Тікелей эфир

Таразда миллиондаған теңгенің әлеуметтік азық-түлігі қоймада шіріді. Кім кінәлі?

Кәсіпкерлер бұл өңірде қымбатшылыққа әкелетінін айтып отыр.

Жамбыл облысында миллиондаған теңгеге алынған әлеуметтік азық-түлік қоқысқа айналды. Соның салдарынан дүкен сөрелері босап қалған. Әлеуметтік дүкен желісінің басшылары бұған Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын айыптап отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Өңірде әлеуметтік дүкен желісінің ашылғанына екі жыл болған. Мұндағы мақсат – дүкендер Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан қаржыландырылып, азық-түлікті арзан бағамен сатуы тиіс болған. Алайда, бүгінде сөрелері бос тұр.

"Он күннен асты, тауар мүлдем аз келіп жатыр. Халыққа жетпейді. Халық наразы. Сүт, картоп, пияз, сәбізге қолдары жете алмай отыр. Мұнда қазір әлеуметтік азық-түлік жоқ", – дейді дүкен сатушысы Гүлжан Нұрымбетова.

Ал корпорацияның қоймасындағы тоңазытқыш істемей қалып, пияз, сәбіз, картоп, қырыққабат сияқты көкөністі қоқысқа тастауға мәжбүр болған. Кәсіпкерлер бұған Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын айыптайды. Өйткені, корпорация басшылығы Үкімет басшысына көрсетеміз деп, азық-түлік тауарларының бәрін тоңазытқышқа жинатқан. Осылай салғырттық танытып, тауарды қолдан шіріткен.


Оқи отырыңыз: Азық-түлік экспортына шектеу қойылуы мүмкін


"Өңірге үкімет басшысы келген. Сол кісіге жасалған жұмыс нәтижесін көрсету мақсатында бізге осындай өтініш қылды. Содан көкөністерімізді камераларға сақтауға өткізгенбіз. Бірақ та олар салғырттық танытып дұрыс қадағаламай, көкөністердің бәрін шірітіп жіберді", – дейді Әлеуметтік дүкендер желісінің атқарушы директоры Рахат Ашимов.

Осылайша, Үкімет басшысына мақтанып көрсетеміз деп қолдағы азық-түлікті жарамсыз еткен. Бірақ, бұл уәжбен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация басшысы келіспейді.

"Кәсіпкер айтқан қоймадағы бұзылған азық-түлікке Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен әкімдіктің еш қатысы жоқ. Ол көкөніс тарату пункті екі жеке кәсіпкердің арасындағы шаруа. Ал әкім айтқан соң апардық дегені жалған", – дейді "Тараз" ӘКК" АҚ корпорациясының басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыров.

Серіктестер жаңалықтары