Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев мектеп психологтарының жалақысын және құқықтық мәртебесін көтеруді ұсынды.
Ол Қазақстанда, әсіресе, ауылдық жерлерде психологиялық көмек көрсету жүйесі жеткілікті түрде дамымағанын атап өтті. Соның салдарынан мәселелер дер кезінде анықталып, жастарға психологиялық көмек көрсетілмейді.
Сенатордың айтуынша, балалардың психологиялық жай-күйі мен мінез-құлқындағы алғашқы проблемалар мектепке дейінгі және мектеп жасында анықталып отыр, сондықтан мектеп оқушыларына жеке қолдау көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға педагог-психологтардың ерекше назарын аудару қажет. Дегенмен, бұл салада проблемалар бар.
"Орташа есеппен 1500 бала оқитын мектептерде 60 сынып, ал 4500 және одан да көп оқушысы бар білім беру ұйымдарында 170-тен астам сынып бар. Яғни, бір психолог 2000-ға дейін оқушыға және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта психологиялық қызмет мамандарының жұмыс жүктемесі тым көп, сондықтан мұқтаждардың барлығына көмек көрсетуге уақыты жоқ", – деді сенатор.
Оқи отырыңыз: "Мектеп директорлары үндемей қалуға бейім". Бала құқығын кім және қалай қорғап жатыр?
Мәселені шешу үшін Ғалиасқар Сарыбаев мектеп психологтарының стандартты санын есептеуді қайта қарауды және сынып жинақтарының градациясына түзетулер енгізуді ұсынды. Депутаттың айтуынша, психологтар мектеп ұжымына ресми түрде сонау 1987 жылы енгізілген, бірақ олар әлі күнге дейін заңды мәртебесінен айырылған.
"Психологиялық қызмет мамандары тар профильдегі мамандар екенін ескерсек, оларды лайықты жалақы деңгейіне дейін жеткізу қажет", – деді депутат.