Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының биылғы шілдедегі әлемдік әуе тасымалы нарығына қатысты есебіне сәйкес, Таяу Шығыстағы жағдайдың әуе тасымалына әсері әлі баслыар емес. Мәселен, шілдеде жолаушылар тасымалының жалпы сұранысы өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 0,2 пайызға ғана артқан. Таяу Шығыс нарығын есептемегенде, өсім 1,2 пайызды құрады.
"Халықаралық жолаушылар тасымалына сұраныс 0,1 пайызға төмендегенімен, Таяу Шығыс әуе компанияларын есепке алмағанда, көрсеткіш 1,5 пайызға өсті. Ішкі әуе тасымалы нарығында сұраныс 0,6 пайызға артты. Ең жоғары өсім Қытай мен Бразилияда тіркелді. Ал АҚШ, Австралия және Үндістан нарықтарында сұраныстың төмендеуі байқалды. Халықаралық бағыттар арасында ең жоғары өсім Еуропа мен Азия арасындағы бағыт бойынша тіркеліп, 12,1 пайызды құрады", – делінген IATA есебінде.
Дегенмен, сарапшылар Таяу Шығыс әуе компанияларындағы жолаушылар ағынының төмендеу қарқыны да біртіндеп баяулап келетінін атап өткен. Олардың айтуынша, жыл басында өңірдегі тасымал көлемі екі таңбалы көрсеткішке төмендеген.
IATA-ның тұрақты даму жөніндегі аға вице-президенті әрі бас экономисі Мари Оуэнс Томсеннің айтуынша, Солтүстік жарты шардағы жазғы туристік маусымның ең қызған кезеңі әуе тасымалы саласы үшін жемісті болды.
"Экономикалық және геосаяси сын-қатерлер сақталғанына қарамастан, әуе компаниялары жылдың қалған бөлігіне қатысты сұранысқа сеніммен қарайды. Мұны қыркүйекке жоспарланған тасымалдау сыйымдылығының шамамен 3 пайызға ұлғаюы да көрсетеді", – дейді ол.
Сондай-ақ, әуе жүк тасымалы нарығында да оң динамика сақталған. 2026 жылғы шілдеде жүк тасымалына сұраныс (CTK) өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда 3,9 пайызға өсті. Ал жүк тасымалдау сыйымдылығы (ACTK) 1,7 пайызға артты.
Жаһандық сұраныс өсімінің 90 пайыздан астамын Азия-Тынық мұхиты өңірі, Еуропа және Солтүстік Америка әуе компаниялары қамтамасыз еткен.
2027 жыл басында Алматыдан Гонконгке тікелей әуе рейсі ашылады. Билет қанша тұрады
Вьетнамдық әуе компаниясы Алматыны Еуропа мен Үндіқытаймен байланыстырады