Тікелей эфир

СҚО-да Алаш зиялыларына арналған мемориалдық кешен салынады

Мемориалдық кешен 3 жылда салынып, 2025 жылы ашылады.

Солтүстік Қазақстан облысында Алаш зиялыларына арналған мемориалдық кешен салынады. 240 га аумақты алып жатқан жерде музей, демалыс орны және этноауыл орналасады, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.

Алаш зиялыларына арналған мемориалдық кешен СҚО Жамбыл ауданы Благовещенка ауылының маңында бой көтермек. Бұл жердің таңдап алынуы кездейсоқ емес. Осыдан шамамен ғасыр бұрын – 1918 жылы елдімекен маңындағы Әлти қажының қонысында Міржақып Дулатов бастаған алашордашылардың ұйымдастырумен үлкен жиын өткен. Оған Алаш қайраткерлері, Көкшетау және Петропавл уездерінің болыстары, игі жақсылар қатысқан екен.

"1918 жылы Солтүстік өңірде большевиктер үкіметі құлап, негізгі билікті Алаш қайраткерлері қолына алған еді. Сол уақытта жаз айы – шілденің аяғында Петропавл, Көкшетау уездерінің 22 болысын жинай отыра жиын өткізеді. Алайда Сәбит Мұқановтың кітабында 10 мыңға жуық халық жиналды дейді. Тарихи маңызы зор жиында Алаш үкіметін құру және оның ары қарай қызметі, салық жинау, армия құру секілді үлкен мәселелер қаралды. Бұл деректік негізде анықталып, биыл бұл орын мемлекет тарапынан қорғауға алынды. Қазақстанның киелі жерлерінің жалпы ұлттық нысанына енгізілді. Бұл біздің болашағымыз. Егер біз тарихымызды білмесек, болашағымызды құра алмаймыз. Бұл біздің жаңа Қазақстанымыздың ілгері жылжуының бір қадамы деп санаймыз", – дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.


Оқи отырыңыз: Алаш зиялылары жайлы жаңа кітаптар жарық көреді


Бұл жерде мәдени-тарихи кластерді жүзеге асыру жоспарда бар. Осыған орай мемориалдық кешеннің орнына тасбелгі қойылды. Салтанатты іс-шараға Петропавл мен Қостанай қалаларының тарихшылары, ғалымдары қатысты.

Сурет: ҚазАқпарат

"Орынбордан Міржақып Дулатов басқарған Алаштың басшылары осында келіп, Алашты қолдайтын азаматтарымен, Алаштың филиалдарының басшыларымен жиналыс өткізді. Соған 150-200-дей өкіл қатысады деп жоспарланған. Ал шынында күллі осы маңайдағы бостандықты аңсаған – Көкшетау, Ақмола, Қорған, Омбыдан осы Қызылжар өңірінен, 10 мыңнан астам халық жиналған екен. Былтыр алғаш рет осы жерде халықаралық конференция өткіздік. Біздің, көрші мемлекеттердің ғалымдары, Алаш зерттеушілері қатысып, үлкен қарар, ұсыныстар қабылдадық. Соның бірі – осы қасиетті жерге мемориалдық кешен салу. Әлти қажы кезінде бай, бүгінгінің тілімен айтқанда меценат болған. Алаштың жиналысын ұйымдастырып, келушілерге жүзден астам киіз үй құрған. Алаштың басшыларын күтіп алып, аяғынан тік тұрып қызмет көрсеткен", – деді саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі Сабыр Қасымов.

Сурет: ҚазАқпарат

Оқи отырыңыз: Алаш арысы Әлихан Бөкейханның есімі Теміртау орталық мешітіне берілді


Кешеннің жалпы аумағы 240 гектарды құрамақ. Онда музей болады. Сонымен қатар ортадағы көл тазартылып, ол кейін демалыс орнына айналады. Сондай-ақ, этноауыл құрылады.

Алаш зиялыларына арналған мемориалдық кешен 3 жылда салынып, 2025 жылы ашылады.

Серіктестер жаңалықтары