Тікелей эфир

Шымкентте ата-аналар "Мектепке жол" аясындағы көмектен қалай қағылды?

Ал мектеп басшылығы "Қазақстан халқына" қорынан келетін қайырымдылыққа сеніп қалғанын айтады.

Шымкентте әлі күнге дейін "Мектепке жол" акциясы аясында көмек ала алмай жүрген ата-аналар бар. Ұл-қызы Құрсай елді мекеніндегі жекеменшік мектептерде оқитын тұрғындар құрылтайшылардың құр сандалтып жүргенін айтады. Жаз соңында кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен аз қамтылған отбасылардың әр баласына 30 мың теңгеден ақша үлестіруге уәде берген. Бірақ, қараша айының ортасы болса да, қаржы ата-аналардың қолына тимеген, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Көп балалы аналар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы өкілдері акция аясында берілтін көмекті күтуден шаршағанын айтады. Олар бюджетте қарастырылмағандықтан, жекеменшік мектептің құрылтайшысы өз есебінен қаржы аударатынын туралы ресми хабарламаны тамыз айында алған. 

"Бірінші құрылтайшы өз есебінен ақшалай түсіріп береміз деді. Ол ақшалай түскен жоқ. 20 күн өткеннен кейін сертификат беріледі деді. Ол сертификат канцелярлық тауарға арналған болып шықты. Оның өзі қолымызға жеткен жоқ", – дейді ата-ана Роза Сейітжанова. 

Қаржылай көмек беріледі дегенді естіген ата-аналар бір күнде жаппай жеке шот ашып, дайындалған. Бірақ оқу басталып кеткен соң еріксіз қарызға қамдануға тура келгенін айтады.

"Қарыз алдық. Мен әлі төлей алмай да отырмын. Ай сайын қарыз келіп отыр. Соны жанталасып сұрасақ, жоқ бөлінбейді деп отыр бұлар", – деп ашынады ата-ана Бақытгүл Манасова.


Оқи отырыңыз:


Білім ұясының басшылығы "Мектепке жол" акциясы аясында құрылтайшы есебінен көмек берілетіні туралы хабарлағаны рас екенін айтады. Айтуынша, олар да "Қазақстан халқына" қорынан қарастырылады деген қайырымдылыққа сеніп қалған.

"Басында әлеуметтік статусқа ие отбасыларға құрылтайшы есебінен 30 мың теңгеден көмек береміз деп хабарлағанбыз. Кейін бізге "Қазақстан халқына" қорынан ақша аударылады, әр оқушыға сертификат беріледі" деді. Сосын біз жаңағы қаражатты мектептің материалдық базасына жұмсадық. Бірінші тоқсанның соңына дейін біз ол сертификатты күттік", – дейді әл-Фараби атындағы жекеменшік мектебінің директоры  Ұлдәмет Тасыбекова.

Ата-аналар жекеменшік мектеп құрылтайшыларының жағдайды "Қазақстан халқына" қорына сілтей салғанын түсінбей отыр.

Арнаның хабарлауынша, қоғамдық қор өкілдері оқу-ағарту министрлігінен көмекке зәру шәкірттердің тізімін сұратқанмен, ведомстводан ешқандай жауап келмеген. Сондықтан, қор қайырымдылыққа қатыспайтын болып шешкен. Осылайша, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мыңға жуық баласын қажетімен қамтамасыз етеміз деген құрылтайшылардың уәдесі орындалмайтын болды. 

Серіктестер жаңалықтары