Тікелей эфир

Көлігін оқушыларға жуғызған мұғалімді жұмыстан босатуға мектеп басшысы қарсы

Ұстазға қатаң сөгіс жарияланған.

Жамбыл облысында мектеп мұғалімі көлігін оқушыларға жуғызған. Мектеп формасын киген бірнеше баланың қара түсті көлікті жуып жатқан сәті видеоға түсірілген. Мұны көрген желі қолданушылары мұғалімді жазалауды ұсынып,  наразылық білдірген, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро"  ақпараттық бағдарламасы.

Видеодағы Сарыкемер мектеп гимназиясының оқушылары болып шықты. Бір ай бұрын болған жағдайға бүгінде құқықтық баға беріліп, ұстазға қатаң сөгіс жарияланған.

Арнаның хабарлауынша, оқушылар мұғалімнің көлігіне бірнеше рет әртүрлі сурет салып кеткен. Соңғысында тіпті анайы сурет салып масқаралаған. Бұған шамданған мұғалім оқушыларға көлігін жуғызған.  Сол сәтті "басқа оқушыларға сабақ болсын" деген ниетпен видеоға түсіріп, ата-аналар чатына өзі жіберген. Алайда мәселенің арты шуға айналып, мұғалімнің өзі сөгіс алған.


Оқи отырыңыз: "Ұн мен май таратты": Мемлекеттік мектеп оқушыларын жеке білім ошағына ауысуға үгіттеген кім?


Ал мектеп басшылығы бұл жағдайды "оқушылардың талапшыл ұстаздан балалықпен алған кегі" деп бағалап отыр. Бұл қысымға шыдамаған мұғалім жұмыстан кетуге арыз беріп қойған. Бірақ, директордың білікті кадрды жібергісі жоқ. Айтуынша, дәл осы мұғалім келгелі оқушылар ҰБТ-да математикадан үздік көрсеткішке қол жеткізе бастаған.

"Мұғалім білім сапасы үшін жүр. Сол үшін балалар бір емес, бірнеше рет алдында жай сурет салып жүрген. Оны елемеген екен. "Соңғысында жағымсыз сурет салған соң, көлікті өзім апарып жуғызуға ұялдым" деді. Оқушылар өздері де "Ағай, өзіміз салдық, өзіміз барып жуып берейік" деп айтыпты", –  дейді Сарыкемер мектеп гимназиясының директоры Гүлмира Есентаева.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары