"Қазгидромет" мәліметінше, 8 сәуір күні Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және еліміздің 16 өңірінде дауылды ескерту жарияланды.
Республика аумағында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде тұман түсіп, жел күшейеді.
Астанада жаңбыр жауып, күндіз найзағай күтіледі. Желдің жылдамдығы секундына 15 метрге дейін жетеді.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында жауын-шашын, тұман және екпінді жел болжанып отыр. Кей өңірлерде желдің екпіні 15–20 м/с дейін күшейеді.
Қарағанды мен Ұлытау облыстарында жаңбыр, найзағаймен қатар бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Сонымен қатар, бірқатар өңірде тұман түсіп, өрт қаупі сақталады.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында тұман күтілсе, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда, соның ішінде Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында нөсер жаңбыр, бұршақ және дауыл болжанып жатыр.
Тараз, Түркістан және Қызылорда қалаларында найзағай, желдің күшеюі және кей жерлерде бұршақ күтіледі.
Батыс өңірлерде де ауа райы құбылмалы болады: жаңбыр жауып, найзағай ойнап, желдің екпіні күшейеді.
Синоптиктер азаматтарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақ болуға шақырады.