Шығыс Қазақстан облысында отбасы институтын дамыту, бала құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолайсыздықтың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс іске асырылуда. Мемлекеттік қолдау шаралары ведомствоаралық тығыз байланыс пен қиындықтарды ерте анықтау қағидаттарына негізделген, деп мәлімдеді өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі.
"Жанұя" орталығы мен мобильді топтардың үйлесімді жұмысы
Өңірдегі негізгі үйлестіруші құрылым – "Жанұя" отбасын қолдау орталығының облыстағы 2 қала мен 11 ауданда арнайы бөлімшелері ашылған. Мұнда 35 білікті маман ҚР Әлеуметтік кодексі, "Неке және отбасы туралы" кодексі және бекітілген қызметтік ережелер аясында жұмыс істейді.
Тәуекел тобындағы отбасыларды дер кезінде анықтау үшін өңірде құрамына 500-ден астам адам кіретін 13 жедел ден қою мобильді тобы құрылды. Бұл топтардың көмегімен қызмет басталған уақыттан бері 867 отбасы есепке алынып, оларға әлеуметтік сүйемелдеу көрсетілді (оны ішінде: 2024 жылы – 324, 2025 жылы – 218, ал 2026 жылдың басынан бері – 325 отбасы). Сонымен қатар, жауапты мекемелердің бірлесуімен 741 рейд, 149 отырыс, 63 дөңгелек үстел және 43 семинар өткізіліп, нәтижесінде көмекке мұқтаж 13 мыңнан астам отбасының жағдайы тексерілді.
"Орталық ашылғаннан бері 3 мыңнан астам отбасына құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек берілді, оның ішінде 589 отбасы жылдың басынан бері өтініш білдірген. Тек 2026 жылдың ішінде өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға 1,9 мыңнан астам әлеуметтік қызмет көрсетілді. Тұрғындар тарапынан психологиялық кеңеске (1039), атаулы әлеуметтік көмек алуға (324) және жұмысқа орналасуға (209) қатысты сұраныстар жоғары болды. Бұған қоса, демеушілерді тарту арқылы 1500-ден астам отбасына азық-түлік себеттері таратылып, 172 отбасына жалпы сомасы 2,5 млн теңге көлемінде материалдық қолдау көрсетілді", – делінген жергілікті әкімдіктің хабарламасында.
Оқи отырыңыз: "Таза Қазақстан": ШҚО-да 2,8 мың гектар аумақ пен 42 мың аула қоқыстан тазартылды
Әлеуметтік көмек көрсету процесін оңтайландыру мақсатында FSM Social мобильді қосымшасы іске қосылып, оны қолдану бойынша өңірде 600-ден астам маман арнайы оқудан өтті. Цифрлық платформа арқылы келіп түскен 1264 тапсырманың 1141-і қысқа мерзімде орындалды. Айта кетерлігі, 2026 жылдың алғашқы екі тоқсанында тіркелген 223 шұғыл сигналдың 157-сі пробация қызметінен келіп түскен.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және дағдарыс орталықтары
Әйелдер мен балаларды қорғау және тұрмыстық қысым көрген азаматтарды оңалту бағытында облыста мамандандырылған мекемелер желісі жұмыс істейді. 2026 жылдың басынан бері "Жанұя" орталығына көмек сұрап 18 отбасы (18 әйел және 23 бала) жүгінген.
Өңірдегі негізгі паналау орындарының көрсеткіштері төмендегідей:
- "Үлбі" орталығы жанындағы дағдарыс бөлімшесі (Өскемен қ.): 2006 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан бұл мекеме 2025 жылы жаңа ғимаратқа көшіп, сыйымдылығы 30 орынға дейін ұлғайтылды. 2026 жылдың басынан бері бөлімшеге 857 адам хабарласқан: оның 182-сіне кеңес беріліп, 639-ы сенім телефоны арқылы көмек алды, ал 54 азамат 6 айға дейінгі мерзімге уақытша паналау орнына орналастырылды;
- "Аяла" дағдарыс орталығы (Шемонаиха қ.): 2023 жылдың қазан айынан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жұмыс істейді. Орталықта 2025 жылы 58 адамға (оның ішінде 41 балаға), ал 2026 жылдың басынан бері 20 азаматқа кешенді қолдау көрсетілді.
Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстан халқы үшін жұмыс күні таңғы 8:00-де басталып, кешкі 17:30-да аяқталады
Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл кешенді шаралар өңірдегі демографиялық тұрақтылықты сақтауға және ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей септігін тигізуде.