Жер телімін үлкейту, бөлу, сату немесе мемлекетке қайтарылған жерлерге өтемақы қалай төленеді? Бұл туралы Krisha.kz арнайы түсіндірме материалы әзірледі.
Жер телімін қалай үлкейтеді?
Жер көлемін ұлғайту – жер кесіп беру (прирезка) деп аталады, бұл сізге тиесілі телімді кеңейту үшін бос жатқан көрші жерді қосу қажет екенін білдіреді.
1. Ол үшін:
- Қосылатын жердің статусын біліңіз:
- ол сіздің жермен шектесіп жатуға тиіс;
- біреудің меншігінде болмау керек;
- құрылыс нысандары жоқ;
- ортақ қолданыстағы жер (мысалы, аула аумағы, жол, өткел) болмауы қажет.
2. Кейін дау туындамас үшін көршілеріңізбен келісіп, шекарасын белгілеп алыңыз.
3. Егер бәрі дұрыс болса, әкімнің атына өтінім жазыңыз.
Онда:
- Жер телімінің бұрыштық бұрылу нүктелерінің координаты көрсетілген нақты орны. Бұрылу нүктелерінің координаты – жер телімінің шекарасы. Оны жер өлшеуші техник белгілейді. Қызмет алу үшін ХҚКО-на немесе жеке ұйымға тапсырыс беруге болады.
- Қосылатын жердің ауданы.
- Пайдалану мақсаты жазылу керек.
- Негізгі жер теліміне берілген мемлекеттік актінің көшірмесін қоса беріңіз.
Өтінімді қалалық әкімдіктің кеңсесіне жазбаша немесе электронды түрде eotinish.kz порталында беруге болады.
Қарау мерзімі – 15 жұмыс күні. Оң шешім келсе, тиісті хабарлама аласыз.
Оқи отырыңыз: Жер салығынан кімдер босатылады?
Жер телімін қалай бөледі?
Бөлінетін жерді ғана бөлісуге болады, сондықтан жердің бөлінетін/бөлінбейтінін анықтау үшін әкімдік кеңсесіне өтінім беру қажет. Онда жер телімінің мекенжайын, қолдану мақсатын, бөлудегі мақсатты жазасыз.
Айтпақшы, бөлінетін/бөлінбейтіндігі мемлекеттік актіде көрсетіледі.
Өзiнiң нысаналы мақсатын өзгертпей және өртке қарсы, санитарлық, экологиялық, құрылыстық және өзге де мiндеттi нормалар мен ережелердi бұзбай бөлiктерге бөлуге болатын, бөлiнгеннен кейiн әрқайсысы дербес жер учаскесiн құрайтын жер учаскесi бөлiнетiн жер учаскесi болады, бұлай болмаған жағдайда ол бөлiнбейтiн болып табылады (ҚР Жер кодексінің 51-бабы).
Әкімдікке өтінімнен бөлек мынадай құжаттар өткізесіз:
- жер бөліктері мен онда бар құрылыс нысандарының көлемі көрсетілген телімді бөлу схемасы;
- мемлекеттік акт көшірмесі.
Жер телімінің бөлінетін/бөлінбейтінін анықтау үшін өтінім жергілікті жер қатынастары басқармасына жолданады. Қызмет тегін көрсетіледі. Атқарылу мерзімі – 15 жұмыс күні.
Қызмет жазбаша көрсетіледі. Сіз жерді бөлуге болады немесе болмайды деген хат аласыз.
Бөлінетін жердің бір бөлігін қалай сатады?
Жылжымайтын мүліктің бір бөлігін жеке телімі ретінде алдын ала айқындап немесе оған бөлек мемлекеттік акт рәсімдеп сатуға мүмкіндік бар.
Егер жер телімі бөлінбейтін болса немесе мүлік иелері ерікті түрде өз телімдерін біріктірсе, ол ортақ қолданыстағы мүлікке айналады. Үлес нақтылануы (үлестік меншік) немесе нақтыланбауы (ортақ мүлік) мүмкін. Меншік иелерінің арасында арнайы келісім немесе заңсыздық болмаса, әрқайсысы тең дәрежеде иелік етеді.
* Нақты бөлінген жер телімінде жеке шығатын бөлік және санитарлық торап болу керек, бұл талаптарды орындау мүмкін болмаса үлес бөлінбейді.
Егер үлесті нақты бөлу мүмкін болмаса, бөлетін жер иесі басқа қатысушылардан оның құнын төлеуді сұрауға құқылы немесе ол өз үлесін басқа адамға сата алады, тек жер бөлігі кондоминиум құрамында болмау керек. Дау туындаса, мәселе сотта шешіледі.
Оқи отырыңыз: Жылжымайтын мүлік салығын төлеу мерзімі биыл 2 қазанда аяқталады
Жер телімінің нысаналы мақсатын қалай өзгертеді?
Мұны әр меншік иесі істеуге құқылы. Өтінім elicense.kz порталы арқылы беріледі (алдын ала авторын көрсету керек).
Онда:
- кадастрлық нөмір, жер телімінің ауданы;
- жерге берілген мемлекеттік акт нөмірі, берілген күні;
- бюджетке төлем жасау қажет болған жағдайда жер телімінің кадастрлық құнының электронды актісінің көшірмесі;
- ШОБ субъектілеріне 10 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі;
- сұралатын нысаналы мақсаты жазылады.
Қызмет көрсету мерзімі – 13 жұмыс күні. Нәтижесі – жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулы. Оны elicense.kz-тегі жеке кабинеттен көшіріп алуға болады, ал түпнұсқасын жер қатынастары басқармасының кеңсесінен аласыз.
Жалға алу келісімінің талаптарын дұрыс орындаған жалға алушы жаңа мерзімге келісімшарт жасауға құқылы. Айтпақшы, бұл ел азаматтары жиі жүгінетін қызмет түрі. Ол үшін жалға алу мерзімінің аяқталуына үш ай қалғанда әкімдікке өтінім беру қажет.
Жерді мемлекет қайтарып алғанда қандай өтемақы беріледі?
Жер телімін мемлекет қажет болса, сатып алу немесе құны бірдей басқа жер беру арқылы алады. Өтемақы жердің нарықтағы құнына сай төленеді, оны тәуелсіз бағалау компаниясы, ал дау туындаса сот анықтайды.
Мемлекет жерді мынадай жағдайларда күштеп ала алады:
- әлеуметтік нысан – мектеп, балабақша, емхана және тағы басқа;
- инфрақұрылымды дамыту үшін – жолайрық, жолды ұзарту, метро салу және тағы басқа;
- энергетика нысандарын – кәріз-сорғы станциясы, су тарту, трансформатор станцияларын және тағы басқа салу үшін.