Тікелей эфир

Сымсыз құлаққап қатерлі ісік ауруын тудыра ма?

Әлеуметтік желіде сымсыз құлаққап пен өзге де гаджеттердің қаупі туралы ақпарат тарады.

Stopfake.kz бұл қауіпті ескерген екі жүзден астам ғалым оларды қолдануға қарсы петицияға қол қойды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

Басылымның жазуынша, сымсыз құлаққаптар құлаққа еніп, миды "сәулелендіретіндіктен" онкологиялық аурулар тудыратыны туралы қауесет желіде 2019 жылы-ақ тараған. Бірақ, ол кезде петицияға қазіргідей 250 емес, 200 ғалым қол қойды деп айтқан.

"Шындығында, ғалымдар сымсыз гаджеттерге тыйым салу туралы петицияға мүлдем қол қоймаған. Таратылған хабарламада ғалымдар тобының адамдарға арналған ұялы телефондар мен сымсыз құрылғылардан келетін иондаушы емес сәулеленудің қауіпсіздігін мұқият зерттеу туралы өтініштері жайлы айтылды. Мәтінде оларды пайдалануға тыйым салу туралы сөз жоқ", деп жазады Stopfake.kz.


Оқи отырыңыз: Жастар арасында қатерлі ісікке шалдыққандар көбейген. Диагностиканы ерте жасату не үшін маңызды?


Басылымның хабарлауынша, 2019 жылы жүргізілген зерттеу сымсыз құлаққаптардың сәулеленуі ұялы телефонға қарағанда 10-400 есе әлсіз екенін дәлелдеген. АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық қадағалау басқармасының сайтында 1999 жылы ұялы телефондардың жаппай тарала бастағаннан қазіргі уақытқа дейін ми ісігі ауруларының саны өспегені туралы ақпарат бар. Керісінше, бұл көрсеткіш, жыл сайын шамамен 0.2% төмендейді.

"Қорыта айтқанда, ұялы телефондарды пайдалану қатерлі ісік ауруларына шалдығу қаупін арттырмайды. Яғни, сәулеленуі әлдеқайда әлсіз құлаққаптар да бұл қауіпті арттыра алмайды.
Бұл мәселені зерттеген ғалымдар қатерлі ісік пен сымсыз гаджеттерді пайдаланудың арасындағы байланыстың нақты дәлелдерін таппады", деп жазады Stopfake.kz.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары