Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы бес бірдей ауыл екі жарым мың гектарға жуық жерінен айырылып қалуы мүмкін. Себебі осыншама ауқымды алқап кезінде несие беруші компанияға кепілге қойылып кеткен. Бұдан бейхабар халық хаттамаға келісім беріп, сырттай қол қойылғанын енді білген, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Қазығұрт ауданындағы Махамбет ауылының халқы 3 жылдан бері жерін даулап келеді. 2005 жылы кооператив төрағасы ауылдың алқабын кепілге қойып, 21 млн теңгеге несие алған. Оның 3 млн теңге берешегін бергенімен қомақты соманың қалған қарызынан құтылу үшін қордағы қосымша жер өтемге кеткен. Ал сол кездегі төраға қайтыс болған.
"Терісбұлақтағы тауда 710 гектар жайылымымызды, Төбебұлақтағы 1180 гектар жайылымымызды беріп, несие жапқан. Кейін кепілден босаған соң жерді халыққа бөліп берген", – деді Махамбет ауылының тұрғыны Сансызбай Әшіров.
Кепілден босатылған жерді 2011 жылы жұрт жаппай жалға ала бастаған. Тіпті ұзақ мерзімді пайдалануға әкімнің шешімі шығып, мемлекеттік актіні де қолына алған. Алайда көпке ұзамай 2440 гектар жер несие беруші компанияның кепілдігінен босатылмаған болып шығады. Содан бері жұрт соттың табалдырығын тоздырумен жүр.
Оқи отырыңыз: "Жалған қол қойып, атымыздан несие алды". Солтүстікте ауыл азаматтары жер телімін серіктестіктен ала алмай отыр
Халық ауылдың алқабын кепілге қоюға рұқсат берген хаттамада жер иелерінің қойған қолы жалған деп отыр. Оны жеке куәлігіндегі қойылған қолмен салыстырып та берген.
"Жерімізден айырылсақ, аштан қатамыз. 32-ші жылғы қырғын бізге келейін деп тұр. Не деген сұмдық? Сыртымыздан қол қойып жіберген. Қараңғы халықты осыншама әбіржітуге бола ма?" – деді Махамбет ауылының тұрғыны Әсия Әшірова.
Таласқа түскен жер Махамбет ауылының тура төбесінен басталады. Шығысқа қарай 6 шақырым, оңтүстікке қарай 15 шақырымнан асып жығылады. Ауылдың арғы тұсындағы жердің көлемі бұдан да ауқымдырақ. Ал несиелендіруші компания кезінде қаржыны аграрлық несие корпорациясынан алып, кооперативке кредитке бергенін және оны толықтай қайтару керектігін айтып отыр.
"18 млн теңге Шарапхана өндірістік кооперативі тарапынан серіктестің есеп шотына құйылып берілетін болса, бұл дау бойынша біз кепілдіктен босатып, тыйымнан босату жөніндегі анықтама қағазын беруге дайынбыз", – деді "Қазығұрт несие" ЖШС басқарма төрағасы Ербол Жүзбаев.
Оқи отырыңыз: Жер телімін қалай үлкейтіп, бөлуге болады? Маңызды сұрақтарға жауап
Ал кооперативке кеткен сонша соманың соқыр тиынын да көрмедік деген көпшілік ұжымның берешегін неге қара халық өтеуі керек екенін түсінбей дал.