облысының Кеген ауданында ескерткіш орнату қажет деп жазды.
Кеген ауданында 30 мыңға тарта адам тұрады. Оның 10 мыңға жуығы – аудан орталығы Кеген ауылының тұрғындары. Информбюро порталының тілшілері Алматыдан 250 шақырым жерде тау етегінде орналасқан осы ауылға арнайы ат басын тіреп, Заманбек Нұрқаділовтің көзін көрген адамдармен жолықты. Заманбек Нұрқаділовтың ескерткіші қай тұсқа қойылады? Бұл сұрақтың жауабын жауапты тұлғалармен бірге іздеп, ауыл тұрғындарының да пікіріне құлақ түрді.
Кеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбекұлы ескерткіш жайлы жақсы жаңалықты аста өз құлағымен естіген. Астан келе сала Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевпен бірге ақсақалдарды жинап, ескерткішті қайда қоюға болатынын ақылдасқан екен.
"Бұл жаңалықты күткен жоқпыз. Бүкіл ел-жұрт қатты қуанып, риза болдық. Заманбек аға халқы үшін, елі мен жері үшін қызмет етті. Алматы қаласына істеген еңбегі өте үлкен. Жай құрылысшыдан бастап, жауапты қызметтерді атқарды. Алматының көркеюіне, халықтың тұрмысының жақсы болуына бір кісідей үлес қосты. Жаңалықты қуанышпен қарсы алдық", – деді ақсақал.
Ескерткіш қойылуы мүмкін үш орын
Бір топ азамат ауылды екі күн аралап жүріп, үш орынды белгілеген. Соның бірі – Кегеннің кіреберісіндегі оң жақтағы 1,5 гектарлық парк аумағы. Бұл жолдан Кегенге келген қонақтар ғана емес, Нарынқолға, Қырғызстанға бара жатқан жолаушылар да өтеді.
Ауылға кірген соң өр басталды. Өрден өткеннен кейін JAN KEGEN деген жазуды көзіміз шалды. Екінші орын деп болашақ өнер мектебінің аумағы белгіленген. Бұл жерден де Кегеннің сұлу табиғаты көрінеді.
Кеңес Одағы кезінде салынған бұрынғы астық қабылдау пунктінің кеңсесі биыл күрделі жөндеуден өтеді. Оған бюджеттен 301 миллион теңге бөлінген. Мердігер анықталғаннан кейін жөндеу жұмыстарына бес ай кетеді.
Бос қалған екі қабатты ғимарат жөнделіп, өнер мектебіне айналған соң оған Заманбек Нұрқаділовтің аты берілмек.
Үшінші орын да осы маңда өнер мектебінің алдында орналасқан.
"Аудандағы үлкен ақсақалдармен бірлесе отырып, аудандық маслихат депутаттары және белсенді тұрындардың басын қосып, ескерткіш қоюға лайық жерлерді көріп шықтық. Оған қоса, күрделі жөндеуден өтетін өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің атын береміз. Қыркүйекке дейін бітіріп, пайдалануға берсек деп отырмыз. Алдағы күндері ол кісінің туыстарын, осы өңірден шыққан үлкен азаматтардың басын қосып, ескерткіштің нақты орнын белгілейміз", – деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.
Орын таңдалған соң Алматы облыстық мәдениет басқармасы ескерткішті қою жөнінде конкурс өткізеді. Ал облыстық мәслихат отырысында қанша қаражат бөлінетіні шешіледі. Ескерткіш Заманбек Нұрқаділовтің 80 жылдығына орай жыл соңына дейін бой көтеруі мүмкін.
"Аудан жұртшылығы, ел-жұрт ризалығын білдіріп, әлеуметтік желіде "ауданымызда ескерткіштер жақсы жерде қойылса екен" деп жазып жатыр. Кеше ғана облыс әкімдігіне барып, осы үш жерді көрсеттік. Қанша қаражат керек екенін есептеп жатырмыз. Елге еңбек сіңірген тұлғалардың еңбегі бағаланып, ақталғанына қуаныштымыз", – деді Нұрбақыт Теңізбаев.
"Ешкімнен қорықпайтын еді"
Заманбек Нұрқаділовтің көзін көрген Сабыр Досымбекұлы мемлекет қайраткерін мінезі тік, батыр, халықтың ұлы екенін дәлелдеген адам деп еске алды. Ақсақал туып өскен жері Кегенде ғана емес, саналы өмірі өткен Алматыда да ескерткіш қою керек деп есептейді.
"Айтса, орындамай қоймайтын адам болған. Ол кісінің іскерлігін Дінмұхамед Қонаевтың өзі ұнатып, құрылыстарын барып көрген. Ағамыз халқы үшін қызмет етті. Бір-ақ нәрсесін айтайын. Кеңес үкіметі кезінде қазақтарға Алматыда тіркелу қиын болды. Зиялы қауым қалада қалайын десе, тұратын жер жоқ. 1970-жылдары Алматыдағы қазақтар саны бар-жоғы 9,5% болды. Қалған 90 пайызы – басқа ұлт өкілдері. Қандай әділетсіздік. 1990-жылдары қазақ жастары оянып, "Неге біз Алматыда тұрмауымыз керек?" деді. Сол кезде Алматы әкімі болған Заманбек Нұрқаділов жер мәселесін шешті. Шаңырақ, Думан, Қалқаманды қазір қазақ қоршап қалды. Осының бәрі Зәкеңнің батырлығы деп білемін. Басқа біреу болса көлеңкесінен қорқып жүрер еді. Ал ол кісі ештеңеден қорықпады", – деді ақсақал.
Кеген ауданының құрметті азаматы Марат Тақабаев мемлекеттік қызметте жүргенде Заманбек Нұрқаділовпен бірге жұмыс істеген екен.
"Заманбектің туған ауылына ескерткіш орнату бастамасын аудан халқы өте зор құрметпен қабылдады. Заманбек жолдаспенен бірге жұмыс істедім. Ауданға да еңбегі сіңді. Мәселен, 2000-жылдары экономикамыз ауыр кездері қабырғасы қамыстан жасалған Жалаулы мен Ақсайдағы мектептер тозып тұрды. Әкім ретінде сол кісіге хат жаздым. Заманбек Нұрқаділов шұғыл шара қабылдап, облыстық оқу және жоспарлау бөлімінің басшыларын жіберді. Сол жылы Ақсайда екі қабатты жақсы мектеп салынды. Жалаулыда да мектеп бой көтерді. Әлі күнге дейін халық алғыс айтады. Кейін Ақсай мектебінде халықпен кездесті. Зәкең қысқа да, батыл сөйлейтін адам еді. Енді ол кісі туралы жақсы еңбектер жазылса екен деймін", – деді Марат Тақабаев.
Бала кезде бірге ойнап, бір мектепте оқыған Заманбек Нұрқаділовтің ауылдасы Бейсебай Әлімжановтың үйіне бардық. Ол өзін Заманбектің інісімін деп таныстырып, естеліктерін айтып берді.
"Біз Заманбек демейтінбіз, Сашка дейтінбіз. Мектепте қоғамдық жұмыстың бәрін атқарды. Қолынан кітабы түспейтін, өте пысық, керемет азамат еді. Сыныбында жасы да, бойы да кіші Заманбек еді. Сол сыныптың балалары түгел институтта оқыды, бірақ ешқайсы ауылға қызмет істеуге келмеді. Ол тұста Кеген аудан орталығы емес еді. Өнеркәсіп, мекеме жоқ. Заманбек оқуын бітірген соң Алматыда қалды. Екі нағашысы осында болды. Былтыр үлкен нағашысының үйін бұзып тастады. Бала күнімде Заманбектің үйіне барып тұрдым, содан жақсы білемін. Кейіннен тек қызмет бабымен араластық", – деді Бейсебай Әлімжанов.
300 үйді 2,5 айда салдырды
Бейсебай ағаның сөзінше, 1978 жылы ауданда қатты жер сілкінгенде көп үй мен ғимарат қирап, Кеген ауданында үй салу жөнінде үкімет қаулысы шығады. Қаулыны іске асыруға ауылға Заманбек Нұрқаділов келеді. Сол кезде КСРО мемлекеттік банкі Кеген бөлімшесінің директоры болған Бейсебай аға Заманбекпен жұмыс істейді.
"Тапсырма беріп, құрылыс біткенше басында боласыңдар деді. Штабта үш ай қасында жүрдік. Үйі қираған халық жауын астында қалып, палаткада, киіз үйде отыр. Бәрінің бала-шағасы бар. Олар малын бағып, ет өндіріп, егін егіп жұмыс істеп жатыр. Олардың үй салуға уақыты жоқ. Үйлерін жақсылап салып, бір күн кешіктірмей бітіріп бересіңдер деді. 300 үй салу оңай емес. Қаражат бөлуді маған тапсырды. Заманбектің ұйымдастыруының арқасында екі жарым айда бітірдік. Бәрінің ақшасын төледік", – деді ол.
Ақсақал Заманбек Нұрқаділовтің жады мықты болғанын, көрген жерде ұмытпай ауылдастарын сұрайтынын еске алды.
"Мерейтойда бірге болдық. Заманбек ауылдастарын сұрады. Жады деген сұмдық. "Әлгі Дәулетшіл деген татар қайда, Қасымхан деген комбайнер қайда? Бала-шағалары аман ба, оқуға түсті ме?" дейді. Халықтың жағдайын сұрайтын аяулы азамат еді. Заманбектің көріпкелдігі, даналығы ма деп ойлаймын. Нағашысы қайтыс болғанда ауылға келді. Бөлесімен әңгімелесіп тұрғанда "Бейсебай Кегеннен өмірі көшпейді" деді. Заманбек соны неге айтты екен деп жатсам-тұрсам ойлаймын. Алматыда үйім де болды, жағдайым да болды. Бірақ, туған жерімнен кетуге ынтам болған жоқ", – деді Бейсебай Әлімжанов.
Бейсебай аға ескерткіш қою туралы жаңалықты ести сала құрдастарына хабарласып, бір-бірінен сүйінші сұрасқан. Ол Алматыға да үлкен ескерткіш қойылса, үлкен бір көшеге аты берілсе деп тілейді.
"Айтқанынан қайтпайтын, қолынан іс келетін, қазақ деп жүреге соғатын арыстай азамат сұраусыз қала ма деп едік. Заманбекке ескерткіш аз, себебі қазаққа, еліне атқарған жұмысы көп. Алматыға қазақты апарған – Заманбек. Соның ерлігі, адамгершілігі. Ол өзіне бір метр жер алған жоқ. Өз басына пайдаланған жоқ. Өзінің туыстарына берген жоқ. Ол бүкіл қазаққа берді. Алматыда көп дүние істеді. Биліктегі азаматтарға талап қойып, жұмыс істемей жүргендерін бетіне айтты. Мұны басқа ешкімнен көрген жоқпын", – деп ақсақал көзіне жас алды.
Бейсебай ағаның інісі де Заманбек Нұрқаділов көп адамды жатқа білгенін, қарапайым болғанын айтты.
"Ауылға қонақ болып келгенде "Кегенімді сағындым" әнін айтып бердім. Сонда "көп нәрсені еске түсірдің ғой" дегені бар. Қаншама бастықты, мықтыларды көрдік. Бірақ дастархан басында ол кісідей жайдары адамды көрген жоқпын. Мен аудандық мәдениет үйінің директоры ғана едім. Зәкең әр адаммен деңгейлес сөйлесетін. Кеуде кермейтін. Соған таң қалдым", – деді ол.
Бейсебай ағаның үйінен шыққан соң Кеген тұрғындардың пікірін сұрап білуді жөн көрдік. Қыс болған соң көшеде көп жан болмаса да, көп ұзамай екі адам ұшырасты.
"Еліміздің елеулі азаматы болған соң ескерткіш тұрғызуды құптаймын. Халқына адал қызмет еткен жерлесіміз. Сол кісідей халқын, жерін ойлаған азаматтарымыз көп болса екен деймін", – деді Кеген ауылының тұрғыны Назгүл Беркімбекова.
Мәкен Сейілханқызы Заманбек Нұрқаділовті халқына адал қызмет еткен, еңбекқор, елін сүйген қазақтың біртуар ұлы, мықты саясаткер деп білетінін, сол себепті халық ұмытпауы үшін ескерткіш орнат қажет екенін айтты. Ал Дәурен Жұмабай болса, жаңалықты әлеуметтік желіден естіп білген.
"Ол кісінің ауданға, облысқа ғана емес, бүкіл қазақ еліне еңбегі зор. Халық арасынан шыққан асыл азаматтарымыздың еңбегі еленуі керек. Көшеге, мекемеге есімі берілсе де құптаймын. Кеген халқы ол кісіні жақсы таниды. Халқына, еліне жасаған еңбегін еңбектенген баладан еңкейген шалға дейін біледі. Бұл шешім жайында халық тек жақсы пікірде", – деді ол.
Биыл Кеген ауданында Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіші бой көтеріп, өнер мектебіне аты беріледі. Мемлекет қайраткері туып өскен өңір тұрғындары бұл бастамалар жалғасын табады деп сенеді.