Тікелей эфир

"Су бағасы үш есе қымбат". Аймағамбетов мектеп асханасындағы бағаны тағы сынға алды

Оқу-ағарту министрі бұл мәселеге қатысты ережелерге нақты өзгерістер енгізілгенін айтты.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның аппарат жиналысында мектеп асханаларындағы тамақ пен сусын бағасының әлі де төмендемей тұрғанын сынға алды.

"Мектеп асханаларындағы баға дүкендегі және мектеп жанында орналасқан басқа да асханалардан қымбат болуы түсініксіз. Қалай мектептің асханасындағы жарты литр су не бір тоқаш дүкен не өзге асханалардан қымбат болады? Нарықтағы орташа бағадан бірнеше есе қымбат. Ол біз үшін ғана емес, миллиондаған ата-ана мен бала үшін түсініксіз. Сондықтан арнайы нормалар қабылданды. Біз бұл мәселені көтеріп, арнайы жұмыс тобын құрған болатынбыз. Осы нормалар бойынша жұмыс істеу керек", – деді министр.


Оқи отырыңыз:


Министр мәселені түбегейлі шешу үшін ережеге өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Енді асханалардағы тамақ өнімдерінің бағасы толығымен реттелуі керек және орташа нарықтағы бағадан жоғары болмауы тиіс. 

"Мектеп асханалары үшін сатып алу өткізгенде бағаның шарықтап кетпеуін бақылап отыру үшін оны электронды порталға қосымша ілу керек болатын шығар. Біз бағаны нарықтық емес механизмдермен ұстап тұру туралы айтып отырған жоқпыз. Бірақ, дүкендегі судың бағасынан мектептегі баға үш есе көп болса, бұл дұрыс емес", – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр бірқатар тиісті ұйымдарға жергілікті органдармен, басқа да үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе мониторинг жүргізіп, бір айдың ішінде қорытынды ақпарат беруді тапсырды.

Серіктестер жаңалықтары