SITA зерттеуі: Әуежайдағы ұзақ құжат тексеру жолаушыларды жалықтырады

Фото: SITA
Фото: SITA
Жолаушылар цифрлық өзгерістерге дайын, ал әуе тасымалы қызметін көрсетушілер ше?

2025 жылғы SITA Passenger IT Insights: Travelers’ Voice зерттеуі көрсеткендей, ұзақ шекаралық тексерулер, қағаз құжаттар және қолмен жасалатын операциялар қазіргі жолаушылардың үміт-тілектеріне сай келмейді.

Бүгінгі күннің жолаушылары цифрлық әлемде өмір сүреді: олар қаржысын, денсаулығын және қозғалысын смартфон арқылы басқарады. Алайда ұшақпен сапар шеккенде, олар әлі күнге дейін кезекке тұруға, құжаттарды басып шығаруға және бірдей әрекеттерді қайталауға мәжбүр.

Әуе көлігіне арналған ІТ-шешімдердің жетекші жеткізушісі SITA компаниясы жариялаған жаңа зерттеу жолаушылар мен авиация индустриясының цифрлық даму қарқыны арасында елеулі алшақтық бар екенін көрсетті. Жолаушылар қарапайым әрі ақылды сапарларға дайын, енді олар әуе тасымалының цифрлық трансформациясы жеделдетіледі деп күтуде.

Зерттеу 25 елдің әуежайларында 7500-ден астам жолаушы арасында жүргізілген. Сауалнама ұшар алдында және қонған соң бірден өткізілген. Респонденттердің талаптары түсінікті: олар сапарын жеңіл, сенімді және экологиялық таза еткісі келеді. Жеңілдіктер: 

  • кезекке тұру уақытын азайту; 
  • мультимодальды бағыттардың ыңғайлылығы; 
  • смартфон арқылы нақты уақытта алатын жаңартулар.

Сауалнамаға қатысқандардың шамамен үштен екісі әуежайлардағы процестердің жеделдетілгенін қалайды, ал 42%-ы әуе, автокөлік және теміржол қатынасын біріктіретін бірыңғай билетті қалайды. Мобильді құрылғылар негізгі құралға айналып отыр. Оларды пайдалану 2020 жылдан бері 20 пайыздық тармаққа артты.


Оқи отырыңыз: SITA әуе навигациясына арналған жылдам әрі қауіпсіз байланыс жүйесін ұсынды


Цифрлық ұрпақ – бүгінде саланың басты қозғаушы күші – жаңа стандарттарды қалыптастырып жатыр.

"Жолаушылар өзгерістерге қарсы емес. Олар әлдеқашан өзгерді. Олар цифрлық әлемге бейімделді. Енді кезек бізде. Авиацияның болашағы – тек жаңа технологияларды енгізуде емес, жолаушылар тәжірибесін барынша жеңіл әрі жағымды етуінде", – деді SITA бас директоры Дэвид Лаворель. 

Бұрын биометрия мен цифрлық құжаттар фантастика болып көрінсе, қазір көпшілік дәстүрлі тексеру бекеттеріне қарағанда биометриялық қақпаларды жөн көреді. Жолаушылардың 80%-ы төлқұжатты смартфонда сақтауға дайын, ал үштен екісі мұндай қолайлылық үшін қосымша ақы төлеуге әзір. Сарапшылардың болжауынша, цифрлық сәйкестендіруді пайдаланушылар саны 2029 жылға дейін 155 миллионнан 1,27 миллиардқа дейін өседі.

Мұнда жайлылықтан бөлек, тұрақты даму да басты назарда тұр. Респонденттердің 90%-ы көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту үшін көбірек төлеуге дайын екенін айтты. 

"Біз жолаушылардан сапарға бейімделуді сұраймыз. Ал олар керісінше – сапардың өзіне бейімделуді талап етеді. Бізде бұл үшін барлық құрал бар: биометрия, цифрлық құжаттар, нақты уақыттағы деректерді жинау және смарт-жүк қызметтері. Енді жалғыз нәрсе қалды – дереу әрекет ету", – деді Дэвид Лаворель.

Travelers’ Voice – SITA Passenger IT Insights 2025 зерттеуі SITA компаниясының IT Insights сериясына кіреді. Бұл топқа сонымен қатар әуе тасымалы мен жүкке қатысты есептер де енеді. Осындай зерттеулер он жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келеді және жолаушылардың үміттері қалай өзгеріп жатқанын көрсететін жаһандық көрсеткішке айналған.

Бұл зерттеулер авиация индустриясы уақыт талабына сай болуы үшін не істеу керектігін айқын көрсетеді: жолаушылар цифрлық өмір салтын әлдеқашан таңдаған және олар әуе тасымалынан да дәл осындай – қарапайым, сенімді және экологиялық тәжірибе күтуде.

Серіктестер жаңалықтары