Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы әлемдік авиация саласына қатысты болжамын төмендетті. Сарапшылардың айтуынша, Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстың салдары мен авиаотын бағасының күрт өсуі әуе компанияларының қаржылық нәтижелеріне айтарлықтай әсер етуде.
IATA болжамына сәйкес, 2026 жылы әлемдік авиакомпаниялардың жиынтық таза пайдасы 23 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл бұрын болжанған 41 млрд доллардан екі есеге жуық төмен және 2025 жылғы 45 млрд долларлық көрсеткіштен де айтарлықтай аз. Саланың таза рентабельділігі 2026 жылы 2 пайыз деңгейінде болады деген болжам бар. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 4,2 пайызды құраған. Бір жолаушыдан түсетін таза пайда да төмендеп, 2025 жылғы 9,1 доллардан 4,5 долларға дейін қысқарады.
Сондай-ақ операциялық пайда 76,4 млрд доллардан 48 млрд долларға дейін азаяды. Инвестицияланған капиталдың табыстылығы (ROIC) 4,3 пайыз деңгейінде қалыптасады деп болжанып отыр. Бұл капиталдың орташа құнынан (8,5%) едәуір төмен, яғни сала сыртқы экономикалық және геосаяси тәуекелдерге әлі де өте тәуелді екенін көрсетеді. Соған қарамастан, авиация индустриясының жалпы кірісі өсуді жалғастырады. 2026 жылы саланың жиынтық табысы 1,165 трлн АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға артады деп күтілуде.
Жолаушылар тасымалы да өсім көрсетеді. IATA дерегіне сәйкес, 2026 жылы әлем бойынша 5,1 млрд адам әуе көлігін пайдаланады. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға көп. Әуе компаниялары ұшақ орындарының орта есеппен 84 пайызын толтырып, жүктеме коэффициенті бойынша жаңа рекорд орнатады.
IATA бас директоры Уилли Уолштың айтуынша, Таяу Шығыстағы қақтығыс пен отын бағасының қымбаттауы авиация саласының қаржылық перспективаларын айтарлықтай нашарлатқан.
"Қосымша шығындардың бір бөлігін тарифтерді көтеру және тиімділікті арттыру арқылы өтеуге мүмкіндік бар. Алайда бұл бұрынғы табыстылық деңгейін сақтап қалуға жеткіліксіз", – деді ол.
Салаға негізгі қысымды авиаотын шығындары түсіріп отыр. Биыл авиакомпаниялардың жанармайға жұмсайтын шығындары шамамен 40 пайызға өсіп, 350 млрд долларға жетеді деп күтілуде. Авиациялық керосиннің орташа бағасы өткен жылмен салыстырғанда 70 пайызға жуық қымбаттап, бір баррелі үшін 152 доллар болады. Бұған қоса, жеткізу тізбегіндегі проблемалар, жаңа әуе кемелерінің тапшылығы және әлемдік экономиканың баяулауы да саланың дамуын тежеп отыр. IATA мәліметінше, 2026 жылы жаһандық ЖІӨ өсімі 2,5 пайызға дейін төмендейді. Әлемнің көптеген өңірлерінде авиакомпаниялар табысты жұмысын жалғастырғанымен, олардың қаржылық көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда төмен болады.
Ең күрделі жағдай Таяу Шығыста қалыптасады. Егер 2025 жылы өңір авиакомпаниялары 7,2 млрд доллар таза пайда тапқан болса, 2026 жылдың қорытындысы бойынша 4,3 млрд доллар көлемінде жиынтық шығынға ұшырауы мүмкін. Бұған жолаушылар ағынының азаюы, рейстердің тоқтатылуы, әуе кеңістігіндегі шектеулер және шығындардың артуы әсер етуде. Геосаяси тұрақсыздық пен билет бағасының қымбаттауына қарамастан, жолаушылардың авиацияға деген сенімі жоғары күйінде қалып отыр.
2026 жылдың сәуір айында IATA жүргізген сауалнамаға 15 елден 6 500 адам қатысқан. Нәтижесінде респонденттердің 97 пайызы соңғы әуе сапарына қанағаттанғанын айтса, 91 пайызы авиацияны қауіпсіз көлік түрі деп бағалаған. Ал 41 пайызы алдағы 12 айда бұрынғыдан да жиі саяхаттауды жоспарлап отырғанын жеткізген.
"Бір жолаушыдан түсетін таза пайда небәрі 4,5 долларды құрайды. Бұл саланың тұрақтылығын көрсеткенімен, шығындардың немесе салықтық жүктеменің одан әрі өсуіне қарсы қорғаныс қоры өте шектеулі екенін аңғартады", – деді Уилли Уолш.

