Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Талас Омарбеков өмірден озды. Ақпаратты әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің баспасөз қызметі растады.
Талас Омарбеков 1948 жылы 29 мамырда Жамбыл облысы Байзақ ауданы Ақжар ауылында туған. ҚазПИ-ді бітірген (1971). Еңбек жолын Жуалы және Байзақ аудандарында орта мектепте мұғалім болып бастаған. 1980-2001 жылы ҚазПИ-де, Қазақстан КП ОК жанындағы Партия тарихы институтында, "Ақиқат" журналында, Қазақ ұлттық университетінде ғылыми-педагогикалық, шығармашылық қызметпен айналысты. 2001 жылдан ҚазҰУ-дегі ежелгі және ортағасырлық Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі болды.
Мұхаммед Хайдар Дулати мұраларын, орта ғасырлардағы тарихи тұлғаларды ұлттық көзқараста зерделеп, Отан тарихын кезеңдеудің теориялық-методологиялық мәселелері бойынша бірқатар зерттеулер жүргізді. Қазақстанда сталиндік тоталитарлық жүйенің орнығу тарихы мен оның салдарын зерттеген алғашқы отандық тарихшылардың бірі болды. Ол 20 ғасырдың 1920-1930 жылдары Қазақстанда байларды тәркілеу, шаруаларды күштеп ұжымдастыру саясатының зардаптарын ашып көрсетіп, сол тарихи кезеңде орын алған халық наразылықтарына жаңа тарихи көзқарас қалыптастырды.