Атырау облысында ата-аналар балаларын үш ауысымды мектепке жіберуге қарсы

Өйткені, мектеп маңайы қараңғы, жолы тегіс емес, оның үстіне бұралқы иттер көп жүреді.

Атырау облысында ата-аналар бастауыш сыныпта оқитын балаларын үш ауысымды мектепке жіберуге қарсы, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы. Ата-аналар мектептен кешкі уақытта қайтатын балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды.

Дау айтып, шағымдарын жеткізу үшін жиналған елуден астам ата-ана үшінші ауысымда білім алатын оқушылардың сабақ кестесін өзгертуді талап етіп отыр.

"Осы мектептер үш қызым әртүрлі ауысымда оқиды. Мектепті бес күндікке ауыстырып, үш ауысымды алып тастау қажет. Болмаса, сабақ уақытын қысқартсын", – дейді атыраулық ана Ләйлә Ыбырай.


Оқи отырыңыз: Өңірлерде әкімдіктер 155 мектептің құрылысына жер бөлмеген


Қаланың тағы бір тұрғыны Ақмаржан Бисенғалиева ауданда жыл өткен сайын бала саны артуына байланысты қосалқы мектеп ашу қажеттігі туындағанын айтады. Дегенмен, Атырау облыстық білім басқармасы биыл бұл мәселе шешілмейтінін алға тартып отыр.

"Мәселе өзекті, бірақ ол бірден шешіле қоймайды. Дегенмен біз бұл бағытта жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз. Әдістемелік көмек ретінде кестені қарап, сабақтардың уақытын қарадық. Сағаттарды біз қысқарта алмаймыз, өйткені мемлекеттік стандарттарды орындауымыз керек", – дейді Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Сәдуақасова.

Мектеп 600 балаға есептелген болса, қазір 2 мыңға жуық бала оқып жатыр. Сондықтан, бұл мәселе тек жаңа мектеп салынған кезде ғана шешілмек.

Атырау облысында мектеп тапшылығы өте өзекті мәселе. Қазірдің өзінде орын жетіспегендіктен, үш ауысымда оқытатын білім ошақтарының саны 11-ге жеткен.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары